Ақпараттық портал

Ешкім ешқашан ұмытылмайды

«Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген сөз бар халық даналығында. Ерте замандағы батырларымыздың ерлігі халықтық эпостық жырларда айтылып, біздің заманымызға дейін жеткені белгілі. Жаугершілік-шапқыншылық кезіндегі елін, жерін қорғаған небір жанкешті жау жүрек батырларымыздың есімдері де халық санасында ұмытылмастай жатталып қалған. Бірінші дүниежүзілік соғыста, азамат соғысында, ұлт азаттық қозғалыста, Ұлы Отан соғысында да қазақтың қаншама әскери қолбасшылары мен сарбаздары ерен ерлік көрсетті.
Батырлар қай уақытта да батыр.Бейбіт күннің батырлары өздерінің көзсіз ерліктерімен бабалар үрдісін қайталауда. Сол батырларымыздың бірі әрі бірегейі біздің жерлесіміз, Шу ауданының тумасы, Төле би ауылындағы М.Әуезов мектебінің түлегі Райымқұлов Ерлан Тоқтарбайұлы. Ерланның ерлігі бүкіл Қазақстанға аян. Есіл өзенінде мұзбен алысып, суға кетіп бара жатқан 12 жасар қызды құтқарамын деп өзі де құрбан болған қазақ офицерінің ерлігін әлем таныды емес пе? Естігендердің өздері көзіне жас алды.
Мұндай ерлікті, адамгершілікті ұмыту мүмкін емес. Мұның жарқын дәлелі ретінде жуырда Мұхтар Әуезов мектебінде батыр Ерлан Райымқұловты еске алуға арналған аса ауқымды іс-шара өтті. Зал лық толды. Ерлан Тоқтарбайұлының ата-анасы, өкіл ата-анасы, жұбайы мен балалары, сыныптастары, аудан басшылары, ардагерлер, ата-аналар, оқушылар қатысты. Келушілер, яғни Ерланды құрметтеушілердің қарасы қалың болды. Мұны батырға тағзым десек те болады. Кездесуде сөз алған мектеп директоры Дархан Тәттібеков, Ерланның ата-анасы, балалары, сыныптастары, жолдастары және Ерланның ұстазы Қалдыкүл Медетбекова да өзінің мағыналы сөзімен оқушыларды отансүйгіштікке, өз халқына шын берілген азамат болуға шақырды.
Әрі қарай іс-шара жас сарбаздардың патриоттық әндерді орындауымен жалғасты. Барлығы бірдей формада киінген сарбаздардың әскери тәртіптегі жүріс-тұрысы мен рапорт беруінде мін жоқ. Қолма-қол айқастың небір үлгілерін көрсеткен жас сарбаздардың қимылынан ерекше әсер алдық. Бұл тұста мектептің әскери жетекшісі, аға лейтенант Қанат Бектияровтың өз мамандығының нағыз шебері екендігін аңғаруға болады. Жас сарбаздарға куәлік тапсыру үрдісі де өте тартымды өтті. Біз, ардагерлер қауымы дән риза болдық.
Шара соңында Тоқтарбайұлы Ерлан батырдың рухының құрметіне дастархан жайылып, құран оқылды. «Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды» деген қанатты сөз осындай сәтте айтылса керек. Біз де мектеп ұжымына алғысымызды айтып, тарқастық.
Мейрхан Балықбаев,
Шу аудандық әкелер кеңесінің төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.