Ақпараттық портал

Үзілмеген үміт

Бүгінгі таңда көпшіліктің көңілін күпті етіп жүрген мәнді мәселелерді айта берсек жетіп жатыр. Оның бәрін қайталап айтып шығудың қажеттілігі шамалы. Дей тұрсақ та, кітап оқудың жайы ешбір сын көтермейтін тәрізді. Турасын айтқанда, кітап оқуға уақыт жетпейді. Тіпті, күнделікті жарық көретін мерзімді баспасөздерді де қарап шығуға мойын бұрмаймыз. Осындай көкейтесті мәселеге аға ұрпақ өкілдері алаңдамай отырған жоқ. Олар өздерінен кейінгілерден, әсіресе жастар қауымынан әртүрлі әдеби кітаптарға ден қоюды талап етуде. Өкінішке қарай, үлкендердің талап-тілектері өз дәрежесінде орындалмай отыр. Өйткені, бастауыш сынып оқушыларынан бастап, ұялы телефондарға телміріп, алтын уақыттарын текке өткізіп жатқандығы өтірік емес. Сондай-ақ жоғарғы сынып оқушылары да кітап оқуға аса құштарлық танытып жүрген жоқ, Мұндай үрдіс қашанғы қанатын жая бермек?..

Біздерді оқытқан мұғалімдеріміз, «білімнің негізі – кітапта» деп санамызға сіңірді. Тұрмыстағы тәрбие дұрыс болғандықтан, өзімізге тиісті оқулықтармен қатар көркем әдеби кітаптарды да жарыса оқитынбыз. Әсіресе, кітапханашылардың жаңа кітап туралы айтқан кеңестеріне құлақ түретінбіз. Белгілі жазушылардың таңдамалы кітаптарын кезектесіп оқитынбыз. Ертесіне басқа біреу күтіп отырғандықтан, сол түні ұйықтамасақ та сол кітапты бастан-аяқ оқып шығуға күш салатынбыз. Бұдан ешқайсымыз жаман болған жоқпыз. Білімді болғандықтан болашағымызды бағдарлап, келешегімізге көңіл бөлдік. Осындай өнегелі өмір жолын тілге тиек етсек те, күнделікті құлағына құйып отырсақ та кейбір жастардың көзқарастары түбегейлі өзгермейтіндігін байқап жүрміз. Осындай ащы шындықты әңгімесіне арқау еткен, бұрынғы кітапханашы, бүгінгі зейнеткер, Көктөбе ауылының тұрғыны Көпбаева Бибікүл Атабекқызы іштей толқып кетті ме, ауыр бір күрсініп алды. Кейіпкерімнің кісілік келбеті, адами асыл қасиеті көзге ұрып тұрса да, бір сәт көз жанарының мұңайып қалғандығына таң қалған жайым бар. Менің көңілімді түсіне қойса керек:
-Ағай, өз басым кітапханашы болғаныма ешбір өкінбеймін. Шу аудандық Мәдениет бөліміне қарасты, Жидебай және Көктөбе ауылдарында кітапханашылық қызметті қырық екі жыл бойы абыроймен атқардым. Жеке еңбек кітапшамда «Кітапханашы» деген ғана жазу бар. Орта мектепті тамамдаған кезде болашақ мамандықты таңдаған сәтте, әкем Атабек: «Қарағым, қызбалаға кітапханашы болу өте ыңғайлы сияқты. Мысалды алыстан іздемейік, Қуантай ағаңның жұбайы Бибігүл жеңешең кітапханашы болып, үлкен абыроймен зейнетке шықты, он баланың анасы болып, «Батыр ана» атанды» – деген еді…
Әкемнің осы уәжі қанаттандырса керек Жамбыл қаласындағы мәдени ағарту училищесінің кітапхана бөліміне оқуға түстім. Мамандығым бойынша қызмет атқара жүріп, жоғары білім алуды да жоспарлағанмын.
-Қарындасым, сол жоспарың орындалды ма?
-Ағай, адамның айтқаны бола бермейді екен, арада төрт жыл өткен соң өзімнің сыныптасым әрі ауылдасым Игенмен тұрмыс құрдым. Жанжолдасымның да көпбалалы отбасының мүшесі екендігін білгенмін. Өзі Шу вагон депосында қатардағы жұмысшы болатын. Келіндік қызметіме адал қарап, ата-енемнің қас-қабағын бақтым. Арада бес жыл өткеннен кейін енем Қайша 49 жасында өмірден озды. Ауылдағы мақтаулы қызылшашылардың бірі әрі «Батыр ана» болатын. Қара шаңырақтағы он баланың сол кезде үшеуі ғана аяқтанған. Кемпірсіз қалған қайын атама да күтім жасай отырып, артында қалған ұл-қыздардың жоғары білім алып өз алдарына шаңырақ көтеріп, өсіп-өнуіне қамқорлық көрсеттік. Содан кейін өз балаларымның болашағына алаңдап, олардың қам-қарекеттерін ойластырып жүріп, жер ортасына жетіп қалғанымды да байқамаппын. Осылай жүргенде жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік болмады.
-Бұл жағы түсінікті болды. Енді кітапханашы болудың ыстық-суығы туралы іс-тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
-Кітапханашылар да басқа кәсіп иелері сияқты, қиындық пен кедергіні аз көрмеді. Әсіресе, ауыл кітапханасы әр жылдары көшіп, қонып жүр десек те болғандай. Бір атап айтар жай, тоқсаныншы жылдардың басына таман Көктөбе ауылында маңдайы жарқыраған 180 орындық мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Бұл қуанышқа Жамбыл облысының сол тұстағы әкімі С.Үмбетов қатысты. Осы зәулім ғимараттың оң қанатына ауыл кітапханасы орналасты. Сол кездегі қуанышымызда шек болмады. Қаз-қатар тізілген кітап сөрелері көрген көздің жауын алатын. Кітапхананың іші тап-таза әрі жарық мол түсетін. Бұл кезде ауыл оқырмандарының да көңілдері көтеріліп, оқуға деген ынталарының арта түсуін жазбай таныдық. Бір қызығы, еліміз бойынша мәдениет ошақтары жекешелендіріліп, қалталы азаматтардың меншігіне өтіп кетті. 90-шы жылдардағы тоқыраудың салдарынан жаңа қожайындарға ғимараттың өз басы ғана қажет болды. Ал кітапхана жайын ойлап бас қатырмады. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың мәдениет ошағы қараусыз қалғандықтан кітапхананың күйі қашты. Осындай сын сағатта не істерімізді білмей аудан жаққа қарап алаңдадық. Естіген жауабымыз «кітапхана жабылады, бар кітаптарыңды аудандық орталық кітапханаға өткізіңдер» деген тапсырма алдық. Ай мен күннің амандығында киелі орын саналатын кітапхананың қажеттілігі болмай қалады деп, үш ұйықтасақ та түсімізге кірген емес. Әліптің аяғын бағып аудандық кітапханаға жолым түскені бар. Бірнеше ауылдың кітапханашылары жүк көліктеріне тиеген судай жаңа кітаптарды, орталық кітапхананың терезесінен ішкі бөлмесіне қарай лақтырып жатқандарын көргенде төбе шашым тік тұрды, өйткені жаңа кітаптарды қабылдап алған кезде санап, сапасын байқап тиісті бақылау жасаушы едік. Енді оның бәрі ұмыт қалған, өткізушілер де, қабылдаушылар да жоқ. Қолдан келер шама болмаса да ішіміз қара қазандай қайнады. Сол бір сәтте аудандық кітапхананың басшысы Ақсулу Бостанова: «Бибікүл, көзіміздің қарашығындай сақтап келген кітаптардың қандай күйге ұшырағанын көріп тұрсың. Мүмкіндік болса өздеріңде сақтап қалуға күш салыңдар. Кім білсін кітапханалар қайта ашылатын болса мұндай кітаптарды кім берер дейсің»,-деп кеңес берді. Жылт еткен бір үміттің жүрегімді жылытқаны әлі есімде. Осы болған жағдайды сол кездегі ауыл әкімі Д.Байботшаевқа айтқаным бар. Ол кісі де қарсылық танытқан жоқ, ескерткені саған жалақы төленбейді. Бар кітапты бүлдірмей сақтап қалсаң, болашақта қажет болар деген мәселені ашып айтты.
Ауылдық мәдениет үйі жекешенің меншігіне өткендіктен, бірнеше жыл бойы жөндеу жұмыстарын көрмеді. Ұзын құлақтан естігеніміз сатып алғандар бұл ғимаратты өз мақсатына қарай пайдаланамыз деп өтірік айтқан болып шықты, олар мәдени жұмыстарды жүргізудің орнына көрікті ғимаратты бұзып оның материалдарын сатуды көздеді. Осы кезде ауыл қариялары, мемлекет қаржысына салынған мәдениет үйінің көлденең келген көк аттының шылауында кетпеуіне жол бермеді. Ел тілегін ескерген «Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Т.Мұқатаев азаматтығын арттырып, сатып алушыларға кооператив есебінде тұрған бір сиыр фермасын беріп мәдениет үйін алып қалды. Бұдан соң мәдениет үйі аудандық мәдениет бөлімінің еншісіне берілді. Осы аралықта Бибікүл Атабекқызы кітапханасымен екі-үш жерге қоныс аударса да бес мыңға жуық кітапты бүлдірмей, жауын-шашынға ұрындырмай сақтап қалғандығын, ауылдың үлкен-кішісі жақсы біледі. Сол кітапхана ақыры айналып ауылдық мәдениет үйінің оң қапталындағы бұрынғы орнына орналастырылды. Басқа да елді мекендерде 2000 жылдан бастап кітапханалар қайтадан ашылып, оқырмандарына қызмет көрсете бастады. Сол тұста Көктөбе ауылының кітапханасы аудан бойынша қайтадан ашылған кітапханалардың алғашқысы еді. Құдайға шүкір кітапханашы да, кітапхана да біраз жылдар бойы тоқырауды, құлдырауды бастарынан өткізгенімен, енді жағдайлары айтарлықтай жақсарды. Мәселен, ауылдық мәдениет үйінде жылу жүйесі істен шыққандықтан мәдениет қызметкерлерінің қыс айларында темір пештерге телміріп, табандарынан суық өткен ауыр күндер де артта қалды. Қазіргі кезде ауылдық мәдениет үйі көгілдір отынмен жылытылады. Қыстың қай мезгілінде барсаңыз да мәдениет қызметкерлерінің көтеріңкі көңілмен жүретінін көресің. Сондай-ақ ауыл кітапханасының материалдық-техникалық базасы да жыл өткен сайын жақсарып келеді. Халыққа қызмет көрсету орталығының біраз шаруасы осы кітапханада орындалатындығы, жергілікті жұрттың ауданға шапқылай бермейтін қажетті жағдайлар да қарастырылуда. Бұрынғыдай емес, кітапханада компьютерлер жеткілікті, жаңа кітаптар жүйелі келіп тұрады. Кітапханашылардың айлық жалақысы да соңғы жылдары айтарлықтай көтерілді. Бәлкім содан болар, өскелең жастар қатарынан кітапханашы болуды армандағандар да аз емес.
-Бір кездері ауыл кітапханасының ауыртпалығы мен бейнетін бір кісідей көрген Бибікүл Көпбаева зейнеткерлікке шыққанына біраз жылдар өтсе де, екінші үйіндей болып кеткен ауыл кітапханасына арнайы барып тұрады. Өзі тәрбиелеген шәкірті, қазіргі кітапханашы Жанар Сұлтанбаеваның жұмыс барысымен танысып, оның ілкімді істеріне дән ризашылық білдіреді. Тәлімгері мен шәкіртінің бір-біріне деген ыстық ықыласы оқырмандарға да үлкен ой салады. Айналып келгенде мұның бәрі Бибікүл ойлағандай үзілмеген үміттің жемісі екендігі даусыз шындық.
Соның бір айғағы Бибікүл Көпбаеваның ел алдындағы кітапханашы ретінде ерен еңбектері еленіп, бірнеше марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, қажырлы істері үшін 2020 жылы «Шу ауданының 90 жыл толуына» байланысты, 2024 жылы «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілеріне ие болды. Бұдан басқа облыстық, аудандық мәдениет басқармаларының Алғыс хаттары мен Құрмет граматоларының иесі. Қазіргі таңда Көктөбе ауылдық аналар ұйымының төрайымы. Ауылдық ардагерлер алқасымен және басқа қоғамдық ұйымдарымен бірігіп, ауылдың ырысты ынтымағы мен тәлімді татулығына ұйытқы болып отыр.
Үстіміздегі жылдың басында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің «Әулиеата – кітап оқитын өңір» – деп бастама көтергендігі баршамызға үлкен жауапкершілік жүктегенін сезініп отырмыз. Әсіресе, өмір бойы кітапханамен тығыз байланыста болған ардагер кітапханашылар бұл мәселені қызу қолдауда. Әрі ауыл жастарын уақыт тауып кітап оқуға шақыруды жандары сүйеді. Менің бүгінгі кейіпкерім әңгіме соңында көңілі толқып, жүзі жадырап былай деді: «Кітап оқыған адамның ақыл-есі ауытқымайды, есте сақтау қабілеті жақсы дамиды, өмірі ұзарады».
Байырғы кітапханашы Бибікүл Көпбаеваның жан жүрегін жарып шыққан бұл сөзі жас оқырмандарымыздың санасына жетеді, сезімін сергек етеді деген сенімдеміз.
Ахметжан Қосақов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.