РАНТ мүшесі «Қант зауыты» мешітінде болды
Қазіргі таңда әліпті таяқ деп танымайтын екінің бірі – исламтанушы екені жасырын емес. Олар арнайы білімі болмаса да арам мен адалдың аражігін ажыратпай адамдарға “уағыз” айта береді. Соның салдарынан жастар кімді тыңдап, нені амалға асыруда абдырап жатады. Сондықтан тауық сойса да қасапшы сойғаны дұрыс.
Сондай мамандардың бірі – Ғазиз Ахмет Шу ауданында болып, бірқатар кездесулер өткізді. Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы жанындағы Республикалық ақпараттық насихат тобының мүшесі, белгілі имамның бұл сапары Шу ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі “Дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы имуниттеті қалыптастыру” тақырыбындағы әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылып отыр.
Бүгінде Астана қаласының “әл-Ғани” мешітінің наиб имамы қызметіндегі Ғазиз Нұртайұлы ең алдымен AMANAT партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында өткен жиынға қатысты. Онда әр ауылдан келген қариялар мен мешіт имамдары, ауылдық АТТ мүшелері белгілі дін қызметкеріне құлақ түрді.
Дидарласу барысында дін маманы тақырыпты тұздық етіп, дәстүрлі емес діни ағымдарды тану, оларға қарсы иммунитет қалыптастыру туралы түсіндіріп өтті. Сондай-ақ қазіргі таңдағы туындаған қайшылықтарға тоқталып, жұмысқа қажетті бағыт-бағдармен бөлісті.
– Бүгінгі жүздесуде дін мен дәстүр жайында айта кеткен жөн. Қазіргі кезде көп дүниенің өзгеріп кеткеніне куәміз. Былай қарасақ, сол тіл, сол дін, сол дәстүр. Бірақ біраз құндылықтар бұрқ етіп құлап, қай жерден қате басқанын ұға алмай қалдық. Сөйтсек, біздің түсінік өзгерген екен. Ол әрине телефон арқылы еніп, батыстың ерсі мәдениетін бізге сіңірген екен. Көптеген қарама-қайшылықтар осы жерден туындаған сыңайлы,-деді РАНТ мүшесі Ғ.Ахмет.
Кездесуде жергілікті тұрғындар құрметті мейманға өз сауалдарын жолдап, ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ білікті маманнан тұшымды жауап алып тарқасты.
Бұдан бөлек, РАНТ мүшесі кешкілік уақытта Шу қаласындағы Әбу Бәкір мешітінде болды. Құтхана келушілерімен кездескен Ғ.Ахмет маңызды мағлұматтарды жеткізді.
Гүлбану Мадияр,
журналист.