Қаржыгерлерге құрмет көрсетілді
Еліміздің қаржыгерлері жыл сайын 15 қарашада төл мерекелерін атап өтеді. Себебі осыдан 31 жыл бұрын ұлттық валюта туралы жарлыққа қол қойылып, ел аумағында теңге айналымға енгізілді. Сол уақыттан бері төл теңгеміз тұғырлы тәуелсіздіктің, ел егемендігінің айбарына айналды.
Әрине, қаржыгер болу жауапкершілігі зор жұмыс. Себебі сеніп тапсырылған әрбір тиынды өз орнына жұмсап, мемлекеттік жүйеге мүлтіксіз қызмет ету оңай шаруа емес. Сондықтан аманат арқалаған жандар әрқашан құрметке лайықты.
Аталмыш кәсіби мерекеге орай, аудан әкімдігінің мәжіліс залында салтанатты жиын өтіп, қаржы саласының қызметкерлері құрметке бөленді. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков сала мамандарының еселі еңбектерін жоғары бағалап, өңір экономикасына қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.
-1993 жылы Президент Жарлығымен Ұлттық валюта – теңге айналымға енді. Бұл күн Қазақстан тарихындағы атаулы күндердің біріне, ал, теңге – біздің ел Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігіміздің басты белгісіне айналды.
Бұл орайда қаржы органдары қызметкерлерінің еңбегін атап өтпеске болмайды. Сіздердің аудан әлеуетін арттыруға жұмсаған жігерлеріңізге алғыс айтып, еңбектеріңізді ерекше бағалаймыз.
Бұл күн еліміздің қаржы саласында еңбек етіп жүрген барлық азаматтар үшін маңызды әрі ерекше мереке. Еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен өркендеуіне сіздердің қосқан үлестеріңіз орасан зор. Әр күн сайын аянбай еңбек етіп, ел экономикасының дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер,-деді Серік Жұмалыұлы.
Жылы лебіздер соңы марапаттау рәсіміне ұласып, ауданның әлеуметтік-экономикалық динамикасына оң септігін тигізіп, қаржы саласының қарқынды дамуына атсалысқан мереке иелеріне “Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Сондай-ақ, бірқатар қаржыгерлер аудандық мәслихат пен “AMANAT” партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды.
Өз кезегінде құрмет құшағына бөленген қаржыгерлер ізгі ілтипат көрсеткен аудан басшылығына алғысын білдіріп, әріптестеріне ақжарма тілегін жеткізді.
Шу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының 9 айлық көрсеткішіне сәйкес сауда айналымы – 19,5 млрд теңгені құраса, аудан бюджетінің кіріс бөлігі бойынша 12,2 млрд теңге түскен. Ал шығыс бөлігі бойынша көрсеткіш 10,7 млрд теңгеге жеткен.
Байжан Емберді.