Жақсылықтың жаршысы – Наурызек құсым келдің бе?!
Келіп жеткен Әз Наурыз мерекесі құтты болсын. Мұндай мамыражай тыныш күнге әр атқан таңда жаратқанға тәуба дейміз. Наурыз – құт-береке бастауы.
Бала кезімнен есімде қалған бір көрініс – наурыздың хабаршысындай Наурызек құсының келуі еді. Наурыз айының басында қар сөгіліп, жер қарая бастағанда біздің өңірге оңтүстік жылы жақтан ұшып келетін шымшық тұқымдасына жататын Наурызек құсы аяғы жіңішке, сарыбауыр, өзі көгілдір болып келеді. Әрі жеп-жеңіл, ұшқалақтап тұратын кішкентай құс – Наурызектің құйрығы ұзын болады. Ата-бабаларымыз «О, Тәңірім көктемнің хабаршысы – Наурызек келді! Енді күн жылынатын болды деп қуанып жүгіретін.
Наурызек құсы еліміздің оңтүстік өңірінде көбірек кездеседі. Бұл құсты еліміздің әр өңірінде әртүрлі атап жатады. Наным бойынша Наурызек келгеннен кейін күн жылынып, айтарлықтай боран, суық болмайды. Әлемде бұл құстың 60 түрі бар көрінеді. Ол ұясын көбіне шөп арасына салады. Жаз айларында мүлдем көзге ілінбейді десек те болады. Балапандарын шығарған соң жылы жаққа ұшып кетеді. Наурызек туралы мынандай бір аңыз әңгіме бар. Бүкіл әлемді топан су басқанда Нұх пайғамбардың кемесінен қарайған жерге алғаш Наурызек торғай ұя ашқан екен, сонда наурыз гүлі – бәйшешек гүлдеп тұрыпты дейді рубаятта. «Аңыз түбі – ақиқат» деп жатады текті халқымыз. Мүмкін солай болған да шығар… Сондықтан да Наурызекті жаңа жыл символы деп қабылдағанымыз жөн болар еді.
Наурыз мейрамын Кеңес дәуірінде волшевиктердің қысымымен ашық тойламаса да халқымыз оны мүлдем ұмытқан жоқ. Тұтастай болмаса да халықтың мәдени шарасында Наурыз мейрамы түрінде сақталып қалды. Себебі, халық жадында өзіндік орны болғандықтан, Наурыз мерекесі өміршең қалпын сақтап қалды. Бұл тұста абыздардың, дінбасылардың, ру ақсақалдарының, қоғам идеологтарының орны ерекше болғанын еске алмауға болмайды. Өз кезеңіндегі қоғамдық идеологияны қалыптастырған белсенді тұлғалар Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Дөнентаев, Өзбекәлі Жәнібековтерді де ерекше атап өтуге болады. Аты аталған арыстарымыз Наурызды тек қызық-думан қуған шаралар жиынтығы түрінде емес, қоғамдағы әлеуметтік қатынастарды реттеушілік мәнге ие бола алатын мейрамның бірегейі ретінде тұжырымдамасын қалыптастыруға күш салған.
Наурызда жұлдыздар теңеседі. Яғни Сүмбіле, Үш арқар, Таразы, Үркер және Сұлусары – біртүзудің бойында тізіліп орналасады. Жорамалшылар жұлдыздардың теңесуі мен күн мен түннің теңелуін байқаған. Жаңа күннің жарығы мен жылуы қытымыр қысты ысырып, жер бетін жылылыққа бөлеп, көк қуалайды. Күн өткен сайын күн белдеуі (күннің жүретін жолы) жоғарылай түседі.
Наурызды жыл басы деп қабылдаған. Парсы тілінде «нау» – жаңа, «руз» – күн деген ұғымдарды білдіреді. Ол шығыс елдеріндегі бүкіл халықтың ортақ мейрамы. Қазақ халқы да егемендік алғаннан бастап барша шығыс халықтары сияқты Наурыз мерекесін айрықша бағалап, оны жыл сайын үлкен құрметпен тойлауда. Қыс бойы ақ ұлпа қар жамылып жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің болса да көңіліне шаттық ұялататыны анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге саяды! Тіршіліктің арқауы алдымен тамақ. Дүние жаралғаннан бері жанды-жансыздың бәрінің талас-тартысы, шынын айтқанда, алдына салып айдап жүрген малының амандығы мен ұрпағының амандығы үшін өтіп жатқан жоқ па?! Наурыз, ол – жай мейрам емес. Анығында ата-баба дәстүріне құрметпен қарауды үлгі ететін үлкен мейрам. Барлығымызға ортақ мейрам құтты болсын! Бүгінгі жастар аман болсын, бақытты ғұмыр кешсін! Наурыздан наурызға жете беріңдер айналайын жастарым! Сендерге тілек-батам осы. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ыбырай БосҚынбаев,
зейнеткер.
Көктөбе ауылы.