Жасыл ел – жастар тірегі
Өмірге перзент шыр етіп келген күннен-ақ құлағына әлди әуенмен “Сұрауы бар судың да” деп үнемшілдік қасиетті дарытатын текті халқымыз ұрпағы есейе келе оның бойына “Бір тал кессең, он тал ек”, “Атадан мал қалғанша, тал қалсын” деп оңды тәрбиені дарытып, табиғатпен үндесуге баулиды. Биология, география сияқты ілімдер шықпай тұрып-ақ орманның қажеттілігін білген ата-бабаларымыз көктем келісімен жас бұтаны жерге тігіп, оның пайдасы ұшан-теңіз болатындығын дәлелдеп кеткен. Тамырын тереңге жайған ағаштар жердің бұзылуынан, ауаның бұзылуынан сақтап, экологияға оң әсерін тигізеді.
Соны жақсы білген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканың басты бағыттарының бірі ретінде көгалдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды негізге алып, 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын бастаған болатын. Көміртегінің жұтылуын арттырып, шөлейттенуді тежеу мақсатында бес жылдың ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш және елді мекендерге 15 миллион ағаш егу жөніндегі ауқымды жұмыс жүзеге асырылып жатыр.
«Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбегейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға азаюға тиіс. Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз», – деп тапсырды Мемлекет басшысы өз Жолдауында.
Сөз басында табиғатты қорғау, қоршаған ортаға қамқорлықпен қарау, сарқылмастай көрінетін тіршілік көздерін үнемді пайдалану мәселелерін көтеріп, өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісін тектен-тек тілге тиек еткен жоқпыз. Қазақстандық білім беру саласында жасыл экономиканы дамыту, экологияны сақтау бойынша түрлі жобалар жүзеге асырылып, білім алушылардың арасында экологиялық сауаттылық артуда. Әрине, табиғатқа жауапкершілік-пен қарау, балаларда экологиялық сананы қалыптастыру – өте күрделі және ұзақ процесс.
Шу ауданының білім бөліміне қарасты жалпы білім беру ұйымдарында экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған “Экодизайн”, “Жас эколог”, “Экология әлемі”, “Өлкетану” сынды үйірмелер бар. Бұған қоса, мектептен тыс 1 мекеме, яғни “Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығы” бар. Қазіргі таңда жалпы білім беру ұйымдары “Жасыл клуб” жобасы бойынша жұмыстар жүргізуде. Өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, бау-бақша егу істерімен жақын таныстырып, жасөспірімдердің биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы білімін кеңейту және қызығушылығын арттыру, еңбекке баулып, оқу орындарын көгалдандыруға үйретуге бағытталған жобаның берері көп. Мектеп басшылығы осы арқылы биология және өсімдік шаруашылығы саласындағы балалардың білімін кеңейтуді, экологиялық қағидаттарды ұстануды және еңбекке құрметпен қарауды қалыптастыруды көздейді.
Қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуде оқушылардың әлеуметтік белсенділігі артады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын егіп, оны баптауға машықтанады. Бұл – балалар үшін өте пайдалы іс.
“Жасыл клуб” мүшелері «Табиғатты аяла», «Декорбонизация и Я», «Жер амбассадорларының құрылтайы», «Таза таңы», «Гүлдер күні», «Экологиялық пошта», «Тамшы», «Менің отбасымдағы жануарлар» бағыттары бойынша жұмыс жүргізуде.
Қазір суға қандай тәуелді болсақ, жарыққа да соншалықты тәуелдіміз. Өмірдің ең басты нәрі-су түгесілер болса, өмір жалғасын табады деп айту мүмкін емес. Судың көздерін де, энергия көздерін де байыппен, үнемділікпен жұмсамаса, ресурстардың шектелетін күні жақындай бермек. Сондықтан өскелең ұрпақтың санасына үнемшілдік қағидасын бекітіп, өмірге ең керекті ресурстарды бағалай білуге тәрбиелеуіміз қажет.
Осыған орай, былтырғы жылдан бастап «Балалар-жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығының» ұйымдастыруымен, «Жер сағаты» экологиялық акциясы өткізілуде.
Экологиялық акция барысында аталған мекеменің үйірме жетекшілері ашық сабақ, тәрбие сағат, дөңгелек үстел өткізіп, тренингтар ұйымдастырып, өткізеді. Өткізілген іс-шаралар барысында экологиялық мәселелерді жасыл инновацияларды ілгерілету, қалдықтарды азайту, қайта пайдалану және қайта өңдеу, су мен электр энергиясын үнемдеу, бір рет қолданылатын пластмассалардан аулақ болу және табиғи ресурстарды сақтау үшін қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату арқылы шешуге болатынын жеткізеді. Сондай-ақ бір мезетте жарық сөндіріліп, оқушылар соған сай әрекеттер жасады. Акция шарты бойынша сағат 20:30-дан 21.30-ға дейін жарық пен тұрмыстық электр құралдарын өшіру керек.
Қазіргі жастардың ерте жастан түрлі ауруларға шалдығуына бірнеше факторлар әсер етуде. Ең алдымен қоршаған ортаның ластануы мен қоғамның экологиялық мәселесі алаңдатарлық жағдайда. Бұл мәселелердің туындауына ең алдымен өзіміз себеп болудамыз. “Бір тал кессең, он тал ек” деген қағиданы ұстанып, ортамызды жасыл желекке орауды бала күннен санаға сіңіруіміз керек. Түрлі зауыттардың будақтаған түтіні, әрі-бері ағылған көліктерден бөлінетін улы газдар да қоршаған ортаны ластауда. Түрлі қоқыс қалдықтарын ерсілі-қарсылы шашып, жолында кездескенін еңкейіп алуға ерінетін жастар көп. Пластикалық әрі қаңылтыр құтыдағы зиянды сусындарды ішіп, шегілген темекі тұқылдарын тұрған жеріне тастап, жүріп кете береді. Табиғат ананы аялауға бағытталған іс-шаралар көптеп өтіп жатса да, жастар арасында тазалық мәдениеті әлі де қалыптаспаған. Сондықтан экологиялық сауаттылықты арттыруға бағытталған жобаларды лайықты жүзеге асырып, жастарымызды жасыл экономикаға үлес қосуға баулиық!
Айғаным Асқарбек.