Ақпараттық портал

Жоба аясындағы жүздесу

Сәрсенбі күні Шу қаласындағы 40 мектеп-лицейінде «Шу – қауіпсіз аудан» профилактикалық іс-шаралар жобасы аясында мектептің жоғары сынып оқушыларының ата-аналарымен жиын өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Н.Сұлтанбаев, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Бейсембаев, Шу қаласы әкімі аппаратының бас маманы, аудандық білім бөлімінің жауапты өкілі қатысты.
Мақсат – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың арасындағы бұзақылық әрекеттердің алдын алу, бала өміріне қатысты өзекті мәселелермен ата-аналарды хабардар ету.

Алғашқы сөз кезегін алған Н.Сұлтанбаев аталмыш жоба аясында ауданымыздың бірқатар елді мекендерінде кездесу өткізіп келе жатқандығын, жұмыс бағыты “Қауіпсіз Шу” және “Қауіпсіз аудан” атты екі бағыттан тұратындығын айтып, бұл тұста ауданымыздағы қараусыз қалған бос ғимараттар, иесіз үйлер, қараңғы көшелер, ауыл сыртындағы тоғайлар, яғни қылмыс болу ықтимал жерлерде бақылауды күшейту, құқық бұзушылықтың алдын алу, ата-аналарды бала тәрбиесіне зор көңіл бөлуге шақыру, түнгі уақытта оқушылардың тойханаларда жұмыс жасауына тосқауыл қою, жергілікті халық арасында “Ішімдіксіз зал” ұстанымын орнықтыру, от жағу маусымында улану, өрт оқиғасы сынды апатты жағдайлардың алдын алу мәселелері төңірегінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, көпшіліктің ой-пікірін ескеру негізгі мақсат екендігін жеткізді.
“Шу – қауіпсіз аудан” жобасы аясында қылмыстың алдын алу мақсатында бұзақылар мен ащы су ұрттағандар, кейде мектеп оқушылары да беймезгіл уақытта жиналатын ғимарат, тұрғын үй секілді иесіз нысандардың иесін тауып, ыңғайы келсе пайдалануға беру өзекті мәселе. “Мал баққанға бітеді” демекші, елді мекендер аумағында, тоғайларда түнгі уақытта жүретін қараусыз мал көбейіп отырғандығы да билік өкілдерін алаңдатуда. Бұл тұста әр малдың иесі өз малына ие болуы қажет. Өйткені, беймезгіл уақытта әркімнің малын аңдып, артын бағуға әкімдік қызметкерлері міндетті болмаса да, қандай да бір оқыс оқиға орын ала қалса, халық оған өзгені кінәлауды әдетке айналдырған.
Баланың болашағы бұлыңғыр болмауы, оның кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық бойынша есепке алынбауы үшін ата-ана баланың әр қадамына жауапкершілікпен қарауы қажет. Өйткені, қазіргі заман кеңестік кезеңдегідей қағазбастылыққа байланып тұрған жоқ, барлық іс-қағаз электрондық форматқа көшірілген. Сондықтан келешекте балаңыз оқу бітіріп, қандай да бір мамандықтың иесі болып, мемлекеттік қызметке орналасар сәтте қызмет орны тиісті мекемеден соттылығының жоқтығы туралы анықтама сұратқан кезде “Әттеген-ай” дейтін сәттер кезікпеу үшін бала тағдырына осы бастан алаңдап, көңіл бөліп, қырағылық таныту маңызды. Халық даналығындағы “Жақсылық жасасаң сауапсыз қалмайсың, жамандық жасасаң жауапсыз қалмайсың” деген нақыл сөздің мәнін ұғынып, соны баланың бойына терең сіңіріп, әрдайым жақсы қырынан көрінуге ұмтылсақ, ұтарымыз көп.
Бұрындары біреу “әкеңе айтамын” десе сол кездің балалары кірерге тесік таппай қалатын күйге түсетін болса, бүгінгі таңда сол әкелер баламен қосылып, ұстазға қарсы тұратын заман болып отырғандығы да жасырын емес. Тәрбие тетігі отбасында болғандықтан, бала тәрбиесіне ата-ана мен мұғалімнің бірлесе үлес қосқаны абзал.
Тағы бір айта кететін жайт, көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен соңғы уақытта ата мен апа, әке мен шеше балаларымен қоса телефонға телміріп, тик-токтағы небір қажетсіз дүниелерді көріп отыратынын байқап жүрміз. Бұл да жақсы іс емес. Баланың өзіне телефон бергенде шектеу қою қажет.
Сонымен қатар, білім саласындағы тәрбиеге қатысты тағы бір мәселе қылаң беріп отыр. Ол балалардың түнгі сағат он екіден кейін бірін-бірі туған күндерімен құттықтап баруы. Оған кейбір ата-аналар да қолдау көрсетіп, дастархан жайып, күтіп алатын көрінеді. Бұл іске шектеу қою қажет. Өйткені, түнгі сағат он бірден кейін кәмелет жасына толмағандардың көшеде жүруіне заң бойынша рұқсат жоқ. Осындай сәтте қандай да бір оқыс оқиға орын алатын болса, ата-ана жауапқа тартылады. Сол себептен, бұл тұста ата-ана да тәртіпке бағынған құл болмайтынын ескеру қажет.
Келесі бір өзекті мәселе ауданымызда 35 полиция қызметкерінің орны бос. Сол себептен, ата-аналардың “құлағына алтын сырға”. Биыл мектеп бітіретін түлектерді осы мамандыққа оқыту жалпы аудан үшін қажеттілік болып отыр. Ол үшін Тараз қаласындағы арнайы оқу орнында тиісті баллды жинаған түлектерді тегін оқыту жолдары да қарастырылған. Сондай-ақ, жастарды әскери тәртіпке баулу да бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған мәселе. Бұған да ата-ана көңіл бөлуі қажет. Бұл тұрғыда үкімет те бірқатар игі істерді жолға қойып отыр. Атап айтқанда, бір жылдық әскери борышын жақсы деңгейде өткеріп, тәртібі жағынан оң бағаға ие болған азаматқа сол жақтан Қазақстан бойынша үш жоғары оқу орнының ішінен өзі таңдаған оқу орнына тегін оқуға түсуге сертификат беріледі. Осындай мүмкіндікке ие болған төлебилік жерлесіміз де бар көрінеді. Сол себептен, “Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу” демекші, егер оқуға түсуге мүмкіндігі болмай, әскерге баруға ынталанып тұрса, оған да қолдау көрсеткен жөн. Өйткені, осындай оң қадамға мемлекет мүмкіндік жасауда. Мұны қазақтың датасы жоқ мерекесі болып кеткен соғымбасы сынды басқосуларда көпшілікке айта жүру артықтық етпейді.
Ал, той төңірегіндегі тағы бір мәселе – тойдың ерте басталып, ерте аяқталуы. Бұл тұста жергілікті билік те қарап қалған жоқ. Той-думанның басы-қасында жүрген тиісті азаматтармен байланыса отырып, жуырда аудандық Жастар орталығы мамандарының, жергілікті әкімшілік қызметкерлерінің ықпалымен өз ауданымызда кешкі сағат жетіде басталған той үстінен түсіп, той иелеріне кір жуғыш машина сыйға тартқан. Осы үрдісті жалғастырып, той тәртібін біріздендіріп, бұл мәселеге көп болып қолдау көрсеткен жөн деп санайды.
Келесі кезекте электромопед тізгіндеймін деп соңғы жылдарда Бірлік ауылдық округінен, Ақсу ауылдық округінен жалпы саны үш бала қаза тапқандығы да назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда осындай оқыс оқиғаларды көзбен көріп, құлақпен естіп жатқанымыз да жетеді. Сондықтан бұл мәселеге де ата-ана жауапкершілікпен қараған жөн. Өйткені, қанша жерден “тағдыр” деп тағдырды кінәласақ та, әр адамның тағдыры өз қолында екені ақиқат.
Қандай да бір қылмыстың артында көп жағдайда ішімдік тұрады. Сол себептен, ауданда “Ішімдіксіз ауыл” ұстанымы жолға қойылған. Ауданымызда бұл мәселеге ден қойып, ішімдік сатудан мүлдем бас тартқан ауылдар бар. Олар Бөлтірік, Тасөткел ауылдары және Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет ауылы. Бұл қуантарлық жайт. Осы игі бастама әрі қарай лайықты жалғасын тауып жатса, нұр үстіне нұр. Алайда, мұнда да халықтың ауызбіршілігі зор рөл атқарады.
Осы және өзге де өзекті ойларды тілге тиек еткен аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы:
-Баланы шылым шегуден тыю да салауатты өмірдің кепілі. Жат діни ағымнан сақтандырып, өзіміздің салт-дәстүрімізді, асыл дінімізді, мәдениетімізді дәріптеп, қазақилықтан алшақтамайық. Осының барлығын баланың бойына сіңірейік, мейірімділікті серік қылайық. Шекемізге тиген кезде ғана қолға алмай, жамандықтың бетін әріден қайтарайық. Қандай да бір күрделі мәселе көлденең шығып жатса, тиісті орган өкілдеріне хабарласыңыздар. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бірлесіп оң нәтиже шығаруға тырысайық,- деп сөзін қорытындылады.
Сондай-ақ, көпшілікті Арман Бегалин есімді азаматтың “Қазақ пен арақ”, “Жоқ іздеп жүрмін” атты термелерін тыңдауға, өз балаларына тыңдатуға шақырып, аталған термелердің тұнып тұрған тәрбие екендігін назарға салды.
Жиын барысында билік өкіліне бірқатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар да айтылды. Мысалы, Шу қаласы, І.Жансүгіров көшесінің тұрғыны Эльмира есімді азаматша аталмыш көшенің жолы жауын-шашын кезінде ми балшық болатынын, тар көше болса да көлік қатты жүретіндігін, бұл балалар үшін қауіпті екендігін айтып, шағымданды. Сондай-ақ, осы көшенің соңына жан-жақтан қоқыс, тұрмыстық қалдықтар төгілетіндіктен, қаңғыбас иттер де қаптап кететіндігін, осы маңға қойылған қоқыс жәшігінің ұрланып кеткендігін алға тартып, шара қолдануды сұрады. Ал, бірқатар ата-аналардың атынан сөйлеген сол мектептің ұстазы мектептен түстен кейін қайтатын балалар үшін иесіз иттердің қаупі мүмкін екенін жеткізді.
Сонымен қатар, осы жолдардың авторы той өткізу тәртібіне қатысты өз пікірін ортаға салып, көптеген асаба тарапынан ойнатылатын ойындар қатарындағы би жарыстың орнына халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті мен әдебиеті, тарихы, ел өміріне еңбек сіңірген көрнекті тұлғалары туралы сұрақтар қойылып немесе даналық сөздердің жалғасын табу секілді ой-танымды арттыратын сұрақ-жауап ойынын ойнатуды жолға қою жөніндегі ұсынысын жеткізді. Өйткені, көптеген тойларда байқап жүргеніміздей, әсіресе ащы суға масайған ер азаматтар үшін би жарыстың соңы қызғаныш, қызғаныштың соңы ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңге алып келеді. Бұл дәл сол тойдың ортасында болмаса да, той біткен соң “лайықты” жалғасын тауып жатады.
Сондай-ақ, өкінішке қарай, би жарыс деген соң ащы судың буымен шектен шығып, әйел заты болса да көргенге көзің ұялатын ерсі қимылдар жасап, жас пен кәрінің алдында абыройын айрандай төгіп, дөрекі әрекеттерге баратын кейбір азаматшалар да бар. Оған жуырда әлеуметтік желі арқылы бүкіл елге таралған видео айқын дәлел. Дәл осындай жағдайдың өзге тойларда қайталанбасына кім кепіл? Ал, оның астарында ұлт пен ұрпақтың тәрбиесі жатқандығынан көпшілігіміз бейхабармыз.
Өз кезегінде Найман Кенжеханұлы тұрғындар тарапынан туындаған осы және өзге де мәселелер бойынша қанағаттанарлық жауаптар қайырып, кейбірін тиісті саланың жауапты азаматтарымен жолығып, оң шешімін табуға ықпал жасайтындығын мәлімдеді.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.