«Театр – өнер айнасы!
Тарих тереңіне зер салсақ, киелі Шу өңірінде есімі елге танылған талай талантты тұлғалардың туып-өскендігін аңғарамыз. Бүгін де солардың ізін жалғаған кейінгі буын өкілдерінің де өнер ауылынан алыстамай, тың шығармашылықтарымен ауданымыздың мәдениеті мен өнер саласына үлес қосып келе жатқандығы көңіл қуантады. Сөзіміздің жарқын дәлелдерінің бірі ретінде бірнеше жылдан бері ауданымызда өз жұмысын жүйелі жалғастырып келе жатқан театр ұжымдарын атап айтуға болады.
Мысалы, «Шу қаған», «Шу» халық театрлары жергілікті қауымға рухани азық сыйлап, жылдар бойы табысты қызмет етіп келеді.
Аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты аудандық мәдениет үйі жанынан 1978 жылы үйірме ретінде құрылған «Шу» халық театры осы жылы өзінің халықтық атағына ие болып, содан бері осы атақты қорғауды жалғастырып келеді. Ал, мақсат – үйірме қатысушыларына әртістік өнерді сахна кейіпкерлері арқылы меңгертіп, қоғамға көзқарастарын қалыптастырып, ойларын еркін, толыққанды әрі нақты жеткізуге болатындығын түсіндіру, сахна мәдениетін сақтауға тәрбиелеу, әртістік шеберлік элементтері арқылы көркем түрден жаңа түрге айналдыруды үйрету болып табылады. Осы тұстан бастап ұжым шығармашылық жолда біраз шыңдалып, «Тірі екенсің, махаббат», «Апа, апатай» атты көріністі, «Пай-пай, жас жұбайлар» атты екі бөлімді комедияны сахналап, халықтық атағын қорғады. Одан бөлек, театр ұжымы «Жаралы гүлдер», «Есірткімен есірген есерлер» қойылымдарын, «Қыз жиырмаға толғанда» комедиялық драмасын, балаларға арналған «Қаңбақ шал» ертегісін сахнаға шығарып, Шу ауданының мәдениет және өнер күніне орай, «Шу батыры» көрінісін, «Кім кінәлі?» атты мелодраманы, «Сыған серенадасы» атты екі бөлімді поэтикалық драманы сахнаға шығарып, көрермен назарына ұсынған.
Бертін келе, яғни 2010 жылы Тараз қаласындағы облыстық қазақ драма театрында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына орай өткен фестивальде «Шу» халық театры «Кішкентай ауыл» атты екі бөлімді драмасын, 2013 жылы облыстық мамандардан құралған қазылар алқасы алдында «Ең әдемі келіншек» атты екі бөлімді лирикалық шығармасын, 2016 жылы «Бес бойдаққа бір той» атты екі бөлімді музыкалық комедиясын сахналап, осы қойылымдар арқылы бірнеше рет халықтық атағын қорғады. Сондай-ақ, 2013 жылдың күзінде Жамбыл облсының 75 жылдығына орай, Тараз қаласында өткен облыстық халықтық театрлардың «Театр-KZ» фестиваліне «Ең әдемі келіншек» қойылымымен қатысты.
Бүгінгі таңда Эльмира Тулешова жетекшілік етіп отырған театр үйірмесі арқылы шығармашылық жолда шыңдалып келе жатқан қатысушылардың жалпы саны 20 адамды құрайды. Үйірме өз жұмысын жолға қойған соң, әр кезеңдерде түрлі байқауларға қатысып, түрлі марапаттарды иеленген. Мысалы, соңғы жылдарда қол жеткізген жетістіктерге ғана тоқталар болсақ, 2022 жылы қазақтың ұлы жазушысы, қоғам қайраткері М.Әуезовтың 125 жылдығына орай, «Театр – өмір айнасы» атты халық театрларының фестивалінде «Шу» халық театрының ұжымы «Айман-Шолпан» қойылымын сахналап, «Үздік спектакль» номинациясымен марапатталған.
Ал, Шу қалалық мәдениет үйінің жанынан құралған «Шу қаған» халықтық театрының шымылдығы 2016 жылдың желтоқсан айында түрілді. Театр шаңырағын көтеруге Е.Милькибаев, К.Тұрлыбекова, М.Азаматов, Н.Сансызбаев, Н.Болаева, Б.Сатыбеков, А.Дихановалар атсалысты. Содан бері театр шығармашылық ұжымының өнері облыс, аудан, қала тұрғындарының ыстық ықыласына бөленуде. Қазіргі таңда театр қоржынында 30-дан астам қойылым бар. Әр спектакльдің актерлар үшін, оны тамашалап отырған көрермен үшін алар орны ерекше екені хақ.
Театр драма, тарихи драма, ертегі, траги-комедия сынды төрт жанр бойынша жұмыс атқарады. Өнер ұжымы құрылған сәттен Күннұр Тұрлыбекова режиссерлік қызмет атқарып келсе, 2021 жылдың қараша айынан «Шу қаған» халық театрының жетекшісі болып Надира Болаева тағайындалды.
Театр ұжымы мәдени іс-шараларға қатысуда әрдайым белсенділік танытуда. Олар дәстүрлі мерекелік шаралар, тақырыптық, мерейтойлық, шығармашылық кештерді дайындап, кездесулер мен байқауларды ұйымдастыруда және әрбір іс-шараны шеберлікпен өткізуде жоғары деңгейден көрініп жүр. Театр қызметкерлері «Құдағилар», «Құттықтау», «Сергелдең болған серілер» атты қойылымдарды гастролдік сапарларда, қалалық мәдениет үйінің сахнасында көрермен назарына ұсынды. Нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай, «Есірткі таратушы» қойылымы қойылса, жаңа жылдық балаларға арналған ертеңгілікте «Буратино», «Волшебный посох» ертегісінен үзінділер сахналанды. Шу қалалық мәдениет үйінде қала тұрғындарына «Шу қаған» халықтық театрының сахналауымен М.Баджиевтің «Құдалар» траги-комедиясы қойылды.
Еліміздегі тарихи оқиғаларға қатысты мерейлі белестер мен айтулы күндерге орай, түрлі тақырыптарда қойылымдар дайындап, оны көптің назарына ұсынудан тыс қалған емес. Мысалы, «Шу қаған» халық театры өз жұмысын жолға қойған сәттен бүгінгі күнге дейін Е.Әлімжанның «Төле би» драмасын (Төле би рөлін жас актер Марлен Азаматов сомдады), «Экспо -2017» мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында өткен Жамбыл облысының мәдениет күнінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрі «Беташар» рәсімін, Шу қаласындағы Балалар-жасөспірімдер орталығында «Керей мен Жәнібек» тарихи драмасын, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын насихаттап, ұлттық рухымызды жаңғырту мақсатында «Салт дәстүрім – қазынам» атты қазақтың сәлт-дәстүрінен көрініс сахналады. Халықаралық күлкі күніне орай үйірме мүшелері Ә.Толымбектің «Әйелдің аты – әйел» әзілін дайындап, көрерменге ұсынды. 2018 жылы Жастар жылына орай, «Шу қаған» халық театры ұжымы Қордай ауданы, Әлжан ана ауылына «Ер көжек» балалар ертегісімен ақылы түрде гастролдік сапарға шығып қайтты. 2019 жылы театр ұжымымен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Тарихтың ақтандық іздері…» атты іс-шарада қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мақсатында тарихи қойылым қойылды.
Сондай-ақ, әр жыл сайын өткізілетін “Театр – өмір айнасы” атты халық театрларының облыстық фестиваліне де белсене қатысып тұрады. Оның жарқын дәлелі 2020 жылы «Шу қаған» халық театрының ұжымы аталмыш фестивальда Б.Римованың «Абай-Әйгерім» атты спектакльінен үзінді қойып, Алғыс хатпен марапатталса, 2021 жылы Ш.Мұртазаның «Азиза» тарихи драмасымен қатысып, «Үздік режиссура» номинациясын иеленген. Ал, 2022 жылы дәл осы фестивальға «Еңлік-Кебек» атты қойылыммен қатысса, 2023 жылы Ш.Башбековтың «Шойын қатын» атты қалжыңсыз комедиясымен қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды. 2024 жылы сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Шоқ тілді Шона» атты республикалық әзіл-сықақ фестиваліне «Колхоздан келген қыз» және «Малдыбайдың әнімен» атты қалжыңсыз комедияларымен қатысып, мұнда да Алғыс хат иеленіп қайтты. Ал, үстіміздегі яғни 2025 жылда театр ұжымы жоспарға сай бірнеше қойылымдарға дайындық үстінде.
Сондай-ақ, ауданымызда «БІ-АRT» шығармашылық орталығы жанынан құрылып, балалар мен жасөспірімдердің өнерге деген қабілетін шыңдауды басты мақсатқа айналдырған «Шырақ» театры 2020 жылдан жұмыс жасап келеді. Бұл театрды ауданымызға белгілі өнерпаз Мақсат Мақсұт о баста балалар шығармашылығын дамытуға бағытталған үйірме ретінде өз қызығушылығымен ашып, сол уақыттан бері жетекшілік етіп келеді және алдағы уақытта театрдың халықтық атағын лайықты қорғап, жастар мен жасөспірімдер театрын ашуды көздейді.
Үйірмеге қатысу тегін. Өйткені, театр жетекшісі балаларды өздерінің бос уақыттарын тиімді пайдалануға дағдыландыру, балалармен жұмыс жасап, оларды сахнаға дайындау ісіне әуесқойлық танытқан жан.
Жиырмаға жуық оқушы сабақ алып жүрген «Шырақ» театрының алдағы мақсаты да айқын. Мақсат Мақсұттың мәлімдеуінше, олар алдағы уақытта Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына үлкен іс-шара өткізіп, «БІ-АRT» шығармашылық орталығының бес жылдығына орай үлкен қойылымдар дайындауды жоспарлап отыр.
Жуырда ҚР мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ Шу ауданының 95 жылдығы мен Шу қаласының 65 жылдық мерейтойы аясында және 27-наурыз – Халықаралық театр күніне орай, Мақсат Шәймерденнің басшылығындағы Шу қалалық Жастар ресурстық орталығы мекемесінің ұйымдастыруымен, жоғарыда аталған үш театр арасында «Театр – өнер айнасы» атты байқау өткізілді. Байқаудың мақсаты – көпшілік арасында театр өнерін насихаттап, дамыту, жас таланттарды анықтап, оларға қолдау көрсету, театр ұжымдары арасында шығармашылық байланысты орнату, қоғамдық мәселелерді театр өнері арқылы көрсету, лудомания (құмар ойынға тәуелділік), отбасындағы зорлық-зомбылық пен ішімдіктің, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің алдын алуға ықпал ету, көрермендерге тәрбиелік мәні бар қойылымдар ұсына отырып, олардың санасында оң көзқарас қалыптастыруды көздеді. Қойылымдардың жанрына шектеу қойылмады және бағалау барысында сахналық қойылымның бірегейлігі мен көркемдік тұтастығы, кейіпкерлердің актерлік шеберлігі, яғни қойылымға қатысушылардың кейіпкерді сенімді бейнелеп, сахналық эмоцияның берілуі, қойылымның мазмұны мен драматургиялық құндылығы, көркемдік безендірілуі, аудиторияға әсер ету деңгейі мен қойылымның тәрбиелік маңызы басты назарға алынды.
Екі күнге созылған байқаудың алғашқы күнінде «Шу қаған» халық театры қалалық мәдениет үйінде «Қара пима» драмасымен (қоюшы режисері Күннұр Тұрлыбекова) көпшіліктің жан дүниесін толқытса, осы күні «Шырақ» театры Оқушылар сарайында «Жазығым не, анашым» (қоюшы режисер Мақсат Мақсұт) қойылымы арқылы көрермен жүрегін тебірентті. Ал, екінші күні «Шу» халық театры аудандық мәдениет үйінде «Құмардың құлы» қойылымын (қоюшы режисер Төлеу Нұрхат) тарту етіп, қазіргі таңдағы өзекті мәселені меңзеп, өнерсүйер қауымды бей-жай қалдырмады.
Әрбір қойылым қоғамның өзекті мәселелерін астарлап жеткізген терең туынды ретінде әр көрерменнің жүрегіне жол тапты деп білеміз. Өйткені, бірінші күннен-ақ, театр өнерін тамашалауға келгендер қойылым барысында көздеріне жас алып, зор тебіреніспен қабылдады. Мысалы, «Жазығым не, анашым» трагедиялық қойылымы да соңғы уақыттарда қоғамда анық көрініс беріп отырған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің салдарынан дүниеге келген сәбидің тастанды балаға айналуы, некесіз дүниеге келіп, жетім өскен баланың қиын тағдыры, балалар үйіндегі тастанды балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы жайлы өрбісе, «Құмардың құлы» драмалық қойылымы ішімдіктік пен құмар ойынның қоғамға, отбасы бірлігін сақтауға тигізетін кері әсерін әшкереледі.
Барлық қатысушылар яғни, жоғарыда аталған үш театрдың ұжымы өз қойылымдарын байқау ережесіне сай сахналауға тырысып, өзара бақ сынады. Ал, «Шу» және «Шу қаған» халық театрлары мен «Шырақ» театры өнерпаздарының өнерін тамашалап, лайықты бағасын берген қазылар құрамында ауданымыздың мақтанышы, режиссер Шыңғыс Әбдібек, Шу өңірінің тумасы, көптеген киноларға түскен танымал актер Марат Абайділдә, жергілікті мәслихат төрағасы Ж.Әбенов, аудандық мәслихат депутаты, халық қалаулысы М.Сұлтанғазиев болды.
Марапаттау рәсіміне аудан әкімі Б.Жәнібеков те қатысып, шара соңында осы кісінің ықпалымен көрермен қауымның сахналанған қойылымдар мен әртістердің рөлді орындау шеберлігі жайлы пікірлер де тыңдалды. Өз ойларын ортаға салған көрермендер де екі күнде тамашалаған спектакльдер мен басты рөлдерді сомдаған актерлардың шеберлігіне жоғары баға беріп жатты.
Ал, өз сөзін көпшілікті Халықаралық театр күнімен құттықтаудан бастаған Марат Абайділдә:
-Ең әуелі осы байқауды ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіргім келеді. Өте тамаша қойылымдар сахналанды, қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалды. Халық әзіл-ысқақпен өрілген комедиялық қойылымдарды жиі көреді. Ал, байқау барысында назарға ұсынылған шығармалар шын мәнінде кейбір ел тұрғындарының басында бар, әлі де болып келе жатқан ауыр проблемаларға негізделген.
Театр ұжымдары туралы айтар болсам, сіздер енді ғана бой көтеріп, осындай шығармашылық жолға жаңадан қадам басып келе жатсыздар. Сол себептен, алдағы уақытта тек сәттілік тілеймін. Жалпы, Шу өңірі өнер тұнған өлке. Өнерлі жандар түлеп ұшып, бүгін де талай талантты жандар тоғысқан мекен. Сондықтан, аудан басшыларының «құлағына алтын сырға», Шу ауданынан үлкен театр ғимаратын ашып берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Театр ашылып, осындай қойылымдар сахналанып жатса, оны тамашалауға лық толы халық жиналатынына сенімім мол. Бүгінгі таңда жастардың да басым бөлігі мәдениетті. Оларға өзара бас қосып, шығармашылық талабын шыңдай түсетін арнайы орын қажет.
Бағалау тұрғысына келер болсам, шын мәнінде мен сіздердің ешқайсысыларыңызды танымаймын. Сол себептен бұра тартуға жол бермей, қазылар құрамы барлығын барынша әділ бағалауға тырыстық. Жалпы, сайыстың аты сайыс. Соның ішінде өнер сайысында әділетсіздікке жол берілмеуі қажет. Өйткені, біз сол өнерді халыққа жеткізетін адамбыз,-деп, өнер ұжымдарына оң бағасын берді.
Ал, қазылар алқасының мүшесі, жергілікті мәслихат депутаты М.Сұлтанғазиев елімізді әлемге танытатын ең әуелі мәдениет екендігін, мәдениетіміз жоғары болса, рухты ұрпақ қатары көбейіп, алар асуымыз да мол болатынын тілге тиек етті.
– Екі күннен бері театр қойылымдарын тамашалай отырып, осындай әртістеріміз барда біздің ауданды да рухы биік аудан деп айтуға толық негіз бар екендігіне көз жеткізіп отырмыз.
Алдағы уақыта бүгінгідей тамаша қойылымдарды өзге өңірлерде көрермен назарына ұсынып, гастрольдік сапарлар ұйымдастыру қажет. Жергілікті биліктің бұл іске қолдау көрсетіп, демеушілік жасауы аса маңызды.
Енді, қойылым барысындағы әртістердің шеберлігі, киім үлгісі, сахнада жүріп-тұруы, қолданыстағы дүниелердің оқиға желісіндегі кезеңге сәйкестігі сынды, өзге де бағыттар жөнінде айтар болсақ, әрине кемшілік жоқ емес. Барлығын ескере отырып, тиісті бағасын бердік деп ойлаймын,-деген Мақсат Сұлтанғазиев сын түзелмей, мін түзелмейтіндігін де назардан тыс қалдырмады.
Аталмыш шараға қонақ ретінде келген аудан басшысы Бақытжан Жәнібеков те өз кезегінде көпшілікті Халықаралық театр күнімен құттықтап, әр адамның жүрегіне қозғау салатын қойылымдар болды деген сенімін білдіріп, келешекте өңірдегі театр ұжымдарына қажет кезде барынша қолдау көрсетуге тырысатындығын жеткізді. Байқау нәтижесінде Мақсат Мақсұт «Үздік режисер», Тұқан Дидар «Үздік актер», Гүлім Бесіншібай «Үздік актриса» номинацияларымен марапатталып, оларға Алғыс хат, естелік ретінде статуэтка және заттай бағалы сыйлықтарды қазылар алқасының мүшелері кезекпен табыстады.
Ал, аудан әкімі Бақытжан Жәнібеков бірінші орынды иеленген балалар мен жасөспірімдерден құралған «Шырақ» театрының ұжымын бірінші дәрежелі диплом және 500 мың теңгелік қаржылай сыйлықтың сертификатымен, екінші орынды еншілеген «Шу» халық театры ұжымын диплом және 300 мың теңгелік сертификатпен, үшінші орыннан көрінген «Шу қаған» театрын диплом және 200 мың теңге қаржылай сыйлықтың сертификатымен марапаттады.
Осылайша, бұл күндері жергілікті өнерсүйер қауым да рухани қуат алып, мәдениет ошағынан ризашылықпен тарқасты.
Динара Батырхаирова.