Ақпараттық портал

Ұлағатты ұл-қыздардың ұстаханасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялағанын атап көрсеткен болатын. Президент аталған сұхбатында: «Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек», – деді.
Президенттің бұл сөзі жұмысшы мамандар даярлайтын оқу орнының ұжымына да үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Өйткені, жұмысшы кадрлардың болашағының іргетасы кәсіптік білім беретін колледждерде қаланатыны әмбеге аян. Сондықтан колледждерде сапалы кәсіптік білім беруді жетілдіру маңызды. Бұл бағытта жаңа технологияларды меңгерген, тәжірибесі мол мамандар даярлау, дуальді оқыту жүйесін енгізу және оқу-өндірістік тәжірибені күшейту аса жауапты іс.
Ауданымызда жарты ғасырдан астам уақыттан бері кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы мамандарды қалыптастырып, елдің индустриялық-инновациялық дамуына үлес қоса алатындай шәкірттер дайындап отырған бірден-бір оқу орны – №10 Шу колледжі. Қоғамдық тілші ретінде осы колледждің кәсіптік маман даярлаудағы әлеуетін білмек болып аталған оқу орнына бас сұққанымда оның директоры Тоғжан Мусаева колледждің тыныс-тіршілігімен кеңінен таныстырды.
Негізінде бұл колледждің бай тарихы мен елге өлшеусіз қызмет еткен түлектері оның өңірдегі кәсіптік білім берудегі маңызын ерекше айқындайды. Тоғжан Тоқтарбайқызының жол бастауымен студенттер дәріс алатын оқу кабинеттерін, тәжірибе өтетін шеберханаларды, техника сақтайтын өндірістік ангарды, кітапхана, асхана, спорт зал, жатақхана, мәжіліс залын аралап көрдік. Осы арқылы студенттерге лайықты білім беріліп жатқанын ұғындық. Оқу ғимараттары мен өндірістік шеберханалардың заман талабына сай жабдықталуы студенттердің сапалы білім алып, тәжірибе жинауына өте қолайлы көрінді.
1959 жылдан бері бұл оқу орны ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтар бойынша білікті кадрлар даярлап, қоғамға қажетті мамандарды тәрбиелеп келеді. Сол кезде қазіргі Қонаев ауылында (бұрынғы Ворошилов селосы) №109 селолық ауылшаруашылық училищесі болып құрылған білім ошағы ең әуелі ауылшаруашылығына қажетті тракторшы – механизаторларды ауыл жастары арасынан даярлауды қолға алған. Колледж 1959 -1980 жылдары №109 селолық училище, 1980-2000 жылдары СПТУ-18, 2000-2002 жылдары КТМ-10, 2002-2007 жылдары №10 кәсіптік мектеп, 2007 жылдан 2012 жылға дейін №10 кәсіптік лицей атанса, 2012 жылдан күні бүгінге дейін №10 Шу колледжі болып балаларға білім беріп келеді.
Кейбір деректерге қарағанда училище қабырғасынан 32 мыңға жуық жұмысшы мамандығын игерген түлектер түлеп ұшқан. Олардың қатарында белбасарлық майталман механизатор, Социалистік Еңбек Ері атағын алған Жуман Құрманбаевтың, бұрынғы Ленин колхозының механизаторы әрі аға шопаны, Ленин және тағы да басқа ордендермен марапатталған Серік Оңласыновты және өзге де еңбек адамдарын мақтан етуге болады. Бұл ретте осы училище түлектері Тұрсын Жетпісбаев, Жаныс Досжанов, Ержан Өміралиев секілді айтулы азаматтардың ел басқарғанын да атап айтсақ, артық болмас. Колледжден кезінде осындай түлектердің, яғни елге еңбегі сіңген механизаторлар мен басшылық қызметтерге жеткен азаматтардың шығуы колледждің білім беру жүйесінің нәтижелі екенін көрсетеді. Колледждің тарихына көз жүгіртсек, кәсіптік білімнің дамуымен бірге колледж атауы да бірнеше рет өзгеріп отырғанын байқаймыз. Бұл оның заман ағымына сай бейімделіп отырғанын білдіреді. Бүгінде №10 Шу колледжі осындай бай тарихын мақтан тұтып, болашаққа нық қадам басып келеді.
– №10 Шу колледжі – өңірдегі кәсіби мамандарды даярлайтын жетекші оқу орындарының бірі. 1989 жылы салынған оқу ғимараты 480 студентке арналған, екі қабатты, типтік жоба негізінде тұрғызылған. Жалпы аумағы – 12 гектар. Колледжде білім беру бір ауысымда жүргізіледі. Биыл колледжде 440 студент мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алып жатыр. Оның ішінде 237-сі көпбалалы отбасынан шықса, 45-і аз қамтылған отбасы балалары. Студенттердің 75-і жартылай жетім, 5-еуі қамқоршылықтағы балалар.Барлық студент 100 пайыз тегін ыстық тамақпен қамтылған. 20 оқу кабинеті, 3 зертхана, 6 өндірістік оқу шеберханасы, 100 орындық жатақхана, 100 орындық асхана, спорт зал мен спорт алаңы, мәжіліс залы, медициналық кабинет, кітапхана, компьютер кабинеттері балалардың білім алуына ыңғайлы.
Колледжде 8 мамандық бойынша 11 біліктілік оқытылады. Атап айтсақ, «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Темір жолдың жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Темір жол вагондарын және рефрижераторлы жылжымалы құрамды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету», «Дәнекерлеу ісі» (түрлері бойынша), «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу», «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі», «Шаштараз өнері» мамандықтары бар. 2015 жылы жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, студенттерге барлық жағдай жасалды, – дейді Тоғжан Мусаева.
Колледждің 1-курс студенті, Белбасар ауылының тумасы Иса Айдын осы оқу орнында білім алып жатқанына қуанышты екенін айтады. Болашақта темір жол саласында қызмет етуді жоспарлапты. Жатақханада тұратын ол студенттердің тұрмыстық жағдайы жақсы, өздері ас әзірлеп, күнделікті қажеттіліктерін еш қиындықсыз атқаратынын сөз етті. Ал түскі уақытта колледж асханасында тегін ыстық тамақ ішеді. Ол №10 Шу колледжі техникалық және кәсіптік білім беру саласында сапалы мамандар даярлап, студенттерге жан-жақты мүмкіндік ұсынып келе жатқанын айрықша атап өтті.
Аспазшы мамандығын игеріп жатқан шоқпар-лық Мөлдір Джаманбалаева да жатақханада жатып оқиды екен. Ол студент үшін ең маңыздысы сапалы білім алу және кәсіби біліктілікті меңгеру екенін айтады.
– Оқу орнында барлық жағдай жасалған, әсіресе, кітапханаға жиі барып, қосымша білім алуға мүмкіндік болғаны қатты ұнайды. Әр жұма сайын студенттермен бірге тазалық жұмыстарына қатысамыз. Сонымен қатар, жатақханада қыз балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінген. Арнайы бақылаудың күшейтілгені – біз үшін үлкен жауапкершілік әрі қауіпсіздік кепілі. Бұл жағдай менің тек жақсы білім алып қана қоймай, тәртіпті әрі жинақы болуға үйренуіме септігін тигізуде. Сапалы білім тәжірибелі оқытушылардан сабақ алу және теория мен практиканы ұштастыру арқылы келеді. Сондықтан сабақтан қалмай, тек білім алу арқылы өзімізді дамыту үшін кітапхана мен үйірмелер беретін мүмкіндікті де пайдаланып жүрміз, – деді ол.
2021 жылы «Жас маман» жобасына енген бұл колледжге республикалық бюджеттен 280 миллион қаржы бөлініпті. «Жас маман» жобасының мақсаты – 100 сұранысқа ие мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Осы жобаны іске асыру аясында колледжде жұмыс тобы құрылып, оның құрамына арнайы пәндер оқытушылары, колледж әкімшілігі және әлеуметтік әріптестердің өкілдері кірген екен.
– Сатып алынатын жабдықтардың тізбесін жасау WorldSkills халықаралық стандарттарының, қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына және әлеуметтік серіктестердің ұсыныстарына негізделген. Колледждің материалдық-техникалық базасын жаңғырту мақсатында оқу-өндірістік шеберханаларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар орнатылды. Сатып алынған техникаларды орналастыру үшін ангар салынып, техникалар орналастырылды.
Студенттердің теориялық білімдерін одан әрі жетілдіру мақсатында іс-тәжірибеден өтуі үшін бірнеше техника түрлері есепте бар. Атап айтқанда, Комбайн(JONE DEER W430)-2, тіркемелі шөп шапқыш (KUN4060), түк тайлағыш (KAIHAN), телескоптық жүк тиегіш (CANMAX 680), тұқым сепкіш, 8 тонналық екі трактор тіркемесі, аспалы соқа, айналмалы соқа (SUKOV), SPA – 700 P бұранда кескіш станок, BKS – 2500 тегістеу-қайрау станогы, FP-25 тік фрезерлік станогы, DSL – 1100V ағаш жону станогы, B 1316 үстел бұрғылау станогы, 25 слесарлық жұмыс үстелдері, қолмен гидравликалық құбыр игіш станогтары бар.
Колледж базасында, сондай-ақ осы жобаны іске асыру аясында WorldSkills чемпионаттарына дайындықтан өтуге, кәсіби құзыреттер мен еңбек дағдыларын алуға және бекітуге мүмкіндік беретін Құзырет орталығы 2023 жылдың қазан айында салтанатты түрде ашылды. Заманауи құзыреттілік орталықтың ашылуына облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Мұхит Нысанбаев және Шу ауданы әкімі Бақытжан Жәнібеков, әлеуметтік серіктестіктер, кәсіптік және техникалық колледждердің оқытушылары мен шеберлері, БАҚ өкілдері, ауданның ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.
№10 Шу колледжі мен «Qyzylsha Zher» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы өңірлерге қажетті мамандарды даярлауда корпоративтік басқару туралы келісімшарт аясында үздік 2 студентіміз Түркия мемлекетінің Кония қаласында орналасқан «KONIA GIDA VE TARIM» университетіне келісімшарт негізінде тегін жолдама алды. Студенттеріміз жан-жақты білім алып, оқуын аяқтағаннан кейін «Qyzylsha Zher» кооперативінде мамандықтары бойынша жұмыстарын жалғастыратын болады, – дейді Т.Мусаева.
2024-2025 оқу жылында колледжде 40 педагог қызмет атқарып жатса, оның құрамында 12 педагог-сарапшы, 12 педагог-модератор және 1 магистр бар екен. Колледжде 2025-2030 жылдарға арналған біліктілікті арттырудың перспективалық жоспары бекітілген. Педагогтер әр 3 жыл сайын ҚР Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №473 бұйрығының 25-26 тармағына сәйкес 36, 72, 108 сағат көлемінде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Сондай-ақ, олар «Қамқор Локомотив», «Qyzylsha Zher», «Көзайым», «Арман», «Аңсар», «Manilla», «Bauyrdaq» секілді әлеуметтік серіктестер базасында тәжірибеден өтпек. Айта кету керек, халықаралық тағылымдамалар аясында 2017 жылы аспаз мамандығы бойынша Халида Байрамова Чехияда, ал Тоғжан Мусаева Түркияда, былтыр тағы бір педагог Сингапурда кәсіби біліктілігін жетілдіріпті. Өткен жылдың 25 желтоқсанында Н.Асабаев, Е.Қондыбаев пен Г.Мазабекова ҚР «Атамекен» ҰКП-нан «Жұмыс орнында оқыту педагогикасы. Тәлімгер-мамандарды аттестаттау» атты тақырыпта 16 сағат көлемінде оқуды аяқтаған. Нәтижесінде Мирас Қантаубай есімді студент «Кәсіптік білім. Еңбек. Табыс» облыстық форумында жұмыс беруші тарапынан жұмысқа тұрады.
– Колледж педагогтері кәсіби шеберлік байқауларына да белсенді қатысып келеді. 2024 жылдың 13-16 қазанында өндірістік оқыту шебері Г.Мазабекова Абай облысында өткен «Шаштараз өнері» республикалық байқауына қатысып, арнайы сертификат иеленді. 30-31 қазанда Ақтөбеде өткен «Темір жол вагондарын және рефрижераторлы жылжымалы құрамды пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету» байқауында өндірістік оқыту шебері Бектен Мамеков жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. 22 қазанда Шымкентте өткен «Digital Kazakhstan: ғылым және инновация» атты XY республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Бақытгүл Абдубаитова (химия) мен Әлия Андақұлова (тарих) жеңімпаздарды даярлағаны үшін мадақтама және сертификатпен марапатталды. 3-курс студенттері Тұрысбек Ұлбосын мен Төленді Жеңіскүл республикалық ІІ дәрежелі диплом иегерлері атанды. 25 қазанда Республика күніне орай ардагер ұстаздар Шалғынбай Малдыбаев, Ізтлеу Күзербаев, Баршакүл Жолдыбаева ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар 71 педагогтың мақаласы «Ұлы дала ұстазы», «Тағылым», «Қазақ білімі», «Қазақстан ұстазы», «Құзыретті педагог», «Үздік ұстаз», «Ustaz enbegi», облыстық «Озық сабақ» журналдарында жарық көрді. 50-ден астам студенттің мақаласы «Тағылым», «Жарқын болашақ», «Қазақ білімі», «BILIM BAQ» республикалық журналдарында жарияланды. Жұмысшы мамандықтардың сынға түсіп шыңдалатын, өз шеберлігін көрсететін «WorldSkills» колледжішілік чемпионаты жылда тұрақты түрде өткізіледі. Колледжішілік жеңімпаздар облыстық «WorldSkills» сынында бақтарын сынайды. «WorldSkills Jambyl-2023» Аспаздық ісі құзыреттілігі бойынша Даниярбек Арайлым Ержанқызы, «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Бейсен Назерке Ерболқызы сертификат, Дәнекерлеу технологиясы құзыреттілігі бойынша Нариман Төлепберген ІІІ орынды иеленді. Ал 2024 жылы«WorldSkills Jambyl-2024» облыстық чемпионатында «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша Ақілес Бақтығұлұлына, Дәнекерлеу технологиясы» құзыреттілігі бойынша Айдос Назарбекұлына, «Аспаздық ісі» құзыреттілігі бойынша Әсел Ерболқызына, «Наубайшы ісі» құзыреттілігі бойынша Жансая Маратханқызына сертификат беріліп және Дильназ Анарбайқызы үшінші орын тұғырынан көрінді.
Шу қаласы мен Төле биде орналасқан «Жастар ресурстық» орталығы ұйымдастыратын түрлі іс-шараларға колледж жастары тұрақты қатысады.
Шу қаласының әкімі Е.Нұралиевтің бастамасымен «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында әр азаматты өз ауласы мен көшесін таза ұстауға бейімдеу, салауатты өмір салтын ұстану және жастарды еңбексүйгіштікке баулу мақсатында ұйымдастырылған «Таза қала» атты тазалық жарысына қатысып, І орын және 100 мың теңге ақшалай ұтысты №10 Шу колледжі студенттерінен құралған команда жеңіп алды. Шу ауданы әкімі Б.Жәнібековтың ұйымдастыруымен өткен «Таза мекен» атты тазалық жарысына колледждің волонтер жастары белсене қатысып тұрады, – дейді директордың тәрбие жұмыс жөніндегі орынбасары Ә.Бақтораз.
Колледжде студенттердің қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлініпті. Аудандық ішкі істер бөлімімен бірлесіп, кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықты болдырмау, қылмыстың алдын алу мақсатында жоспарлы іс-шаралар жүргізілетін көрінеді. Осы бағыттағы жұмыстар аясында құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі мобильді топ пен полиция қызметкерлері «Түнгі қаладағы балалар» рейдін кестеге сәйкес тұрақты түрде ұйымдастырып келеді екен. Студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін колледж аумағында турникет, дабыл түймесі, күзет қызметі және 32 бейнебақылау камерасы орнатылыпты. Бұл шаралар студенттердің тәртіпті әрі қауіпсіз ортада білім алуына мүмкіндік беруде.
Бұрнағы жылы колледж студенттері 17 мың теңге шәкіртақы алса, 2024 жылы бұл сома 43 мың теңгеге артыпты. Ең жоғары шәкіртақы 51 мың теңге болса, оны 6 студент алып жүр. Шу ауданындағы 9-11 сынып оқушыларын жұмысшы мамандықтарын таңдап, білім алуға және аудан экономикасында еңбек етуге баулу мақсатында мектептермен кәсіптік бағдар беру жұмыстары нығайтылыпты. Бұл үшін жыл сайын «Ашық есік» күні ұйымдастырылуда.
Колледж ұжымы еліміздің экономикасын және өндірістік-әлеуметтік деңгейін көтеруге бағытталған, бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлауды өздерінің басты міндеті санайды. Сонымен қатар тәжірибелік өмірде және қоғамдық қатынастарда сұранысқа ие жұмысшы кадрларды даярлауға зор мән береді. 2025-2026 оқу жылында колледж аудандағы жұмысшы мамандықтарға деген сұранысты ескере отырып, «Агрономия» және «Бағдарламалық қамтамасыз ету» (ЭВМ) мамандықтарын ашуды жоспарлапты.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының негізгі міндеттерінің бірі – бітіруші түлектерді жұмысқа орналастыру және еңбекпен қамту. Бұл мәселе төңірегінде айтар болсақ, колледж түлектерінің жұмысқа орналасу жағдайы жақсарып келеді. Сондай-ақ колледж түлектері елдің қорғаныс ісінде белсенді болып, Отан қорғауға құштарлықтарын танытуда.
№10 Шу колледжі – білім мен кәсіпті ұштастырып, еліміздің даму жолына өз үлесін қосып келе жатқан жоғары деңгейдегі білім ордасы. Бүгінгі таңда колледж ұжымы өз шәкірттерінің болашақ мамандықтарына табысты жол аша отырып, олардың бәсекеге қабілетті, жоғары білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап отыр. 2025-2026 оқу жылына арналған қабылдау жоспары аясында колледж жаңа бағыттар мен мамандықтарды ашуды көздеп отырғанын мақалада айттық. Аталған мамандықтар жастарды тек жұмыс күші ретінде даярламай, оларды заманауи техникалық талаптарға сай, жоғары білікті мамандар ретінде дайындайды.
Колледждің басты мақсаты – болашақ мамандарға тек теориялық білім ғана емес, тәжірибелік дағдылар мен еңбек нарығындағы сұраныстарды игеру мүмкіндігін сыйлау. 2025-2026 оқу жылына оқуға түсу үшін колледжге келетін жастарға кәсіби білім алу мүмкіндігі, тәжірибеден өту, халықаралық деңгейде өзін көрсету және отандық экономикада маңызды орын алу сияқты теңдессіз мүмкіндіктер ұсынылмақ. Сондықтан алдағы уақытта талапкерлер осы мүмкіндікті қаперде ұстап, аталған колледж арқылы кәсіптік мамандық игеруге талпынса, ұтылмайды деп есептейміз.
Колледж ұжымы осы жолда болашақ мамандарға білімнің қыр-сырын үйретіп, олардың әрқайсысын өмірге бейім, өз ісінің шеберіне айналдыруға дайын отыр. Бұл оқу орнына қадам басып, кәсіби жолды таңдайтын жастардың арманы орындалып, олар келешекте өз елінің экономикасы мен дамуына зор үлес қосатынына сенеміз.

Ахметжан Қосақов,
ардагер журналист.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Leave A Reply

Your email address will not be published.