Күбіні жаңаша кәделеген шебер
Тоғыз жолдың торабында орналасқан Шу ауданына қарасты Белбасар елді мекенінде темірден түйін түйетін қария бар. Шойын темірді кім ырқына бағындырмаған дерсіз. Алайда тоқсан жасқа таяп қалған қарияның темір жонудағы ептілігі таңдай қақтырмай қоймайды. Жетпіс жыл бойы тынымсыз жұмыс істеп келе жатқан ақсақалдың талай тірлікті тындыратын қуаты әлі де бар секілді. Өйткені ол күн-түн демей еңбек етуге, жаңа бір дүниені ойлап табуға ынтығып тұрады.
Темір жонуды күнделікті ісіне айналдырған Қартайған Баялбековтің қолынан шыққан бұйым жетіп-артылады. Басқаны былай қойғанда, қағілез қария электронды күбі ойлап тауыпты. Ұстаның ұстаханасында дайындалған сол күбіні алған кәсіпкерлер дән риза екен. Қарт ісмердің қолынан шыққан құндылықты сатып алған ауыл жұрты ұлттық сусын дайындап, кәсібін дөңгелетіп жатыр. Ақсақалдың шеберханасына келетін жас жеткіншектер де жеткілікті.
Есімі Қартайған болса да ақса-қалдың өзі қартаймаған деуге толық негіз бар. Оны шалт қимылынан, ептілігінен айқын аңғарасың. Жасы тоқсанды төңіректесе де қол қусырып құр жатпайтынына сүйсінесің. Тәуліктің едәуір бөлігін ауласындағы шеберханада өткізеді. Ғасырға жуық уақыт бұрын сатып алынған темір жонатын құрылғысын өзі «Бұл менің түйдей құрдасым», деп қалжыңдап та қояды. Айтуынша, темір кесетін құрал уақытында Астрахан қаласында жасалған көрінеді. Қимас досына айналған құрылғысымен қосалқы бөлшекті де, тұрмыстық заттарды да, темір тетіктерін де жасайды екен.
«Жалқаулық атаулымен жаным қас. Тоқсанға таядым деп шалжиып жатар жайым жоқ. Адам баласы үнемі қозғалыста болуы керек деп есептеймін. Қандай да бір жаңа дүниені ойлап шығаруды, оны іс жүзінде жасап шығаруды ұдайы ойластырып жүремін. Соны істеп бітпейінше жаным жай таппайды.
Өмірімде шаршадым деген сөзді айтып көрген емеспін. Есті адам еңбек етуден ешқашан қашпауы керек. Әсіресе, кейінгі жастар жалқаулықтан алшақ болса деймін. Өйткені еңбек бар жерде береке болады», дейді ақсақал өз ойымен бөлісіп.
Сом темірді сан мың мәрте иіп, жілікше шаққан шебердің қолынан шыққан күбінің жасалу технологиясы кімді де болсын таңғалдырмай қоймайды. Көнерген кір жуғыш машинаның қозғалтқышын қайта қалпына келтіріп, оны бес бөліктен тұратын темірмен әдіптеген. Әбден қиюын келтірген соң қуат көзіне жалғап көріп, бір қалыптан айнымай пісетін электронды күбі жасапты.
Шалғайдағы ауылда тұратын ақсақалдың айтуынша, осында жүріп-ақ алпыстан астам күбі өткеріп үлгеріпті.
Ісмердің қолынан шыққан сапалы дүниеге деген сұраныс ешқашан азайған емес. Алыс-жақын ауылдардан келген азаматтар кәсібін дамыту мақсатында Қартайған Баялбековке тапсырыс беріп жатады. Уақытында Қартайған қария жоғарыдағыдай механизммен жұмыс істейтін шағын су сорғы стансалары мен баспа құдықтарын да жасап шығарған көрінеді.
«Ілгеріде қолмен пісудің мехнатын әбден көрдік қой. Таңертең де, кешке де пісуге тура келеді. Кем дегенде екі сағаттап уақытың кетеді. Сонда қымыз дайындауға бес-алты сағат уақыт жоғалтатынбыз. Ал мына мотормен пісудің рахаты көп. Күбіні моторға қосасың да, өзің басқа шаруаңмен шұғылдана бересің. Осылайша, бұрынғы азаптан құтылып, уақыт үнемдеп жатқан жайымыз бар. Сол үшін де ардақты ақсақалға тек алғыс айтамыз», дейді ауыл тұрғыны Баян Бекішова қария қолынан шыққан күбі туралы пікірін білдіріп.
Қолы алтын шеберді көрші ауданның тұрғындары да жиі іздеп келеді. Әсіресе, маңайдағы Меркі мен Қордай ауданының тұрғындары Белбасарды жиі-жиі бетке алады. Ал өзара келісімге келген кезде кейбір шаруаны қария тапсырыс берушінің үйінде де атқара береді екен. Жасы тоқсанға келді демесеңіз, қарияның жүрісі ширақ. Тапсырыс сәл қашықтағы көшеден түссе, велосипедімен ызғытып жетіп барады. Ең бастысы, алған тапсырысын уақтылы әрі сапалы орындайды.
Табиғат МҰСЫЛМАНҚҰЛ,
журналист.