Нәрлі наурыз көжесін-ай, жеңгемнің!
Қазақ халқы ықылым заманнан көктемді «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы» деп тегін атамаса керек-ті. Қысқы азықтың бітіп, жем толы қаптың түбі босап, төрт түлік малдың төрт аяғын әрең басып тұратын кезі бұл. Дәл осы тұста әлсізденіп, иммунитеті түскен адамдар да көктемнің көк өзегінде тоя тамақ ішіп, әл жинаған. Бұрынғылардың «Мал аузы көкке, жан аузы аққа тиді» деген уақыты осы шақ. Кейбір өңірлерде «тоқтық көже»аталып кеткен наурыз көженің маңызы бөлек. Мәніне үңілсеңіз, дархан халқымыздың көрегендігіне қайран қалып, таңдай қақпай қоймайсыз.
Жеті жұрттың қамын жеген халқымыз жеті түрлі астан наурыз көжені даярлаған. Қарап отырсаңыз, әр қосылатын өнім жыл бойына сақталып, бай дәруменнің қорын бойына жинақтайды. Мәселен, сүрленген ет, жеті түрлі дән сынды қоспалар сары майдай сақталады. Ал, осы наурыз көже әр өңірде әртүрлі жасалады.
Бір облыста орын тепсе де туып өскен өңірім мен келін болып түскен өңірдің наурыз көже даярлау әдісінде ерекшелік бар. Сарысудың сары даласында балалық шағым өтті. Әлі есімде шағын ғана ауылымызда алты қанат, он екі қанатты киіз үйлер тігіліп, әр көшенің ақ отауына елге сыйлы көнекөз қариялардың аты берілетін. Наурыз тойы тойланар кезде әйелдердің атқаратын қызметі ерек. Бір үйге әжелер жиналып, үйлерінен бір матаға түйе келген уыс-уыс бидайын, жүгерісін келі түбіне салып жіберіп, келсаппентүйетін. Содан түйілген жүгері мен бидайды табаққа салып жел тұрған бағытқа қарай ұстап, қауызын ұшыратын. Дайын болған дәндерді, сүрленген етті, дәмін кіргізетін қоспаларды қосып бір күн бұрын шала пісіріп, бұқтырып қоятын. Ертесіне қазанның астына от жағып, баппен қайнатып, қолдан туралған кеспені, сүтті кейде езілген құртты қосып, көпшілікке ұсынатын. Дәмі таңдайымда қалып қалған тіл үйіретін ерекше дәмді аңсап тұрамын.
Келін болып түскен Шу өңірімде де наурыз көжені дайындауда өзіндік ерекшеліктері бар аналарымыз аз емес екен. Бір Абай ауылының өзінде де әр үйдің көжесінің дәмі өзге, қоспасы бөлек. Жеті түрлі болмаса да әркім қалауынша түрліше дән қосады. Иісіне сілекейім шұбырып, дәміне тілім үйріліп, қарным тойса да көзім тоймай, жарыла ішкен наурыз көжені дайындайтын жеңгемнің наурыз көже дайындау әдісімен бөліспекпін.
-Біз қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүрді жетік білетін ауылда өстік. Әжем, анам бала күнімнен дәмді тамақтар істеуді үйрететін. Күн мен түннің теңеліп, тіршіліктің жаңаратын кезінде қыстан қалт-құлт етіп шыққан көпшілік көбіне дәруменге бай тағамдарды жасаған. Мәселен белкөтерер, ұйқыашар, наурыз көже сынды дайындалу тәсілі ерекше, ырымдық тағамдар әзірленеді. Наурыз қарсаңында қыстан бала-шағамызбен аман шыққанымызға шүкіршілік айтып, көрші-қолаң, туған-туыстардың басын құрап наурыз көже таратамын. Әз Наурызда берілетін көжені ерекше ықыласпен дайындаймын. Көженің маңызы сорпасында. Сол үшін алғаш қыста сойылған соғымнан ет пен қазыдан алып қаламын. Қыстай сары майдай сақталған, әбден сүрленген ет пен қазының дәмі бір бөлек қой, шіркін! Ет асылып жатқанда сәйкесінше тұз, дәнді-дақылдарды саламын. Атап айтқанда, жүгері, бидай, арпа жармасын, асбұршақ, машты қосамын. Барлық дәндерді езіліп кетпес үшін пісу уақытына сай жекелеп, кезекпен салып, баппен баяу отта пісіремін. Дайын болған көжеге «Ақ мол болсын» деген ниетпен сүт немесе езілген құрт қосып, қонақтарға ұсынамын,-дейді Абай ауылының тұрғыны Асыл Шадыбекова (суретте).
Самарқанның көк тасы жібіп, күн мен түннің, бай мен кедейдің теңелер уағында соңғы наурызша қары жауып, жердің тоңы жібіп, наурызшешек гүлі бүр жарып шығып, наурызек құсы ұшып келіп, тамылжыған үнімен табиғатқа жаңару мен жарасымдылық сыйлайды. Жарасымдылықтың жібін жалғап, құшағын кеңге жаятын жеңгелеріміздің жайған дастарханынан дәм татып, ұлық күні ұсынған наурыз көжесін түбіне дейін тауысып, жайма-шуақ күндерде әзіліміз жарасып, қол ұстасып үйді үйге кіріп жүргенге не жетсін?!
Айғаным РЫМБЕКҚЫЗЫ.