Байланыс мекемесінің ардагері марапатталды
Өңіріміздегі теміржол мекемелері аудан экономикасының дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына өзіндік үлес қосып келеді. Сондай мекемелердің бірі – Шу сигнализация және байланыс дистанциясы.
Тіршілік тынысы 1937 жылдан басталған дистансаның алғашқы басшысы Г. М. Волоконский болған. Ол кезде дистансаның қызмет көрсету аумағы Отар және Луговой станциясы аралығын қамтыған. 1959 жылы Шу станциясы бойынша диспетчерлік орталық ашылды. Шу-Отар телімі диспетчерлік басқаруға көшіріліп, бағыттамалар кілттермен жабдықталды. 1961 жылы 18-ші Шу сигнализация және байланыс дистанциясы болып аталып, полярлық жиіліктегі диспетчерлік орталық енгізілді. 1968-1969 жылдары Шу-Шығанақ учаскесіне 21, 23, 25, 26, 28, 29, 31, 32 жаңа айрықтар енгізілді. 1967-1970 жылдары ұлттық кадрдан алғаш болып дистанцияны Калтай Самбетов басқарады. Бұл кезең дистанцияның өркендеу жылдарының бірі болады.
Ал, 1972-1974 жылдары Шу-Отар учаскелері кабелдендіріліп, әуе байланыс желісіне ауыстырылды. Бәйшешек, Бел Шоқпар стансалары бойынша күшейткіш пункттер ашылды. 1973-1975 жылдар аралығында дистанцияның Шығанақ-Шу-Отар телімінде «Нева»-Л жүйесі енгізілді. 1980-1984 жылдары Шу-Отар учаскелері бойынша қосжолды қосындар салынды. 1981 жылы мекеме 4-ші Шу сигнализация және байланыс дистанциясы болып өзгертіледі.
Жылдар ағымында дистансаның атауына да, қызмет көрсету аумағына да бірнеше өзгерістер енгізіліп, 2007 жылдың қаңтар айынан бастап мекеме «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жамбыл магистралды желі бөлімшесі» филиалының Шу сигнализация жане байланыс дистанциясы болып аталады.
Шекарасының ұзындығы 326,52 шақырымға созылған Шығанақ пен Отар станцияларының аралығын қамтиды. Негізгі мақсаты – қызмет көрсету телімінде сигнализация құрылғыларының қалыпты жұмыс істеуін қадағалап, пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Жалпы, дистанция өз учаскесінде бағыттамалар мен бағдаршамдардың қалыпты жұмысын қадағалайтын мекеме болғандықтан олардың күтіміне ерекше көңіл бөлінеді. Дистанция бойынша 435 бағыттама, 835 бағдаршам, 286 заманауи «АЛСТОМ Р-30» элктржетектері және 17 КТСМ-2 кұрылғылары қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда дистанцияда 256 адам жұмыс істейді. 123 зейнеткер есепте тұрады. 2000, 2007, 2015 жылдары дистанция ұжымы өндірістік көрсеткіштері бойынша Қазақстан теміржолында істейді. 123 зейнеткер есепте тұрады. 2000, 2007, 2015 жылдары дистанция ұжымы өндірістік көрсеткіштері бойынша Қазақстан теміржолындағы салалас мекемелер арасында жүлделі бірінші орынды жеңіп алған. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап дистанцияға Баялиев Нұрлан Арғынбайұлы басшылық жасап келеді.
Қызметі жалпы ел өмірімен байланысып жатқан Шу сигнализация және байланыс дистанциясында жергілікті жұртшылық өкілдері де талай жыл табысты еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда осы ортадан зейнетке шығып, жұмыстың басым бөлігі қол күшіне негізделген өткен ғасырдағы бейнетті күндерді бастан өткерген ардагерлер қауымы да айтарлықтай. Солардың бірі – Абишев Аскербек Бодауұлы. Ол 1956 жылдың ақпан айында Жамбыл облысы, Шу ауданы, Шу қаласында дүниеге келген. А.С.Макаренко атындағы мектептен орта білім алып, кейін Алматы теміржол техникумына оқуға түседі. Аталған техникумды «Теміржол көлігіндегі автоматика және телемеханика» мамандығы бойынша 1975 жылы аяқтайды. 1977 жылы әскери азаматтық борышын өтеп келген соң, Алматы темір жолына қарасты Шу сигнализация және байланыс дистанциясына электромонтер болып жұмысқа орналасады. Мұнда электромеханик, техникалық қауіпсіздік инженері болып жұмыс істейді. Ал, 1978 жылы дистанцияда диспетчерлік орталық ашылған кезде осында байланыс диспетчері болып ауысады. 1979 жылы диспетчерлік орталық басшысы болып тағайындалады. Асқар Бодауұлы осы қызметті табаны күректей 37 жыл атқарады.
А.Б.Абишев еңбек еткен жылдарында өзін тек техникалық тұрғыдан сауатты, кәсіби білімді, бастамашыл, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, талантты маман ретінде көрсете білді. Оны ерекшелендірген басты қасиеті – қатаң еңбек тәртібін орнықтыруы еді. Талапшылдығы, жүктелген тапсырманы аса жоғары жауапкершілікпен атқара білуі, еңбек және технологиялық тәртіпті сақтай отырып, оны өзгелерден де қатаң түрде талап етуі басшылық болмысының қырын аша түскендей. Темір жол саласындағы жалпы еңбек өтілі 42 жылды құрайтын ардагер теміржолшы 2019 жылдың наурыз айынан зейнет демалысында.
Еңбек еткен жылдарында жұмысқа деген жоғары жауапкершілігі мен белсенділігі және еңбектегі үлгілі көрсеткіштері үшін теміржол жоғарғы басшылығынан көптеген грамоталар мен алғыс хаттар иеленді. 2016 жылы Қазақстан теміржолының ең жоғары марапаты болып саналатын «Құрметті теміржолшы» төсбелгісін кеудесіне тақты.
Аскербек Бодауұлының марапаттар тізбегі жуырда тағы да толыға түсті. Атап айтқанда, теміржол саласында өзіне жүктелген міндеттерді абыройлы атқарып, теміржол саласының қалыптасуы мен дамуына қосқан зор үлесі үшін «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Орталық ардагер теміржолшылар кеңесінің Алғыс хатына ие болды. Астана қаласынан арнайы жеткізілген марапатты Абишев Аскербек Бодауұлына Шу сигнализация және байланыс дистанциясы ұжымы алдында Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы табыстап, марапат иесінің иығына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді.
Ақ тілекке болат жолдың бойындағы еңбеккерлер, кейінгі әріптестері де қосылып, бірқатар азамат жылы лебіздерін білдірді.
Динара Батырхаирова.