Абайды тану – өзіңді тану
Биыл қазақ халқының мақтанышы, озық ойшылы, ақылман ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы екені елге мәлім. Осыған орай еліміздің әр қиырында алуан түрлі іс-шаралар өтіп, ақын есімі ардақталуда. Оның ішінде Шу өңірінде көптеген шаралар өтуде. Соның бірі – мерейтойға арналған «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты мәнерлеп оқу байқауы. Аталмыш байқау Далақайнар ауылындағы Түймебай Әшімбаев атындағы орта мектебінде ардагер ұстаз, осы жолдар авторының бастамасымен, қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері Гүлзира Ақбай, Нұрай Құмашқызы және Назым Теміртаеваның ұйымдастыруымен өтті.
Байқау қазақ тілі мен әдебиет пәнінің айлығына тұспа-тұс келіп, жоспарға бекітілген еді. Мақсаты мен міндеттері – ұлт мақтанышы Абай Құнанбаевтың шығармашылығын насихаттауға арналған дода жоғары деңгейде өткенін атап өткен жөн.
Бұл байқаудың өскелең ұрпаққа берері де мол. Өйткені оқушыларды тағылымы терең сабақтары мен ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мәдени іс-шаралар арқылы тәрбиелеу, ақын шығармалары арқылы шәкірт бойына рухани адамгершілік, имандылық, патриоттық қасиеттерін ұялату, дарынды оқушыларды анықтау және оларға шығармашылық тұрғыдан қолдау көрсету, ән, көркемсөз оқу өнерін дамытуға атсалысу, Абай мұраларының оқушылар арасында кең таралуына ықпал жасау- бүгінгі таңдағы басты мұраттардың бірі.
Байқау үш бөлімнен тұрды. Алғашқысы – «Өлең сөздің патшасы – сөз сарасы» атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу болса, кейінгісі – «Құлақтан кіріп бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» Абай әндерін орындау. Ал соңғысы – «Даналықтың дариясы» қабырғалы тұлғаның қара сөздерін жатқа айту болатын.
Өз әлеуетін паш етуге 5-10 сыныптың оқушылары белдерін бекем буды. Байқаудың әділ өтуіне, жеңімпаз оқушыларды анықтау үшін бес адамнан тұратын қазылар алқасы төрелік етті. Қазылар алқасы өз кезегінде ақын шығармашылығына арналған байқауға қатысушылардың жанды дауыста, саз аспаптарының сүйемелдеуімен және сахналық киім ерекшелігі, ұлттық киіміне, сахналық мәдениетіне назар аударды.
Байқау сабақтан тыс уақытта өткізіліп, мектеп директорының міндетін атқарушы Серік Мұханов, тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мақпал Абайханова, мұғалімдер және оқушылар үміткерлердің өнерін тамашалады. Математика пәнінің мұғалімі Данияр Шакенов байқаудың тізгінін өз қолына алды.
Алғашқы сөзді алған С.Мұханов байқаудың мақсаты мен міндеттері туралы айтып, оқушыларға сәттілік тіледі. Қатысқан 126 оқушыдан үздік деген 25 оқушы сахнаға шығып өзара бақ сынасты.
Мәнерлеп оқу номинациясы бойынша: бірінші орын Жасмин Жақсылық, Аяла Қайрат, екінші орын Хамза Әшімбай, Гүлжан Құлан, үшінші орын Милана Томпа, Айша Жуаспай еншіледі.
Ал Абай әндерін шебер орындау номинациясы бойынша бірінші орын Санжар Кенжебай, екінші орын Жансая Жұлдызқызы, Ақын Бақболат, үшінші орын Нұрали Қуаныш, Арген Қалдыбайға бұйырды.
Қара сөздерді жатқа оқу бойынша бірінші орын Ақерке Жарас, екінші орын Үміт Сейілбек, үшінші орын Сезім Орынбайға нәсіп болды.
Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар мен марапаттарға ие болды. Оқушылардың осындай биік белестерден көрінулеріне жоғарыда аталған қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің сіңірген еңбегі зор екендігін атап өткен абзал. Музыка пәні мұғалімдері Ерлік Аханов пен Мейрамгүл Жомартова оқушыларды Абай әндерін орындауына ықпал етіп, дайындық жұмыстарын, Абай әндерін саз аспаптардың сүйемелімен орындалуына және сахналық мәдениетіне назар аударғаны көрініп тұрды.
Сонымен қатар білім ошағының акт залында тәжірибесі мол, өз ісінің шебері мектеп кітапханашысы Нұргүл Оспанбекова «Абай – әлемдік маңызы бар тұлға» тақырыбында кітап көрмесін ұйымдастырды. Мұнда «Абай», заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың 4 томдық «Абай жолы» романы ерекше көзге көрінеді және Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары орын тепті.
Ә.ТОҚТЫБЕКОВ,
зейнеткер ұстаз.
Далақайнар ауылы.