Діннің қоғамдағы рөлі түсіндірілді
Дін – өркениетті қоғамның өзегі. Өйткені дүркіреген алып империялардың өзі белгілі бір сенім мен дінді ту етіп, шешімдерді соған сәйкестендіріп шығарып отырған. Сондықтан діннің қоғамдағы рөлі ерекше.
Жуырда Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен Алға ауылдық округіндегі Амангелді орта мектебінде өткен кездесуге «Діннің қоғамдағы рөлі» тақырыбы таңдалған екен.
Аталмыш орталықтың округ бойынша жастар ісі жөніндегі маманы Айбану Мадымарова дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағы. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес деп санайды.
Мектептің жоғары сынып оқушыларына тақырыпты тарқату үшін аудандық ЖРО-ның жастарға қызмет көрсету және жастар бастамаларын қолдау бөлімшесінің теолог маманы Мырзабек Смаилов шақырылған.
Кездесу барысында жастарға діни ағымдардан аулақ болу, олардың сипатын тану, ізгілікке ұмтылу, білім алу туралы әңгіме өрбітіліп, туындаған сұрақтарға жауап берілді.
-Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі бекер емес. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, дін қоғам өмірінен өз орнын алатыны сөзсіз. Осыған орай жастарымызға дұрыс бағдар, жақсы тәрбие, қоғамымызға тигізер пайдасына байланысты жеке пікір ретінде мына нәрселерді ұсынғым келеді. Қазіргі таңда оқимын, ізденем деген жастарға үлкен жолдар ашылған. Сол нәрсені дұрыс пайдалана білген абзал, – деді М.Смаилов кездесу барысында.
Ұйымдастырушылар мұндай мазмұндағы шара дәл осы білім ошағында қазан айында өткізілгенін айтып отыр. Алға ауылдық округі әкімі аппаратының маманы М.Дыбыспен бірлескен шарада да шәкірттерге азық болатын ақпараттар берілген.
Байжан Емберді.