Ақпараттық портал

«Жырым мені ешқашан өлтірмейді!»

Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, І дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерінің иегері Тұманбай Молдағалиевтің туғанына 90 жыл толуына орай Жайсан орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Абике Асель Қабылжанқызы «Жырым мені ешқашан өлтірмейді!» атты поэзиялық кеш өткізді.
Мақсаты – ақынның шығармашылығын насихаттау, әдеби мұрасына құрмет көрсету және оның өлеңдеріне деген жастардың сүйіспеншілігін арттыру.
Аталған кешке ұстаздар мен оқушылар, ата-аналар, сондай-ақ, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ермекова Дана Қуантайқызы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Умбетова Сауле Сүйебайқызы қатысты.
Іс-шара барысында «Тұманбай жыры – тұнған сыр» атты ақынның кітап көрмесі ұйымдастырылды. Лирик ақын Тұманбай Молдағалиевтің өмір жолдары мен шығармашылық еңбегі таныстырылып, естеліктері мен фотосуреттері қойылды. Сұрақ-жауап негізінде өрбіген әдеби кеште ақынның өлеңдері оқылды. Өнерлі өрендер күмбірлете күй шертіп, көркем бимен қатар, Тұманбай ақынның кең тараған әсем әндерін тарту етті.
Поэзиялық кеш барысында аумағы атшаптырым алаңда сөзін Тұмағаң, әуенін Нұрғиса Тілендиев жазған «Құстар қайтып барады» әнінің әуені ақырын естіліп тұрды. Ақынның өзі жырлаған құстар тәрізді оның «күзде халқымен қоштасқанымен, көктемде қайта оралып келеді» деген бір нәзік сезімі жүрек қылын шертіп еді сол сәтте. Сезім солай, дегенмен, ақыл-ойымыз өлгендер қайтып келмейтінін еске салды. Бір нәрсе анық, ақиық ақынның өзі өлгенімен, сөзі өлмейді. Тұманбай Молдағалиевтың азаматтық қасиетіне қайырылсақ, ол жарық дүниеге қара көзілдірікпен емес, махаббат көзімен қараған, сымбаты бөлек, сұлулықтың сырын ұққан, жаны жайсаң жан! Ақындығын айтса, құйылып түскен құйма талант. Содан болар, Тұманбай Молдағалиев: «Қазақ дейтін халықтың баласымын» деп өзі жырлағандай, сол ана халық, дана халық қазақпен бірге мәңгі жасай бермек.
Халқымыздың поэзия төрінен орын тапқан ақын шығармашылығы – өзінің әндеріне келіп қосылғанда- тұтас бір телегей-теңіз дарияға айналады. Тұманбай ағамыздың лирикалық кейіпкерінің жүрегі қылау түсе қоймаған сәбидің мінезіндей. Осындай сыршыл да таза жүректен шыққан дүниелер кімді де болса бей-жай қалдыра алмас?! Артында өлшеусіз мол рухани мұра қалдырған ақын қазақ халқының жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз.

Мадина Даулетказина,
Жайсан орта мектебінің ұйымдастырушы педагогы.
Жайсан ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.