Ақпараттық портал

Бітімге келгеннің ісі берекелі

«Ұрыс – ырыс қашырар» деп білген ата-бабамыз қандайда бір дау туындай қалса, тараптарды татуластыруға тырысып баққан. Кейінгі ұрпақ та сол ғұрыптан үлгі алған. Бүгінгі таңда да елімізде тараптарды татуластыруға жан-жақты жағдай жасалуда.
Сотқа талап қою берген адамның жеке ісін ысырып қоюына тура келеді. Өйткені, істің қаралуы созылып кетуі мүмкін. Бұл – үлкен шығын. Мемлекеттік баж салығын төлейсіз, сот шығынын өтейсіз, адвокат жалдайсыз. Екінші тарап – туысыңыз, досыңыз, қызметтесіңіз, әріптестікке нұқсан келеді. Сотқа бармастан бұрын ақылға келген жөн. Ең дұрысы – татуласу, келісу, бітімге, бір мәмілеге келу. Одан екі жақ та ұтады.
Сот дау бойынша тараптарды татуластыруға көмек көрсетуге міндетті. Қазіргі таңда азаматтар соттағы және соттан тыс медиацияның, партисипативтік рәсімнің және татуластыру келісімінің арқасында бітімге келеалады.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде татуласу рәсімдеріне арнап арнайы «Татуласу рәсімдері» деп аталатын 17-тарауы қарастырылған.
Кодексте Татуласу рәсімінің 3 түрі көзделген.
Олар:
1) Татуласу келісімі;
2) Медиация келісімі (дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу);
3) Партисипативтік келісім (дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу).
Аталған келісімдердің бәрі де сотпен бекітіледі және әрқайсының өзіндік ерекшеліктері бар.
Оларға жалпы түсінік беріп кетсек. Татуласу келісімі – екі тараптың арасында жасалатын келісім. Татуласу келісімі бұл бұрынғы бітімгершілік келісім, тек атауы өзгертілген десе де болады. Сотта іс қараудың кез келген сатысында, яғни дайындық барысында, алдын ала сот отырысында немесе сот талқылауында, сот актісін орындау барысында жасауға болады.Дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім – медиатордың (кәсіби немесе кәсіби емес) немесе сотта медиацияны судья өткізу арқылы жасалатын келісім. Медиатордың көмегімен медиация жасау: сот тараптардың медиациялық келісімінің шарттарын талқылауға қатыспайды. Соттың бекітуіне тараптардың арасында медиатордың (кәсіби немесе кәсіби емес) қатысуымен жасақталған шарт ұсынылады.
Медиацияны өткізетін судья медиация өткізілетін күнді тағайындайды және тараптарға оның өткізілетін уақыты мен орны туралы хабарлайды. Судья медиацияны «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып өткізеді.
Сот тараптардың өтінішхаты бойынша медиация рәсімін осы Кодекстің 150-бабының бірінші бөлігінде, осы баптың төртінші бөлігінде белгіленген мерзімдер шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың қатысуы дауды (жанжалды) реттеуге ықпал ететін болса, оларды медиацияға шақыруға құқылы.
Егер тараптар талап қою қабылданғанға дейін судьяның жәрдемдесуімен дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге қол жеткізбесе, іске қатысы бар материалдар осы Кодекстің 35-бабының жетінші бөлігінде көзделген тәртіппен басқа судьяның қарауына беріледі.
Тараптардың келісуімен істі медиацияны өткізген судья қарауы мүмкін.
Медиатор – қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым.
Қазақтың мақал-мәтелдерінің өзі осы бітімге, татуласуға қатысты. «Жақсы даудан, жаман бітім артық», «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегендей, бүгінгінің медиаторларының араласуымен қырғи-қабақтық жойылып, адамдар арасында тату-тәтті, жылы шырайлы қарым-қатынас орнап жатса, қоғамдағы ахуал да жақсара түсері сөзсіз.

М.Тілеубеков,
Шу аудандық сотының
төрағасы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.