Ақпараттық портал

Жерлестеріміз тағы да жеңіс тұғырында

Газетіміздің өткен сандарында жергілікті бокс мектебінің жаттықтырушысы Уәлихан Көшербаевтың шәкірттерінің түрлі деңгейдегі бірнеше жарыстарда жеңімпаздар қатарынан көрініп, аудан абыройын асқақтатып жүргендігін жазып келеміз. Білікті жаттықтырушының тәлімін алып жүрген жас боксшылар жуырда тағы да спорттық бәсекеде жеңіс тұғырынан көрінді.
Нақты айтқанда, 23-26 қаңтар күндері Астана қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен республикалық турнирде топ жарды. Оған Ақтөбе, Семей, Шымкент, Қостанай, Қарағанды, Алматы қалаларынан, Түркістан облысынан барлығы 300- дей боксшы қатысқан болатын. Аталмыш жарыстан Мейрамбек Мейіржан, Жомарт Жігер, Жомарт Нұрислам, Бектұр Сағадат, Досжан Ерасыл, Тұрсын Дамир, Темірәлі Бағдәулет есімді боксшылар бірінші орынды иеленсе, Сансызбай Мирас, Меделхан Мирас, Кунчашев Альтаир, Аязбай Дінмұхамед, Жұмахан Нұрнияз, Базл Өмірұзақ, Джұлқайнар Елдар, Тлеулес Райымбек есімді спортшылар екінші орынды еншіледі. Ал Жомарт Айбол үшінші орыннан көрінді.
Сондай-ақ, 14-16 ақпан аралығында Тараз қаласында бокстан жасөспірімдер арасында өткен ашық турнирде де біздің жас спортшыларымыз тағы да жеңістің жалауын желбіретіп қайтты. Бұл жолы Досжан Ерасыл, Данияр Зауырбеков, Мейрамбек Мейіржан, Жұмахан Нұрнияз бірінші орынға ие болып, Айсұлтан Алишерұлы, Базарбай Нұртуған, Жұмахан Бекнұр, Мырзақұл Әділхан, Алихан Ерболұлы, Сансызбай Мирас есімді жасөспірімдер екінші орынды бағындырды.
Ал осы балалардың жеңіс тұғырынан көрінуіне бірден-бір себепкер адам, ол – жаттықтырушы екені мәлім. Сондықтан оның да еңбегі ерен екендігін атап өткен жөн.
-Біріншіден, балаларды жаттығудан қалдырмай және түрлі жарыстарға баруына қолдау көрсетіп жүрген барша ата-аналарға ризашылығымды білдіремін. Сонымен қатар, Шоқпар ауылының биі Ермахан Алтаевқа үлкен рахмет. Ол кісі де балалардың әр аймақта өтіп жатқан жарыстардан қалмауына, жалпы ұйымдастыру ісіне айтарлықтай үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да мұнымен тоқтап қалмай, әрі қарай спорттық жетістіктерді еселей түсуге күш сала беретін боламыз,-дейді Уәлихан Көшербаев.
Динара Бақытжанқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.