Ақпараттық портал

Кезекті оқу-жаттығу жиыны

Апаттың айтып келмейтіні әу бастан-ақ белгілі. Сондықтан азаматтық қорғаныс саласы кез келген сәтте сақадай сай болуы қажет. Ол үшін оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізіп, әзірлікті пысықтап алған артықтық етпейді.

Осыған байланысты Шу ауданының аумағында аталмыш сала бойынша кезекті оқу-жаттығу жиындары өткізілді. Өңір орталығындағы алаңда сапқа тұрғызылған тиісті құрылымдарды Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғау басқармасының бастығы Ж.Абдуллаев пен аудан әкімінің орынбасары Серік Сәрсенбеков тексеріп шықты.
Одан бұрын аудандық жедел штаб жетекшісі Серік Жұмалыұлы мен штаб мүшелері, мүдделі бөлім басшыларының қатысуымен мәжіліс өтіп, аталған шараға байланысты мәселелерді талқылап алды.
Аталмыш жиынның мақсаты – өңірдің азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін басқару органдарының, төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның, авариялық-құтқару қызметтерінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі туындаған кездегі іс-әрекеттеріне баға беру мен бақылау.
Азаматтық қорғау майоры Ж.Абдуллаев әр ұжымның тұсына келіп құрал-жабдықтарымен танысып, өз ескертпелерін жеткізді. Одан соң жалпы аудандық сейсмо жаттығу өткізілді. Бұл жаттығу меншік түріне қарамастан ауданның барлық ғимараттарында жүргізілді. Яғни, дабыл қағылғаннан кейін мекеме қызметкерлері далаға шығып, қауіпсіз орынға орналасты.
Бұдан кейін жер сілкінісінің салдарын жою, тұрғын үй өртінен адам құтқару және теміржол көлігіндегі химиялық апат салдарын жою жөніндегі жаттығу ұйымдастырылды. Аталмыш әрекеттер кезінде әуелі құлақтандыру, эвакуациялық іс-шаралар мен жинақтау пунктін өрістету, апаттық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу элементтері ескерілді. Сонымен қатар облыстық ТЖД бастығының орынбасары Р.Орынбеков жаттығу барысындағы кемшіліктерге тоқталып, мұндай іске тиянақты болу керектігін тапсырды.
– Жамбыл облысының аумағында азаматтық қорғау саласында оқу-жаттығулар мен жаттығулар өткізудің 2024 жылға арналған іс-шара жоспарына сәйкес және облыс әкімінің атына енгізілген қызметтік хатқа орай Шу ауданының басқару органдарымен, күштер және құралдарымен кешенді оқу-жаттығуды өткізу тапсырылған. Осыған байланысты бүгін КОЖ өткізіліп, бірқатар практикалық іс-шаралар өтті,-деді Ж.Абдуллаев.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.