Мемлекеттік тіл – мерейім
Кез келген ұлттың тілі – қатынас құралы ғана емес, ұлтты ұлықтайтын, қадір – қасиетін танытатын оның жаны, рухының тірегі, ұлттық сананың қайнар көзі. Сондықтан бәріміздің басты міндетіміз – тілімізді сақтап, сол тілде сауатты жазып, ойымызды мемлекеттік тілде таза жеткізу, оны күнделікті қолданыста дұрыс пайдалану.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 4-бабында айқын бекітілгендей, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылады, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі де мемлекеттік тілдің еншісінде.
Қазақ тілі – Қазақстанның болашағы үшін үлкен маңызға ие, өйткені ол қазақ халқының мәдени мұрасының негізгі элементтерінің бірі. Қазақ тілін қолдау және дамыту ұлттық бірегейлікті сақтауға және нығайтуға, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға көмектеседі. Қазақ тілін қоғам өмірінің түрлі саласында белсенді қолдану оның сақталуы мен дамуына ықпал етеді.
Тіл қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани әрі тарихи құндылық. Атадан балаға мирасқа қалып отыратын баға жетпес мұра. Сол баға жетпес мұрамыз ұмыт болып қалмас үшін өз ұлтымыздың болашақ тағдырына бейжай қарамайтын, саналы ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет.
Өзге ұлт өкілдерінің достық пен бірлігін нығайту, мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру ортақ мақсат. Келешек ұрпақты ана тілін кадірлейтін, ұлтжандылыққа тәрбиелеу аркылы тілімізге қуат беріп, жан бітіретін де, тіліміздің мәңгілік асқақтап, өркендеуіне де себепші болатын өзіміз екенін ұмытпағанымыз абзал.
Мемлекетік тілімізді нығайту мақсатында аудандық сот аудандық мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыстар жасауда. Аудандық соттың іс қағаздары толығымен мемлекеттік тілде жүргізілуде. Барлық сот қызметкерлері мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Аудандық сотпен қаралатын сот істерінің 90% мемлекеттік тілде қаралады. Мемлекеттік мекемелерден келген хат-хабар алмасулар, ілеспе хаттар, ішкі қызмет тілі, барлық жұмыс жоспарлары, БАҚ-қа жарияланатын мақалалар, ұйымдастырылатын іс-шаралар толығымен мемлекеттік тілде жүзеге асырылады. Автоматтандырылған құжат алмасу мен сот өндірісінің «Төрелік» ақпарат жүйесін мемлекеттік тілде жүргізу бірыңғай жолға қойылған.
Ахмет Байтұрсыновтың «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп айтып кеткеніндей, қазақ тілі – болашақтың тірегі екенін жадымыздан шығармай, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруді, оның қолдану аясын кеңейтуді әр азамат өзінен бастау керек деп ойлаймын.
Жәния Аубакирова,
Шу аудандық сот әкімшісінің бас маманы – сот отырысының хатшысы.