Дүниежүзілік сайлау күні аталып өтті
2022 жылдың 3 ақпанында барлық мемлекеттер 2005 жылы Будапештте (Венгрия) сайлауды ұйымдастырушылардың Бас конференциясында сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде бекітілген және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен Дүниежүзілік сайлау күнін атап өтеді.
Дүниежүзілік сайлау күнін жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өту дәстүрі Қазақстан Республикасы толыққанды мүшесі болып табылатын Еуропалық сайлауды ұйымдастырушылар қауымдастығының (ACEEO) бастамасымен басталды.
Бұл күннің мақсаты – еліміздің сайлау жүйесінің қалыптасу және даму кезеңдері туралы жұртшылықты ақпараттандыру, сайлаушылардың электоралдық белсенділігін арттыру және жас сайлаушылар арасында демократиялық құндылықтарға деген ұстанымын қалыптастыру.
Осыған орай Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясы «Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін дамыту» тақырыбында Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі мен сайлау заңнамасын насихаттауға бағытталған іс-шаралар өткізді.
Аталған іс-шараға білім беру ұйымдары, атап айтқанда 2025 жылы қаңтар айының 29 күні Сәду Шәкіров атындағы орта мектебінде ұстаздар мен жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өтті. Кездесу барысында «Аудандық сайлау комиссиясының қызметі» тақырыбында Шу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ошанов баяндама оқып, №3 бірмандаттық сайлау округінен сайланған депутат Б.Ниязбеков өз тақырыбы бойынша баяндама оқыды. Оқушылар арасында «Өз таңдауыңды жаса» тақырыбында пікірсайыс өткізілді.
Шу аудандық сайлау комиссиясының төрағасы А.Ошанов сайлау халықтық егемендікті іске асырудың, қоғамдық пікірді қалыптастыру мен білдірудің, мемлекеттік тетіктің жұмыс істеуінің тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз етудің негізгі құралы болып табылатынын айтты.
Сондай-ақ, қаңтар айының 30 күні әл-Фараби атындағы орта мектебінде жоғарғы сынып оқушыларымен, болашақ жас сайлаушылармен кездесу өтті. Кездесу барысында «ҚР сайлау жүйесі» тақырыбында аудандық сайлау комиссиясының хатшысы С.Снабековтың баяндамасы оқылып, «Халық қалаулысы атандым» тақырыбында, №4 бірмандаттық сайлау округінен сайланған депутат А.Бекмурзина оқушылар арасында әңгіме өрбітті. «Біз Қазақстанның болашағы үшін дауыс береміз» атты жоғарғы сынып оқушыларымен пікірталас ұйымдастырылды. Сөз кезегі мектеп директоры Ж.Алиасқаровқа беріліп, тақырып аясында туындаған сұрақтар талқыланып, кездесу соңында аудандық сайлау комиссиясының хатшысы және аудандық мәслихат депутаты оқушыларға алдағы ҰБТ секілді сынақтан сүрінбей өтуге, алға қойған мақсаттарына жетуіне тілек білдіріп, бір мамандық иесі болып, ел үшін еңбек етуге шақырды. Оқушыларға “Әркімнің дауысы маңызды” және “Сайлауға кел, ел ісіне араласудан қашпа” деген ұран тасталды.
(Өз тілшіміз).