Ақпараттық портал

Наурызнаманың әр күнінде тағылым бар

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында «Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе, төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді» деген болатын.
Президент атап өткендей, наурыздың 10 күні түрлі тақырыптарға байланып, түрлі шаралар өткізіліп келеді. Оның өрнегі өсиетті берік ұстанған өңірімізде өз ізін салды.
Атап айтқанда, алғашқы күн – Көрісу күнінен басталып, тұрғындар туыстарымен, таныстарымен, әріптестерімен құшақтасып, жылдан есен екенін білдіріп жатты. Оның ішінде Шу аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мекемелерді аралап, әндерін паш етіп, құттықтауларын жеткізді.
Сондай-ақ, Шу аудандық орталық ауруханасының «Қамқорлық» балалар оңалту орталығында да ерекше қуанышты сәт орын алды. “Хим Плюс” ЖШС бас директоры Олжас Оралғазы мен бас дәрігер Жайдар Әйтішев оңалту емінің оң нәтижесі арқасында алғаш қадам басқан үш ерекше баланың тұсауын кесті.
Сонымен қатар қайырымдылық күні аясында да ауданымызда игі істер көрініс берді. Оның ішінде Балуан Шолақ ауылы мен Шу қаласында баспана тарту етілді. Алғашқысы – Шу ауданының Құрметті азаматы Шымшық Мадалиева ауылдасына үй тарту етсе, кейінгісінде «Харекет» қайырымдылық қоры көпбалалы отбасына баспана кілтін табыстады. Шу аналары қоғамдық бірлестігінің аз қамтылған отбасына азық-түлік себетін таратуы да жүректі жылытқаны рас.
Тұжырымдамада қарастырылған тақырыптың бірі – Шаңырақ күні. Атаулы күнге де ауданда бірқатар шаралар өткізілді.
Биылғы Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, 17 наурыз – “Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр” күні белгіленді.
Бұл күні Шу ауданының білім бөліміне қарасты Еңбекші орта мектебінде асыл қазынамызды қайта жаңғыртып, жалпы халықтың сипат алуына ден қою, жас ұрпақтың бойына сіңіру, ұлт құндылығын насихаттау, Наурыз мерекесі туралы толық мағлұмат беру, қазақ елінің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйрете отырып, Ұлыстың ұлы күні екенін ашып көрсету мақсатында білім алушылар арасында “Жыл басы”, “Наурыз қоржын шашу” тақырыбында сынып сағаттары мен Наурыздың ғасырлық дәстүрлерінен көріністер ұйымдастырылды.
Жуырда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы ұлттық киім жайын да тілге тиек етті.
-Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды. Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ, ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс,-деді Қ.Тоқаев.
Ұлттық киімді ұлықтау, ұрпақ санасына сіңіру өңірімізде сәтті жүзеге асты. Өйткені, осы күні әлеуметтік желілер мен күнделікті жұмыс барысында басшылар мен ұжым қызметкерлері оқалы киім, оюлы шапан киіп, мерекенің шырайын келтірді. Бір қуаныштысы, бұл үрдіс бір күндік науқанға айналмай әлі де қолданысқа еніп отыр.
Бірер күн бұрын тұжырымдама аясындағы Жаңару күні де ауданымызда ерекше маңызбен амалға асты. Олай дейтініміз, аудандық ардагерлер кеңесі тал-дарақтар отырғызып, жерлестерімізді жаңаруға шақырды. Олар «Оқушылар сарайының» алдына көпжылдық талдарды тігіп, тілектерін жаудырып жатты. Мұны көрген жас буын мерейленіп, ата-әжелерінен үлгі алады деп сенеміз.
Өшкенімізді жандырып, өзіміздің болмысымызға үңілуге үндейтін бұл тұжырымдаманың тағылымды тұсы жетерлік деп топшыладық.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.