Лудомания – қауіпті ауру
Жас ерекшелігіне қарамастан сананы улап, құмарлықтың нәтижесін үлкен дертке айналдырған лудомания – өзекті мәселе. Лудомания – өмірдің мәнін бейберекетсіздікке ұшыратып, адамның психологиялық, әлеуметтік, материалдық, отбасылық құндылықтарын селқостыққа бейімдейтін ойсыз кеткен құмарлық.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 400 мыңға жуық адам – букмекерлік кеңселер мен казино ойындарының тұрақты тұтынушысы. Бұл тұтас Тараз қаласы халқының санымен пара-пар. Әрбір бес адамның біреуі құмар ойынның құлдығында. Отандастар құмар ойынды ермек үшін көреміз деп, өздері лудоманияның алтын балығына айналып, 456 млрд теңгені ойланбастан жұмсаған. Аталмыш көрсеткіш Шымкент қаласының бір жылдық бюджетімен сәйкес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері жан-жақты талқыланған болатын. Ел Президенті өз сөзінде: «Ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырады, отбасының шырқын бұзады, қылмысқа, суицидке итермелейді. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын»,- деп атап өткен болатын.
Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпараты бойынша заңсыз қызмет белгілері бар 11 417 интернет-ресурсты анықталып, оның ішінде 6 639 ресурс бұғатталыпты. Оңай олжаны манипуляция арқылы насихаттап, психологиялық тұрғыда тұрақты жетілмеген адамның ойын шынайылықтан бұрып, көзге құмарлықты әдемі сұрыптай алған ойынға тәуелдіктің зардабы орасан зор. Ойынқұмарлықтың қаншама шаңырақтың шайқалуына, адамгершілік құндылықтардан аттап өтіп, ұрлық-қарлық, кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстарға итермелеуге қауқарының мықтылығы неде деген сауал туындайтыны белгілі. Мәселен ажырасудың 40 пайызы осы құмар ойынның машақатынан орын алған. Ең сорақысы, 4 мыңға жуық адам өз-өзіңе қол жұмсаса, оның басым бөлігі лудоманияға құныққандар. Мамандардың пікіріне сүйенсек, лудоманияға тәуелділік көбінде жеткіншек жастан басталады. Құмар ойындарына тәуелділік себептеріне көп факторлар әсер етеді. Айталық отбасыда балаға дер кезінде көңіл бөлмеу, ортаны дұрыс таңдамау, өз-өзіңе деген сенімсіздік, жұмыссыздық, материалдық жағдайдың төмендігі, ерме мінезге жақын болу. Жас ерекшеліктеріне байланысты 18-25 жастағылар «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жағдайын лезде жақсарту мақсатында болса, 30-35 жастағылар өмірдің қиын-қыстау кезеңдерінен оңай құтыламын деп өз-өзің алдайды, ал егде жастағылар өмірден баз кешіп, өмірдің нағыз қызығын енді көремін деп нәпсіқұмарлыққа бой алдырады. Лудомания, игромания, гемблинг, ойынқұмарлық – бұл атаулардың барлығы дүниежүзі бойынша кеңінен таралған қауіпті дерт. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияға тәуелділік психолиялық ауытқулар мен тұрақсыздыққа әкеп соқтыратынын атап өтіп, адам денсаулығына өте қауіпті ауру екенін мәлімдеді.
Лудоман: «Ата-анамның еңбек-пен жиған тергенін ойынға салдым»
Тараз қаласының тұрғыны, 25 жастағы Қайрат есімді азамат байқуатты отбасында тәрбиеленген. Ата-анасы «Баламызға керек-жарағын алып беруіміз керек» деген мақсатта жұмысбасты болып, Қайраттың бос уақытында немен шұғылданатыны жайында бейхабар болған. Қайрат отбасындағы еркіндік пен қолжетімділікті пайдаланып, алғаш 7-сыныпта футбол командаларына бәс тіккен. Оның айтуынша, бұл жағымсыз әдетке әбден дағдыланған жоғары сыныптағы оқушылар үйреткен.
«Отбасымның маған деген сенімін лас дүниеге айырбастадым. Бала көңілім ойынқұмарлықты басында қызық көрді, кейіннен қалай лудоманға айналғанымды өзімде сезбей қалдым. Дос ретінде сеніп жүрген жолдастарым жағдайымның жақсы екенін біліп, «ақшаңды үш есе шығарып аласың» деген арбаумен шақырып, «досым үшін жан пида» деген мақсатта олар үшін де бәске қаражатты тігіп отырдым. Ата-әжемді, отбасымды «сабаққа керегімді» алуым керек деп алдап әрқайсысынан ақша алып жүрдім. Олар сол уақытта аса мән бермеді. Кейіннен мектеп бітіріп, ата-анам Алматыға ақылы оқуға түсірді. Оқудың ақшасын салып жібергенде, мен қолыма ұстай алмай үлкен бәске тіктім. Ол бәстен бір ұтқанымды көріп, жетпегеніне кредит алып, тағы тіктім. Соңында ұтылып қалдым. Ата-анам білмесін деп, достарымнан, жақындарымнан қарыз алдым. Осылай қарызға етім үйренді. Сол сәтте мен өмірді тым жеңіл көрдім, бір қызды көріп, бір-бірімізді ұнатып, үйлендік. Жағымсыз әдетке үйір екенімнен беймәлім еді. Ұнатып жүрген қызыма мүлдем білдірмедім. Балалы болдық. Ойынқұмарлықтан арыла алмадым. Отбасым, жақындарым туралы мүлдем ұмытып кеттім. Отбасымды асырауым керек деген жауапкершіліктен қаштым. Шаңырағымыз шайқалып, үйден береке кетіп, ұрыс-керістен арылмадық. Отбасыма, келіншегіме бәрі мәлім болды. Ойын ойнап отырған кезімде әкем келіп, көз алдымда жүрегі ұстап, сол мезетте дүниеден өтті. Сол қаралы оқиға әлі ойымнан кетпейді. Өмірден баз кешіп, өз-өзіме қол жұмсағым да келді. Таңертең ұйқымнан оянғым келмейтін, «Алло» деген сәтте «қарызымды қайтар» деген қоңыраулар үзілмейтін. Келіншегімнің сол сәтте берген қолдауы мен үшін ауадай болды. Ең бірінші өз-өзімді алдағанымды түсініп, психолог мамандармен жұмыс жасадым. Ата-анамның жиған-тергенін өз қолыммен қарызға бердім. Сол сәттен бастап, қараңғы түнектің шырмауына қадалғанымды түсіндім. Өмірдің құндылықтарын кеш түсініппін. Құрметті бауырлар, басы тәтті, аяғы өкінішпен аяқталатын лудоманиядан сақ болыңыздар!»-дейді кейіпкер.
«Әдеттің озығы бар, тозығы бар» демекші, тозығы бар әдеттен аулақ болайық! Осы тұста Абай Құнанбайұлының «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, аздырар адам баласын» деген өлең жолдары арқау болмақ. Манипуляциялық арбаулар мен бір мезеттік қызығушылық үшін өмірдің мәнін құрдымға кетірмейік. Ойынға емес, оқуға, дамуға, салауаттылыққа уақыт бөлейік!
Ажар Ниязбекова,
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» журналисі.