Ақпараттық портал

Білікті басшы қашанда абыройға ие

Елдің болашағын көркейту жолында жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келе жатқан киелі шаңырақтың бірі – Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектеп. Алғашында 1956 жылы шаңырағын көтерген Далақайнар мектебі сегізжылдық, одан кейін онжылдық мектеп болып, яғни 1968 жылы мектеп қабырғасынан алғашқы түлектерін ұшырған еді. 1997 жылдан бастап Далақайнар орта мектебіне белгілі экономист, академик, Шу ауданының тумасы Түймебай Әшімбаевтың есімі берілген еді. Келесі жылы мектебімізге 70 жыл толмақ.

Осы өткен 1956-2024 жылдар аралығында мектепті 14 директор басқарған екен. Олардың 9-ы ер адам, әрі олардың барлығы дерлік компартия мүшесі болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, яғни 2001-2024 жылдар аралығында мектеп директорлығын 5 әйел атқарса, олар да «Отан», «Нұр Отан», «Аманат» сынды партиялардың мүшесі болды. Кейінгі 10 жылда, яғни 2014-2024 жылдар аралығында мектеп директоры болып Байгисиева Айжан Әділханқызы қызмет жасады.
Ол 1973 жылы Шу ауданы Абай ауылында дүниеге келген. Абай атындағы орта мектепті 1990 жылы бітіріп, сол жылы еңбек жолын Төле би ауылындағы балабақшада тәрбиеші болып бастаған. 1991-1996 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ қыздар педагогикалық институтының «География және еңбек пәні» мұғалімі мамандығын тәмамдаған. Ал 1995 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте тәлімгер, бастауыш сынып және география пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасады. 2010 жылы осы мектепте оқу тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, 2012 жылы оқу әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.
Айжан Байгисиева ұйымдастырушылық, іскерлік, белсенділік, талапшылдық қабілеттерінің арқасында мектеп өміріне көп өзгеріс әкелді. Мектептің тазалығы, безендірілуі өзгерді. Былтырғы оқу жылында білім ошағының үш бөлмесі заманауи, көрнекі құралдармен жабдықталды. Мектеп оқушылары аудандық, облыстық, республикалық ғылыми жоба байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрінді. «Үздік аттестат», «Үздік куәлік», «Алтын белгі» иегерлері де көбейіп келеді. Былтырғы мектеп бітірген 16 түлектің 10-ы жоғары оқу орнына түсіп, грант иегері атанса, 5-і ақылы оқуға түскен.
2024 жылы 17 ақпанда Төле би ауылындағы Оқушылар сарайында мектеп ұжымы «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты педагогикалық ұжымдар көркемөнерпаздары шығармашылығының VІІІ аудандық фестивалінде өнер көрсетіп, Т.Әшімбаев атындағы орта мектеп І дәрежелі дипломмен марапатталды. Мектепке сыйлық ретінде кондиционер табыс етілді. Бұл жетістікке жетуге музыка пәнінің мұғалімі Аханов Ерлік Дүйсенәліұлының еңбегі зор деп білемін.
Көптеген ұстаздарымыз жоғары санатты, аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі білім бәсекелері, ғылыми жобалар, пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ, республикалық педагогикалық «Білім. Kz», «Алаш ұстазы» журналдарына үздік сабақтарын жариялап, іс-тәжірибесін таратуда. Олардың қатарында Заур Нұртлеуов, Динара Ұзақбаева, Анар Жапекова, Лиза Тұрсынбаева, Анар Умбетова, Серік Муханов, Қабира Қоңырова, Анар Нұрпазилова, Меруерт Әденовалар бар. Аудандық «Ең үздік психолог» байқауында Анар Жапекова бас жүлдеге ие болып, облыстан да топ жарып, республикадан І дәрежелі дипломға ие болып, «Ең үздік психолог» атағын республика көлемінде дәлелдеп шықты.
Айжан Байгисиеваның осы уақыттарда атқарған нәтижелі еңбектері бағаланып, 2010 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2012 жылы Алғыс хатымен, 2013 жылы Шу ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен, 2014 жылы Алғыс хатымен, 2016 жылы Шу ауданы әкімдігі білім бөлімі басшысының Алғыс хатымен марапатталған. 2021 жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2022 жылы Астана қаласы «Аманат» партиясының Құрмет грамотасымен, 2023 жылы Алғыс хатымен марапатталған. 2023 жылы ҚР оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатын алып және «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты. 2023 жылы «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін» және әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгісін де иеленді. Бұл жетістіктерге жету жолында аянбай тер төгіп, мұғалім деген мәртебелі мамандықтың биігін сақтауға үлес қосып жүрген Айжан Әділханқызы жуырда ғана өзінің туған ауылындағы Абай атындағы орта мектептің директорлығына тағайындалды.
Айжан Әділханқызына Абай атындағы орта мектептің директорлық лауазымын абыройлы атқарып, денсаулықтың арқасында мектеп ұжымымен үлкен асуларды, белестерді бағындырып, үлкен табыстармен қатар, жетістіктерге жетіп, таудай мақсаттарды бағындыруына тілектеспіз.
Қазіргі уақытта Т.Әшімбаев атындағы орта мектепте оқу ісі жөніндегі орынбасары Мұханов Серік Қуанышбекұлы директордың міндетін атқарушы қызметін атқарып жатыр. Ол 1977 жылы Шу ауданында дүниеге келген, осы мектептің 1994 жылғы түлегі. 1994-1996 жылдары ауыл әкімшілігінде маман болып жұмыс атқарды. 1996-1998 жылдары әскер қатарында азаматтық борышын өтеген. 1999-2003 жылдары Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы мемлекеттік университетінің «Тарих, құқықтану» факультетін бітіріп, 2003-2006 жылдары Тараз қаласындағы №21 М.Жұмабаев атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған. Ал, 2006 жылдан бастап Т.Әшімбаев атындағы орта мектепке тарих пәні мұғалімі болып жұмысқа орналасты. 2020 жылдан мектепте оқу ісі жөніндегі орынбасары міндетін атқарады. «Аманат» партиясының мүшесі. Ол да бірнеше Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапатталған. С.Мұханов Т.Әшімбаев атындағы орта мектеп директоры болуға лайықты бірден-бір үміткер деп білеміз. Себебі, мектеп ұжымы, ата-аналар комитеті, ауылдық ақсақалдар алқасы, бастауыш «Аманат» партиясының мүшелері және ауыл тұрғындарынан қолдау тауып отыр.
Келесі 2026 жылы Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің шаңырақ көтергеніне 70 жыл толады. Міне осы өткен жылдар аралығында мектепті басқарып келген 14 директордың біреуі ғана мектеп түлегі еді. Ол 1969 жылы мектеп бітірген Аманбеков Совет Жауарбайұлы болатын (1985-2001). Егер Серік Қуанышбекұлы мектеп директорлығына тағайындалған жағдайда мектепті басқарған 15 директорлардың ішінен Совет Жауарбайұлынан кейінгі мектебімізді басқаратын екінші түлек болар еді. “Туған жерге туыңды тік” демекші, ауылымыздан шыққан азамат өзіміздің білім ордамыздың басшылық тізгінін қолына алар болса, бізге үлкен абырой емес пе?!

Әділхан ТОҚТЫБЕКОВ,
ардагер ұстаз.
Далақайнар ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.