Ақпараттық портал

Ертегі айтар әжесі жоқ елдің ертеңі де жоқ…

Біздің қазақ халқы тумысынан талантты, дарынды әрі сөзге тоқтаған халық. Жазу-сызу пайда болмай тұрғаннан-ақ, халық ауыз әдебиеті қалыптасып, түрлі ертегі, жыр ел аузында тараған. Орыстың жазушысы Максим Горькийдің “Қазақ алтын сандықтың үстінде отыр” деуінің өзі, біздің рухани байлығымыздың мол болуын аңғартып тұрғандай. Өткен тарихқа үңілу арқылы болашаққа нық қадам басамыз, сондықтан халық ауыз әдебиеті қалыптастырған ертегі, аңыз-жырларымызды өскелең ұрпақтың санасына тоқып, құлағына сіңісті қылуымыз керек.
Ақ пен қара, жақсы мен жаман, жомарт пен сараң, еңбекқор мен жалқау, қайырымды мен қатігез сынды қасиеттердің парқын бала санасына бесіктен сіңіру үшін не істеу керек? Әрине, сол ұғымдарды құлаққа сіңісті ету үшін баланың сенгіш кезінен ертегі арқылы бойына дарытып отыру маңызды.

Осыған орай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында Оқу-ағарту министрлігі ұсынған “Біртұтас тәрбие” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түрлі деңгейдегі іс-шаралар өтуде.
Соның жарқын көрінісі “Даналық мектебі” клубы жұмысын жандандыру болып табылады. Соның негізінде аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен, “Әжелердің өшпейтін өнегелі үлгісі” атты кездесу өтті.
Кездесу барысында “Әжелер ертегілеріне саяхат” атты танымдық сағаттарын ұйымдастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ұлттық нақышта киініп келген әжелеріміз құр қол келмей, бай халық ауыз әдебиетіндегі әртүрлі тақырыптағы ертегілерді жинақтап келген.
“Біртұтас тәрбие” бағдарламасындағы 6 құндылық бойынша әр мектептің әжелері Отан, туған жер, ел, еңбек, тәртіп, әдеп, түрлі адамгершілік қасиеттерді дәріптейтін ертегілерді ұсынып, алдағы уақытта өскелең ұрпақтың бойына адалдық ұғымын сіңдіру бағытында жұмыс жүргізуге уағдаласты.
Ауылдың алты ауызы болған ақ жаулықты әжелер жауыр болған “Жеті лақ”, “Бауырсақ”, “Шалқан” ертегілерін айтқанша, Ыбырай Алтынсариннің мәні зор ертегілері мен әңгімелерін айту арқылы қазақи болмысымызды қалыптастыра алатынымызды сөз етті.
Кездесу барысында “Ұлағат отауы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, ардагер ұстаз Гүлжаһан Кәрібайқызы да сүбелі ойларын айтып, бала тәрбиелеу ісінде әжелердің рөлі зор екендігін тілге тиек етті. Ең бастысы, қазақ тілінің шұбарланбауына, бөтен сөзбен былғанбауына, бұрмаланбауына әжелердің еңбегі зор екендігін алға тартты.
Тағылымы мол шараны жүргізген осы жолдардың авторы Айғаным Рымбекқызы “Ұстаз деген ұлы қызметті абыроймен арқалаған педагогтарға берілетін ең жоғарғы марапат «Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін» алуды ойлайтын әрбір жан ең алдымен қазақ даласына мектеп ашқан, «Кел, балалар оқылық!» деп білім алуға шақырған ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің еңбек жолы мен шығармашылығын жатқа білуі тиіс деп ойлаймын.
Ертегі, аңыз, әңгіме, батырлық, ғашықтық жырларды оқу, я болмаса тыңдау қай жаста болмасын адамдар үшін қызық. Ыбырай атамыздың ертегі, әңгімелеріне ден қойып оқыған күннен бастап әрбір бала үнемшіл, қанағатшыл, әдепті, мейірімді, жалпы айтқанда адамгершілігі мол тұлға болып өседі. Тәрбиенің ақсап тұрған шағында дер уағында қолға алып, жұмыс жүргізуге тұрарлық тәрбие құралы- ағартушы Ыбырай атамыздың ертегі, әңгімелері деп ойлаймын”, – деп өз ойын қосты.
Таяқтың екі ұшы болатынындай, тәрбиенің де екі жолы бар. Бір жол баланы даналыққа жетелесе, ал екінші жол бетімен кетуге итермелейді. Даналық мектебінің басты идеясы да сол. Ең алдымен балабақша мен мектепте “Әжелер мектебінің” ең басты міндеті “Әжелер ертегілеріне саяхат” айдарын жандандыру арқылы тәрбие ісіне үлес қосуды қолға алу болып табылады. Зере әжесі болмаса, Абай Абай болар ма?! Қызтумас әжесі болмаса, Бауыржан Бауыржан болар ма? Айша анасы болмаса Шерхан Шерхан болар ма? Танымы кең тұлғаларымыздың қай-қайсының өмір жолына зер салып қарасаңыз, әжелерінің, аналарының үлесі зор…
Сондықтан аналарымызды бесік жырын айтуға, әжелерімізді ертегі оқып беруге дағдыландырсақ, ұтарымыз көп. Телефонға телмірген балалардың санасы таяз болса, бесік жыры мен ертегі тыңдап өскен балалардың санасы сергек, қиялы жүйрік, ойы озық болары ақиқат. Қай жол бізді жақсылыққа бастайтынын оқырман жақсы ұғынады деп ойлаймыз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.