Ақпараттық портал

Үміт үзілмеген жерде нәтиже бар

Бала алғаш рет өздігінен қадам басқанда ата-ананың жүрегін ерекше қуаныш кернейді. Ал кейбір отбасы үшін баласының алғаш рет бір сөз айтуы, қасықты өзі ұстауы, басқа балаларға жақындап ойнауы немесе өз қажетіне байланысты ойын жеткізуі ұзақ күткен үлкен арманның орындалуымен тең. Осындай сәттерді күн сайын күтетін ата-аналар бар. Олар үшін баласының әрбір кішкентай жетістігі үлкен белес. Бір қарағанда қарапайым болып көрінетін әрекеттің артында кейде айлап, жылдап жүргізілген еңбек, төгілген тер, ата-ананың алаңдауы мен мамандардың табанды ізденісі тұрады.
Шу қаласында бір жылдан аса ерекше қажеттілігі бар балаларға түзете дамыту бағытында қызмет көрсетіп отырған «Тілашар» орталығының тыныс-тіршілігі осындай кішкентай, бірақ маңызы зор жетістіктерден тұрады. Мұнда мамандар баладан бірден үлкен нәтиже күтпейді. Керісінше, оның әрбір алға жылжуын байқап, соны келесі қадамға негіз етеді. Бүгінде орталықта балалар түрлі түзету қызметтерін алып жатыр. Олардың әрқайсысының даму ерекшелігі әртүрлі. Бір балаға сөйлеуді үйрету маңызды болса, енді біріне өздігінен тамақтану, киіну, қарапайым тапсырманы орындау немесе қатарластарымен қарым-қатынас жасау дағдысын қалыптастыру қажет болуы мүмкін. Сондықтан мұндағы жұмыс та әр балаға жеке жоспарланады.

Қазіргі таңда ерекше қажеттілігі бар балалардың мәселесі қоғам назарында.Бірақ мұндағы ең маңыздысы ата-ананың баласының бойындағы ерекшелікті ерте байқап, қажетті көмекті уақытында іздеуі. Өйткені баланың алғашқы жылдары оның болашақ дамуы үшін аса маңызды кезең. Мамандардың айтуынша, кейде ата-аналар баласының сөйлеуінің кешеуілдеуін «уақыты келгенде өзі сөйлеп кетеді» деп қабылдап, маманға жүгінуді кейінге қалдырып жатады. Ал қазіргі жағдайда баланың даму барысын ерте бақылау маңызды.
– Баланың психикалық дамуына ерте жастан назар аудару керек. Мысалы, 2-3 жастағы бала өзінің қажеттілігін айта алуы, дәретке отырғысы келгенін білдіруі, қасық ұстап тамақтануы, балалармен ойнауы және ата-анасы алыстап кеткен кезде оны іздеуі керек. Бірақ біздің орталыққа 5-6 жасқа келсе де осы күнделікті әрекеттерді орындай алмайтын, тіпті мүлдем сөйлей алмайтын балалар да келеді. Осындай баланың бір-екі айдан кейінгі өзгерісін көрудің өзі біз үшін үлкен қуаныш. Жақында бір анамыз баласының «ана» деген сөзді өздігінен айтып отырғанын айтып, қуанышын жеткізді, -дейді «Тілашар» орталығының директоры Чукелекова Махаббат Сәрсенқызы.
Маманның сөзіне қарағанда, ата-ана мен маман үшін баланың әрбір жаңа дағдысы – еңбектің нәтижесі. Мұндай жетістіктер бір күнде қалыптаспайды, үлкен еңбек арқылы қалыптасады. Бұрын ата-аналар баланың тілі үш-төрт жасқа келгенде өздігінен шығып кетеді деп күткен. Қазір мұндай ұстанымның орнына баланың даму барысын ерте бақылау қажеттігі айтылып жүр.
– Баланы маманға көрсету үшін міндетті түрде үш жасқа дейін күтудің қажеті жоқ. Бала бір жасқа толғаннан бастап оның түсінігіне мән беру керек. Қарапайым сөздерді, тапсырмаларды қалай қабылдайтынын, қоршаған ортамен қалай байланыс жасайтынын бақылаған жөн. Балада түсінік болып, бірақ тілі шықпай жатса, уақыт оздырмай мамандарға көрсету қажет, – дейді орталық басшысы.
«Тілашар» орталығында жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың үш деңгейі ескеріліп, әр балаға сәйкес логопедиялық жаттығулар жасалады. Сонымен бірге мамандар баламен қарым-қатынас орнату, оны ынталандыру, қолдау көрсету жолдарына да басымдық береді. Қазіргі уақытта орталықта АФК мамандары, сенсорлық интеграция мамандары, логопед-дефектолог мамандары, арт-терапия мамандары балалардың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Ерекше баламен жұмыс істейтін маманның білімі мен тәжірибесі үнемі жетілдіруді қажет етеді. Осыны жақсы түсінген орталық қызметкерлері біліктіліктерін арттыруға, жаңа әдістемелерді меңгеруге және тәжірибелі мамандармен байланыс орнатуға көңіл бөледі. Ұжым сенсорлық терапевт, дефектолог Гүлназ Бейсенбаевамен тығыз байланыста жұмыс істейді. Ол дефектолог-логопед Нұрахметова Шолпан Аянғалиқызының шәкірті. Орталық мамандары осындай тәжірибелі мамандардан тәжірибе алып, сенсорлық интеграцияның заманауи тәсілдерін меңгеріп келеді. Мұндағы мамандардың бірқатары Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты елдердің ірі қалаларында білім алған. Сонымен қатар Алматы қаласындағы орталықтың материалдық жағдайы да балаларға барынша қолайлы етіп жасалған. Екі қабатты ғимаратта екі АФК залы, бес сабақ өтетін кабинет, бассейн, жуынатын орын және әжетхана орналасқан. Ата-аналар үшін де жағдай қарастырылған. Дәліздегі камера арқылы олар баласының сабақ барысын бақылап отыра алады.
Бұл жерде ата-аналар да назардан тыс қалмайды. Мамандар оларға психологиялық қолдау көрсетіп, баламен дұрыс қарым-қатынас орнатудың жолдарын түсіндіреді. Себебі баланың орталықтағы екі сағаттық сабағынан бөлек, қалған уақытын отбасында қалай өткізетіні де оның дамуына әсер етеді. Орталықтың жұмыс бағыты Алматы қаласында негізі қаланған «Басқадам» түзете дамыту орталығының тәжірибесімен де сабақтас. «Басқадам» орталығының негізін қалаушы әрі бірнеше орталықтың демеушісі – Бейсембаева Гүлназ Дүйсенбайқызы.
«Тілашардың» әр күнгі тірлігі осындай кішкентай жетістіктерден құралады. Бір бала бүгін бір сөз үйренсе, екіншісі жаңа әрекет жасайды. Бірі алғаш рет өз ойын білдіруге талпынса, енді бірі қатарласына жақындап, бірге ойнауға қадам басады.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.