Қоғамның әр мүшесі қымбат
Осы аптада Халықаралық зағиптар күні аталып өтті. Бұл дата 1745 жылдың 13 қарашасы күні Валентин Гаюидың дүниеге келген күнімен байланысты. Ол Париж бен Петербургте зағиптарға арналған бірнеше мектептің іргетасын қалаған танымал педагог. Мейірімді жанның есімін жаңғырту мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының шешімімен осы күн жанары көрмейтін жандардың күні болып бекітілді.
Атаулы күнге орай ауданымызда іс-шара өтіп, көзі әлсіз көретін және мүлдем көрмейтін азаматтарға ақ дастархан жайылды. Жеке кәсіпкер Грияда Толкумбаеваның иелігіндегі “Бастау” мейрамханасында өткен мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков ауданның әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар шулықтарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын тапсырды.
Сондай-ақ зағип жандарға зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеп, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков пен аудандық мәслихат төрағасы Жасұлан Әбенов асыға жетті. Өзінің ізгі тілегін жеткізген аудан басшысы мереке иелеріне қоғамдық шараларға белсене қатысып жүргендері үшін алғысын жеткізді.
-Біздің қоғамымыздың маңызды міндеті – әрбір азаматқа қолдау көрсету, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және олардың лайықты өмір сүруіне барлық жағдайды жасау. Осы орайда, өңірімізде зағип және көру қабілеті төмен азаматтарға қажетті жағдайлар жасау, инфрақұрылымды бейімдеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді,-деді Бақытжан Оразалыұлы өзінің лебізінде.
Сонымен қатар, шара соңында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналғандардың құлақ құрышын қандырды. Атап айтқанда, аға буынға арнап Ермахан Азаматов бастаған әртістер қоңыр домбыраның күмбірін естіртті. Кереметтей кештен ерекше әсер алған мүмкіндігі шектеулі шулықтар ұтымды ұйымдастырған шара үшін аудан басшылығы мен дегдар демеушілерге өз алғысын білдірді.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жиналған қауымға “Шу қайырымды жандардан көмек” қорының жетекшісі Шолпан Балқожаева азық-түлік себеттерін таратты. Сонымен қатар көпшіліктің көңілін серпілткен кештің өтуіне мұрындық болған аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі екенін атап өткен жөн.
“Қазақ соқырлар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің Шу ауданындағы өкілдік басшысы Айгүл Турдалиеваның айтуынша, өңірлік ұйымға 60 адам тіркелген. Олардың арасында I, II, III топ мүгедектігі бар азаматтар бар.
Байжан Емберді.