Ақпараттық портал

Ардагерге құрмет

Өңірдегі жергілікті халықты жұмыспен қамтып отырған теміржол мекемелерінің бірі – Жамбыл вагон пайдалану депосының Шу стансасындағы вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті. Бүгінгі таңда Құдайберген Рахман Құдайбергенұлы басшылық етіп отырған ұжымда 237 адам еңбек етеді. Оның ішінде жұмыстың негізгі бөлігін вагон қараушылар жүзеге асырады. Жалпы, Жамбыл вагон пайдалану депосының Тәтті-Шу-Отар және Шу-Сарышаған аралықтарын қамтитын қызмет көрсету аймағының жалпы ұзындығы 1256 шақырымды құрайды.
Жүк және жолаушылар вагондарына техникалық қызмет көрсету, вагондарды жүк артуға дайындау, жүк вагондарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатын лайықты жүзеге асыру үшін мұнда 6 бақылау пункті, 1 автобақылау пункті, 1 ағымдағы жөндеу бекеті, 1 вагондарды дайындау бекеті жұмыс жасайды. Яғни, басты міндет – вагондардың ақаусыз жұмыс істеуін қадағалау. Осы міндет жолында бұл ұжымда бүгінгі күнге дейін талай адам абыройлы еңбек етіп, зейнет демалысына шықты. Сондай жандардың бірі – 1953 жылы дүниеге келіп, өмірінің көп бөлігін вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде тер төгумен өткізген Давен Куттукбаев. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы осы ортадан бастаған бұл азамат 1972 жылы әскер қатарына алынып, әскери борышын аман-есен өтеп келеді. Әскерден келген соң , бастапқы жұмысын қайта жалғастырады. Атап өтерлігі Д.Куттукбаев вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінде табан аудармастан 45 жыл тер төгіп, осы ортадан 2016 жылдың наурыз айында зейнеткерлікке шығады.
Уақыт ағымында жұбайы Батима Тұрсыновамен бірге 3 ұлды тәрбиелеп, өсіріп, олардың жарқын болашағына себепкер болады. Бүгінде ардагер теміржолшы алты немеренің ардақты атасы.
Жарты ғасырға жуық өмірін темір жол саласына арнаған кейіпкеріміз жуырда билік өкілдері тарапынан құрметке бөленді. Осыншама жылғы ерен еңбегін ескерген Шу стансасы торабы теміржолшылар ардагерлері алқасының төрағасы Тұрсынбай Халық Нұрғалиұлы ардагер теміржолшыны жоғарғы билік өкілдерінің марапатына ұсынады. Ұсыныс қабылданып, жуырда Астана қаласынан арнайы жеткізілген марапатты Тұрсынбай Нұрғалиұлы вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті қызметкерлері алдында иесіне салтанатты түрде табыстап, ізгі тілегін жеткізді. Нақты айтқанда, Д.Куттукбаевты «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ орталық ардагерлер кеңесі тарапынан берілген Алғыс хатпен марапаттап, иығына шапан жапты.
Мұнан кейін, ардагер теміржолшы әрі марапат иесінің құрметіне дәмге толы дастархан жайылып, барша әріптестері жылы лебіздерін білдірді. Өз кезегінде Д.Куттукбаев та құрмет көрсеткен барша қауымға алғысын жаудырып, еңбектеріне жеміс тіледі.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.