Тауарлық несие – табысты еселеудің төте жолы
Тың технологиялар түрең салған уақытта азық-түлік қауіпсіздігіне алаңдайтын ағайынның қатарынанбыз. Себебі, қазіргі таңда Шопан ата шаруасын жалғастыруға кейбір отандастарымыздың ынтасы азаюда. Бұл орайда олардың алға тартып отырған уәжі де жоқ емес. Оның қатарында жайылым жердің тарлығы, тұрақты малшының тапшылығы, жем-шөптің жайы дейтін дүниелер бар.
Дейтұрғанмен, ата кәсіпті ардақтап, қорасына қой біткенін қалайтындардың да қатары жеткілікті екені бізді қуантады. Ауылдағы әлеуметтің әлеуетін еселеуді мұрат еткен мемлекеттік бағдарламалар жетерлік. Сондай бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты» болса, іске бейілді жандарға аталмыш бағдарлама негізінде қолға алынған «Тауарлық несие» жобасының болашағы зор деп сенеміз.
Бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен берілетін 2,5 пайыздық несие тұрғындардың жаппай жұмыспен қамтылуына қарқын бере алмады. Өйткені, жеңілдетілген несиеге қол жеткізу үшін де ниеттілердің қолында көлемді құжаттар болуы тиіс. Ал ауылдықтардың басым көпшілігі тұрмысын несиемен түзеп отырғаны жасырын емес. Сондықтан 70-80 пайыз адам бағдарламаға қатыса алмайды. Осы жайттарды ойға ала отырып, Үкімет тарапынан ешқандай кепілсіз және пайызсыз «Тауарлық несие» жобасы енгізіліп отыр.
Өздеріңіз жақсы білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ауыл тұрғындарын заңды түрде табысты жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы аясында «тауарлық несие» беру мәселесін қарастыруды тапсырды. Елді мекендерде мал басын көбейтуді, ауылдағы ағайынның жағдайын жақсартуды көздейтін бұл жоба көп ұзамай жүзеге асырыла бастады.
– Азаматтар, әсіресе ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі қарастыруы тиіс. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі,-деді Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауда.
Басылымның өткен санында елімізде оның ішінде Жамбыл облысында тауарлық несие беріле бастағанын хабарлаған болатынбыз. Жобаны алғаш жүзеге асырып отырғандар да жерлестеріміз. Шу өңіріндегі іргелі шаруа қожалықтардың бірі – «Атай» деп аталады. Оның жетекшісі Сәкен Атаев Өндіріс ауылдық округінің тұрғындары Қалисұлтан Тілепбергенов пен Бақытжан Ботаевқа әрбіріне құны 3 млн теңге болатын 50 бас аналық қой берген.
– «Жаңа жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беретін бастама деп есептеймін. Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру үшін қызығушылық танытып, жерлестеріме 100 бас қойды ұсынып отырмын. Сәтін салса, алдағы уақытта асыл тұқымды мал басын да беру жоспарымда бар. Бұл қадам қос тарапқа да берекелі болсын»,-дейді шаруақожалық жетекшісі.
Аздаған малына мал қосылған, жүрегін қуаныш кернеген абайлықтың бірі – Қалисұлтан Амантайұлы. Оның сөзінше, тауарлық несие несібені аттырудың төте жолы.
-Тауарлық несиенің қарапайым халыққа берері мол. Оны өз тәжірибемнен айтып отырмын. Ағамыздан аманаттап алған мал басын өсіріп, жыл сайынғы төлдерін беріп, шаруамды шалқытқым келеді. Бұл бір жағынан жауапкершілік жүктесе, бір жағынан еңбек етуге мүмкіндік туғызады. Осындай жобаны жасаған басшыларға, мал беріп отырған Сәкен ағамызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ,-дейді тауарлық несие тұтынушысы.
Сондай-ақ Қалисұлтанның ауылдасы Бақытжан Мықтыбекұлы да малы еселенгеніне дән риза. Оның ойынша, елімізде баламасы жоқ бұл бастама ауыл азаматтарына үлкен қолдау. Әрі табысты көтеруге таптырмас жоба. Ата кәсіппен айналысатын ауыл тұрғыны өз ризашылығын жеткізді.
– Қолдағы азын-аулақ малға 50 бас қой қосылып қуанып отырмыз. Тауарлық несиенің тиімді шарттарына дән ризамыз. С.Атаевқа ұқсаған шаруашылық иелері табылып жатса, алушылар жетерлік. Сол арқылы әлеуметтің әл-ауқаты жақсы болады деген сенімдемін. Осы игілікке қол жеткізгелі көптеген жылы лебіздерді естіп жатырмын. Өміршең жобаны қолға алып, амалға айналдырып отырған басшылыққа рақметімді айтамын,-дейді Б.Ботаев.
Шу ауданы әкімінің орынбасары Серікхан Пернештің айтуынша, қазіргі таңда тұрғындарға тауарлық несие туралы түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Бұл мәселе аудан басшысының да жеке бақылауында тұр.
– Тауарлы несиенің тиімді тұстары көп. Әсіресе, асыраушы саламен айналысамын деушілерге демеу болары анық. Мәселен, Абай ауылының қос тұрғынына берілген 100 бас аналық 50 бастан есептегенде 5 жылға беріледі. Тауарлық несиені алған алғашқы жылға каникул беріліп, мал алған тұрғын әр жылдың күзінде мал берген шаруашылыққа (операторға) 20 қозыдан беріп, 5 жылда 100 бас қозыны табыстайды. Осылайша қос тарапта ұтымды жағдайда қалады. Сол секілді екі жастағы 10 бас аналық сиыр тауарлық несие түрінде берілсе, 5 жылда 20 бұзау операторға қайтарылады,-дейді Серікхан Қуатұлы.
Осы орайда тауарлық несие беру тетіктерін де түсіндіріп өткен жөн. Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі ұсынған мәлімет бойынша ауыл әкімдері және ветеринариялық станциялар ең алдымен келісімге дайын операторларды анықтап, берілетін малдың ветеринариялық сараптамаларын жүргізеді. Сонымен қатар жеке қосалқы шаруашылық иесі яғни ауыл тұрғыны мен тауарлық несие ұсынатын оператор арасында келісімшарт жасау жұмыстарын ұйымдастырады. Өз қалауы бойынша оператор нотариус арқылы мүлікті кепілге қою, сақтандыру мәселесін қарастыра алады. Бірақ мәміле тараптардың келісіміне қайтады.
Одан бөлек, оператор өз бастамасымен облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы белгілеп берген сақтандыру қорына мал құнының 2 пайызы көлемінде жарна төлей алады. Бұл дегеніміз берілген малды жұқпалы дерт, инвазивті және жұқпайтын дерт, кездейсоқ жағдай, қауіпті табиғи құбылыс пен табиғи апаттар, өрт, үшінші тараптың залалды әрекеттері жағдайында шығынды толтыруға көмектеседі. Сақтандыру төлемі төрт түліктің түрлеріне қарай әртүрлі белгіленгенін атап өткен жөн. Ал сақтандыру барысы толығымен электронды түрде жүзеге асады.
Тиісті бөлімнің басшысы Қайсар Құтыбеков-тың айтуынша, ауылдық округ әкімдеріне операторларды анықтау жұмыстары тапсырылған. Жыл соңына дейін жоба толықтай іске асатынына сенім мол. Себебі, бұл сауапты жұмыс. Оған ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын деген ата-бабаларымыздың даналығы дәлел болмақ.
Алғашқылардың бірі болып алға ұмтылған Сәкен Атаевтың атымтай жомарттығын ауданның шаруа қожалықтарына үлгі етуге әбден болады. Тәуекелді талап ететін іске белін буып кіріскен жерлесіміз өзі айтқандай ауылдастарына асыл тұқымды малды тауарлық несие түрінде беруге бекініп отыр.
Ертеректе иен даланы еркін жайлаған халқымызда қайырымдылыққа шақыратын игі дәстүрлер аз болмаған. Олардың түрлері де көп. Халқымызда байлар мен ауқатты адамдардың айналасына мал таратып беруі – әлеуметтік жауапкершіліктің бір көрінісі болған. Сондықтан сауапты көздеп тегін бермесе де, тауарлық несие ретінде мал беру ата салттан алыстамағандық болар еді.
Жоғарыда айтқандай, жергілікті атқарушы органдар тарапынан түсіндіру жұмыстары жолға қойылған. Білікті мамандарды шаруа иелерімен кездестіріп, сұрақтарына жауап табуға мүмкіндік жасалуда. Сондай кездесудің бірі жуырда аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткізілді. Атап айтқанда, «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты «Тұрғындардың жеке кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларын несиелендіру жұмыстары» бойынша кездесу ұйымдастырылды.
Аталмыш кездесуді аудан әкімінің орынбасары С.Пернеш жүргізіп, жиынға келген шулық шаруалар мен кәсіпкерлерге облыс орталығынан келген мейманды таныстырып, сөз кезегін ұсынды. Өз кезегінде «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының несиелендіру департаментінің басшысы Асыл Ақберді тақырып бойынша түсіндіріп, тұрғындардың сауалдарына жауап қайырды. Оның ішінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізу жолдары мен шарттары жайлы тарқатып берді.
Жасыратыны жоқ, жерлестеріміз жеңілдетілген несие алуға құлықсыз. Оған себептері де жоқ емес. Құлаш-құлаш құжат, құнды кепіл қаржыға қол жеткізуде қиындық туғызады. Алайда, ауқымды қаражат алынып жатқандықтан тиісті орында талап бойынша жұмыс істеуге мәжбүр.
Тұрғындардың тұрмысын тіктеп, ауылдықтардың табысын арттыруда тауарлық қарыз тиімді екенін байқаймыз. Береген қолдың иелері табылған жағдайда, алушылар да аз болмайды деп сенеміз.
Байжан Емберді.