Ақпараттық портал

Сәкен сері біздің елде болған

«Жамбыл-Тараз» қоғамдық-саяси газетінің ағымдағы жылғы 28-наурыз күнгі жиырма төртінші санында жарық көрген «Сәкен серінің Таразда тұрғанын білесіз бе?» атты мақаланы оқып, ойға қалдым. Әр заманның өзіндік келбеті болады. Соның бірі – халықты аузына қаратқан өнерлі, білімді азаматтары. XX ғасыр біздің қазақ халқы үшін алтын ғасыр болды. «Заманына қарай адамы» дегендей, қазақ халқында да небір айтулы жігіттер туылды.
Соның бірі – көзі ашық, көкірегі ояу, ақын, қайраткер Сәкен Сейфуллин еді. Жаңаарқаның тумасы тарихты, шежірені жақсы білген. Кенесары ханның ақ патшаға қарсы соғысының қайдан басталып, қай жерде аяқталғанын, сол соғысқа қатысқан батыр аталарымыздың «Көкала аттың жолы» деген жолмен қырғызға асқанын, қиян-кескі соғыста сүйектерінің қай жерде қалғанын, сол атадан қалған ұрпақтардың қай жерде, қай маңда мекен еткенін жақсы білген.
Сол заманда елін, жерін сақтап қалуға үлес қосып, азаттық іздеген ерлердің бір ұрпағы Кененбай Бармақов еді. Ол 1900 жылы Әулиета уезі Шу аймағының Аша болысында (қазіргі Шу ауданы, Алға ауылында) дүниеге келген. Меркідегі орыс-қазақ мектебінде білім алған. 1916 жылғы халық көтерілісіне және Тұрар Рысқұловтың басшылығымен ұйымдастырылған «Қазақ жастарының революциялық одағының» жұмысына белсене қатысқан. 1919 жылы партияға өткен Әулиеата уездік милиция бастығы болған. 1921 жылы Пішпек уездік милиция бөліміне ауысып, Қазақ-қырғыз автономиялық облысы құрылған соң, бұрынғы қызметіне қайта оралады. 1927 жылы Орал губерниялық сауда басқармасының бастығы, 1928-1929 жылдары Алматыда «Қазақ орман» кеңесінің төрағасы, Қазақ АҚСИ орталығының атқару комитетінің мүшесі, 1932-1935 жылдары Алматыда республикалық сауда мекемесінің бастығы болып қызметтер жасайды. 1936-1937 жылдары Шығыс Қазақстан облысы атқару комитетінің жауапты қызметкері, Семей қаласының атқару комитетінің жауапты қызметкерінің төрағасы болып жүргенде «Халық жауы» деген жаламен ұсталып, атылып кетеді. Осындай өзімен ниеттес азаматтың туып-өскен еліне келіп, әрі қарай Әулиеатаға асуды жөн көрген Сәкен Сейфуллин Төлеубек деген арғын жігіттің аздаған малын айдасып, Шуға жетеді. Шуда оны Шымырқұл Толымбеков, Мыхмет Ауғанбаев секілді азаматтар күтіп алады. Шымырқұл атамыз Әулиеатадағы мұғалімдер мектебін бітірген. Тұрар Рысқұловпен бірге жұмыс жасаған. Меркідегі Ревкомда ірі қызметкер болған. Мыхмет атамыз Әулиетадағы арнайы колхоз басшыларын даярлайтын мектепті бітірген. Әулиеатада ревизиялық комиссияны басқарған. Кейін Молотов, Аманкелді колхоздарына басшылық етті. Шу жерінде аптадан артық қонақ болған Сәкен атамыз Таразға жүрер алдында ел жақсыларына Төлеубекті тапсырып, қорған болуларын сұрайды. «Енді елге қайта барса, ол жақтағылар бұны өлтіріп қояды. Одан да өз бауырларыңыз ғой, осында қалсын» деп сұранған екен. Сол Төлеубек атамыз өмірінің аяғына дейін осы Аманкелді ауылында болды. Біз ол кісіні көрдік, «қауыншы» ата деп атайтынбыз. Таразға барар жолда өкіметтен қашып, жауыз болып жүрген ұры-қарылар көп болды. Сәкеннің қасына жолбасшы болып Шымырқұл ереді. Қорғаушы болып бір-екі жігітімен Боқбасар батыр бақылап отырады. Жаңабай ұлы Боқбасар атамыз зор денелі, өзінің тау күрең деген атынан басқа ат ұзаққа шыдамайтын қамшыгер жігіт екен. Қаңтарда шабынған бураны қамшымен бір-ақ ұрып құлататын алып батыр, талай жиында топ жарған жігіт болған. Осындай азаматтардың ортасында болған Сәкен ел тынысын танып-біліп, Ақбөпе анамыздың өмірімен танысып, «Сауытбектің ұлуы» деген ән шығарады. Қазіргі Аяздың айтуынша, «Сауытбектің салған әні» деген ән сол Сәкеннің әнімен тағдырлас ән.
Сәкеннің Әулиеатаға келген себебі Қабылбек Сармолдаевпен кездесу еді. Қабылбек Сармолдаев, Тұрар Рысқұлов, Кененбай Бармақов үшеуі Меркідегі орыс-қазақ мектебінде білім алған. Сәкеннің қасында жолбасшы болған Шымырқұл осы Әбдіхалықтың қолында Әулиетада мұғалімдер мектебін бітірген жаңаша да, ескіше де хат таныған. Шымырқұл Толымбеков Қалмағанбет Танкинмен ара-қатынастары жақсы болған. Сәкенге қамқор тіреу болатындықтан, осында орналасқанын құп көрген. Сәкенге қамқор болғандардың бірі Қалмағаттың бажасы Бұралқы Сұлтанбеков еді. Бұралқы атақты бай, меншігінде зауыты бар, сол елдің ержүрек, батыл баласы болған. Сәкен Әулиеатада екі ай тұрып, Алматыға жолға шығады. Тағы да қасына жолбасшы етіп Шымырқұлды алады. Жолсерік қылып Аманбай тігіншіні, жасырын жолдарды жақсы білетін Күнту руынан шыққан Қосыбайды, Шоқпардан Мәлібекті, Аққожа деген молда кісіні ертеді. Ілияс Жансүгіров ол кезде Боралдайда екен. Сол жерден аңдып жүрген жаулары бәрін ұстайды. Сәкен қанша қорғаштап, бұлар жолдан қосылған, жәй жүргінші десе де болмай, бәріне он жылдан жаза кесіп, соттап жібереді. Новосибирскіге айдалған төртеуі бір колонияда болған. Шымырқұл атамыз балалар колониясындағы балаларға орыс тілі сабағынан сабақ береді. Ал Аманбай атамыз колониядағы балаларға аяқ киім және тон тігіп беріп, кесікті жылының алты жылын өткізген. 1944 жылы ақталып шығады.
Сол 1944 жылы әскер қатарына қайта шақырылып, Новосибирскіге қайта барады. Әскер қатарында жүргенде денсаулығы сыр беріп, госпитальға екі аяғынан баса алмай жетіп, әскерге жарамсыз деп танылып, елге қайтады. Сол кісілердің жанында болған Аманбай атамызды көрдік. Ол кісі біздің үйде жатып, менің әкем Баялыға тон тігіп берді. Сол кісіден қалған тігін машинасын біз 2005 жылға дейін пайдаландық.
Шымырқұл атамыз «Сәкенді жауыздар атқан жоқ. Сібірдің қақаған суығында жеңіл киіммен далаға алып шығып тергеу жүргізетін. Сол азаппен суықтан кетті»,-деп отырушы еді. Сәкен серінің өмірінің соңы неге екені белгісіз, өзі жазған «Тар жол тайғақ кешу» шығармасында айтылмаған. Сол себепті Сәкенмен бірге болған серіктері туралы мақала жазуға бел будым. Шу елі шежірелі тарихы бар өлке. Біз, аға буын өкілдері естігенімізді, көңілге түйген шындықты кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде қалдыру парызымыз деп есептеймін. Өйткені жастар ата-бабаларының өткен тарихын білмесе, болашағын болжай алмайтынын өмірден көріп жүрміз. Мен еске алып, жазып отырған аталар өз заманының озық ойлы азаматтары болған. Ол кісілердің ұрпақтары біздің ауылда тұрып жатыр. Менің мақсатым – аталарымыздың бір-біріне деген сыйластығын, мейірбандылығын, бауырмалдылығын, қиын-қыстау кезде көрсеткен көмегін нағыз ерлік ретінде елге жеткізу. Жастар сол аталарымыздың адамгершілік қасиеттерін бойына сіңіріп, көңілдеріне тоқыса, патриоттық сезімдері оянып, елге қызмет етуге үлкен үлес қосары сөзсіз.

Күмісхан Баялиев,
Алға ауылдық «Әкелер кеңесінің»
төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.