Жамбылдың мұрасы – ұлт руханиятының мәңгілік қазынасы
Қазақ халқының рухани қазынасында өзіндік орны бар, есімі ел тарихымен біте қайнасқан ұлы тұлғалардың бірі – Жамбыл Жабаев. Жүз жылдық ғұмырында халқымен бірге жасап, елдің мұңын мұңдап, қуанышын жырына арқау еткен ақынның шығармалары бүгінгі ұрпақ үшін де құндылығын жоғалтқан емес.
Міне, биыл «Ел болып оқимыз» акциясы аясында жыл бойына ақынның шығармаларын бірге оқуға ұсынылған болатын. Жамбыл шығармаларын оқу – ұлы ақынның бай мұрасымен танысып қана қоймай, ұлттық рухымызды жаңғыртудың бір жолы. Ақынның әрбір жырынан халықтың үні, елдің тарихы, туған жерге деген махаббат сезіледі. Жамбыл Жабаев – қазақтың жыр өнерін әлемге танытқан ұлы ақын. Оның сөзі – халықтың сөзі, жыры – елдің рухы. Сондықтан Жамбыл мұрасын оқу, насихаттау және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ міндет.
Осы орайда Бірлік ауылдық кітапханасында кітап көрмесі жасақталып, іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі – «Жамбылдың жырлары: рухани азық және тарих» тақырыбындағы поэзия сағаты. Шара барысында кітапханашылар Жамбыл Жабаевтың есімі қазақ әдебиетімен бірге жасай беретінін, оның жырлары кейінгі ұрпақты елін сүюге, бірлікті бағалауға, үлкенді құрметтеуге, адамдық қасиеттерді биік ұстауға үндейтіндігін айтты. Шара барысында М.Х.Дулати атындағы орта мектептің 8 сынып оқушылары ақын жырларынан шашу шашты. Кеш соңында тақырыпқа сай кітап көрмесіне шолу жасалды.
Жаңыл Үркербай,
Бірлік ауылдық кітапханасының кітапханашысы.