Сала жұмысының алға басуына тың серпін
Жуырда елорда төрінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен ауыл шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің үлкен форумы өткені белгілі. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен мамандар қатысты. Бұл шараның Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өткізілуі осы сала еңбеккерлеріне үлкен жігер сыйлағандай. Аталмыш форумға біздің ауданымыздан да бірқатар азаматтар қатысып, ерекше әсер алып қайттық. Форум барысында республиканың ауылшаруашылығы саласына қатысты көптеген өзекті мәселелер көтеріліп, тың бастамалар жайы сөз болды. Сондықтан бұл форумның сала еңбеккерлері үшін маңызы зор деп білемін.
Ел Президенті жиылған қауымды әуелі ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Мұнан кейін ауылшаруашылығы саласының тыныс-тіршілігіне қатысты бүгінгі таңда орын алып жатқан тың өзгерістерді атап өтті.
«Қазақстан аз уақыт ішінде әлемдегі ең астықты елдің біріне айналды. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарды, елді мекендер салынды. Мен бүгін алғашқы тыңгерлердің және олардың ізін басқан диқандарымыздың еңбегін ерекше атап өткім келеді.
Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты»-деген Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл халқының ерен еңбегін ерекше бағалайтындығын, сол себептен агроөнеркәсіп кешеніне жан-жақты қолдау көрсетіліп отырғандығын, мұндағы негізгі мақсат ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру екендігін және елімізде жаңа экономикалық бағдар аясында нақты шаралар қолға алынып жатқандығын да назардан тыс қалдырмады.
Сондай-ақ, ол жыл соңында жалпы құны 1,2 триллион теңгені құрайтын 180 индустриалды жоба іске асырылып, нәтижесінде озық халықаралық стандарттарға сай және сыртқы нарықта сұранысқа ие өнім өндіретін жаңа кәсіпорындар құрылатынын айтты. Форум барысында айтылған тағы бір өзекті мәселе – әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп отырғандығы. Бұл мақсатта «Отан», «Наурыз» және «Асыл мекен» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары ашылған.
Жалпы, бұл форум ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне үлкен серпіліс болды деген сенімдемін. Өйткені, олар үкімет тарапынан қандай бастамалардың қолға алынып жатқандығын, бұл саланың ел көлеміндегі ахуалы қандай екендігін, жуық арада ауыл шаруашылығы саласының қандай бағытын дамытуға басымдық беріліп отырғандығын нақты естіп, біліп, өздерінің алдағы мақсат-жоспарларын осы арнаға бағыттауға мүмкіндік алды деген ойдамын.
Ауыл шаруашылығы – асыраушы сала болғандықтан, еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, түрлі жеңілдіктер қарастырылып келеді. Ел төрінде өткен форум мұны одан әрі айшықтай түскендей. Сол себептен, келешекте жергілікті ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері осы форумнан алған әсерді өзгелермен бөлісіп, мемлекет алға қойып отырған тың мақсаттарды жүзеге асыруға өзіндік үлес қосады деген үміт бар.
Айдос ОЛЖАБАЕв,
«Айбол» шаруа қожалығының
жетекшісі.