Ақпараттық портал

Мектеп оқушыларымен кездесу өтті

Заман көші алға озған сайын білім мен тәрбие саласында талап та күшейіп, сұраныс та түрленіп, түрлі әдіс-тәсілдермен толықтырылуда. Сол заман көшіне ілескен қоғам да қаншама ғасырларды, дәуірлерді, кезеңдерді, мыңжылдықтарды артқа қалдырып, жаңару мен жаңғыруға бет бұруда. Кезінде таң қылған дүниелер қаңсық болып, әр заманның тарихында қатталып қалып жатыр. Қазіргідей технология қарыштап дамыған дәуірде озық ойлы елдердің қатарынан қалыс қалмау үшін әлемдік тәжірибеге де сүйенуіміз қажет.

Соған сай түрлі жобалар мен бағдарламаларды мектептің жоспарына кіргізіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде жаңашылдықтан тартынбай, өзгерістерге бейім болуымыз қажет. Телефонға телмірген жасөспірімдердің санасына сәуле құяр игілікті істердің сара жолын салып, сол жолда тер төгу-баршамызға ортақ іс. Соңғы кездері бала тәрбиесіне тек білім ошақтары ғана емес, бірнеше құзырлы органдар назар аударып, бірлескен жұмыстарды жүргізуде.
Соның дәлелі, күні кеше ғана Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Кел, дос болайық!» акциясы шеңберінде «Оқушылар сарайы» базасында мектеп оқушыларымен кездесу өтті.
Кездесуге Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының психологиялық қолдау орталығының әдіскері Дәрібаева Гүлзира Лесбайқызы, Шу аудандық орталық ауруханасының қызметкері Утебаева Меруерт Серікқызы, Шу АПБ ЖПҚБ ЮПТ ЖҰЖ аға инспекторы Қыздарбеков Нариман Ақбергенұлы қатысты.
Сан алуан ойындарға арбалған жасөспірімдер қатыгезденіп бара жатыр деп әлем дабыл қағып отыр. Елімізде мектеп жасындағы балалардың арасында келеңсіз жайттар туындап жатқаны да жасырын емес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әйтсе де санасы уланған жасөспірімдер бір сыныпта оқитын сыныптастарына, тіпті ұстаздар қауымына тіл тигізгені былай тұрсын, қол жұмсап жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр.
Қазіргі таңда орын алып жатқан буллинг, лудомания, вандализм сынды жат қылықтарға жастарымыз бой алдырып, қадамын шалыс баспас үшін қолға алынып жатқан түрлі әдіс-тәсілдердің қатарында “Кел, дос болайық!” акциясы да жүзеге асып, өз нәтижесін беруде. Жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынасты нығайту, өзара түсіністік пен қолдауды арттыру, достық қарым-қатынас мәдениетін дамыту мақсатында ұйымдастырылған кездесу барысында оқушыларға психологиялық кеңестер берілді. Бұл акция жалпы білім беру ұйымдарында жыл он екі ай тоқтаусыз жүргізілетін болады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.