Ақпараттық портал

Тіл жанашырымен рухани кеш

Көреген басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген бір сұхбатында «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін, ең алдымен, ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе, мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды» деген болатын. Шын мәнінде ұлттық құндылықтарымызды қызғыштай қору, салт-дәстүрлерімізді дәріптеу, алаштықтар аманат етіп
кеткен ана тілімізді сақтау мәселелері күн тәртібінен түспек емес.

Баршаға белгілі, Шу өңірі нәубет жылдардың зобалаңымен, түрлі тағдырлармен талай ұлттардың басын қосқан қасиетті мекен. Әр ауылына көз тастасаң қазақтай болып кеткен, сөйлеуі қазақ тілінде судай ағатын түрлі ұлт өкілдерін кезіктіруге болады. Содан болар, аудан әкімдігінің тарапынан өтетін түрлі жиындарда да ана тіліміз ардақталып, еліміздің туын абырой қылып көтеріп жүрген тіл жанашырлары жиі шақырылады. Мәселен, былтырғы жылы тіл жанашыры, жерлесіміз Оразкүл Асанғазиевамен әсерлі кездесу өтіп еді. Араға жыл салып, тағы да мәдениет үйінің төрінде филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Парасат”, “Тіл жанашыры” құрмет белгісінің иегері Асылы Османмен мән-мазмұны терең жүздесу орын алды.
Қадірлі қонақ Асылы Әлиқызымен өткен кездесуге облыстық “Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков, аудандық мәслихат хатшысы Жасұлан Әбенов, қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестік жетекшілері мен аудан жастары қатысты.
Балалық шағы сайын даланы қанға бөктірген Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келген қайраткер рухани азық сыйлаған кешті өзінің басынан өткен небір қилы кезеңдерді еске алумен бастады. Солақай саясаттың салдарынан туған жерден жер ауып кетуге мәжбүр болған шақтарда қазақ елі құшағына басып, қонақжайлылықтың асқан үлгісін көрсете алғандығын тебірене айтқан кеш қонағы ойтүйерлік сөздерді тәпсірледі.
“Жер ауып келген алғашқы жылдардағы қиындықты бүгінде ешкімнің басына бермесін деп тілеймін. Сол бір күндерден осы күнге аман-есен жеткенім-қайырымды қазағымның арқасы” дегенде залдағы өзге ұлт өкілдері еріксіз бас шұлғып, ойға батып отырды. Қазақтың қандай халық екендігін айту үшін өз басынан өткен қилы тағдырын тілге тиек еткен Асылы Әлиқызының бүгінде өзін қазақтың бір қызы санайтынын жалпақ жұрт жақсы біледі. Бұған қоса, ұлтқа қызмет ете білетіні, небір өткір мәселелерді алға тартып жүргені, елдің болашағына алаңдауы өз алдына бір төбе.
Бұдан әрі еліміздегі этностар татулығын нығайтып, ынтымағын ыдыратпай сақтап келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылда аткарған жемісті еңбегі мен жетістіктері жайлы «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Мүбарак Қасымқызы баяндай келе, ұрпақты қоғамға қауіп төндірген бес кеселден сақтануға шақырған республикалық «Салауатты сана» жобасының бүгінде нәтижелі іске асып жатқандығын атап өтті.
Ортақ пікірлер тоғысқан басқосуда қонақтар ұрпақ тәрбиесі, тіл тағдыры, руханият, ұлттық құндылықтар, Отанды сүю секілді салмағы басым тақырыптарды тарқатты.
Кеш соңында Асылы Әлиқызы жастарға рух бермек мақсатта жалынды жырларды оқып, сұрақтарына жауап берді. Өскелең ұрпаққа тәлімі мол әңгімелер айтып, саналарына ізгілік нұрын себе түскен қонақтарға аудан басшысы Бақытжан Оразалыұлы алғысын айтып, сый-сияпат жасады.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.