Ақпараттық портал

Шығармашылыққа жол ашқан орда

Бала бойындағы талант пен қабілетті дер кезінде байқап, оны шыңдау қоғамның келешегіне салынған инвестициямен тең. Өйткені әрбір дарынды жас – елдің ертеңгі зияткерлік, мәдени және рухани әлеуетінің негізі. Осы тұрғыдан алғанда қосымша білім беру ұйымдары өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін ерекше білім кеңістігі болып табылады. Мұнда балалар өздерінің қызығушылығына қарай бағыт таңдап, өнер мен білімнің сан қырлы саласында қабілеттерін дамытады, шығармашылық ізденіске бет бұрады, жаңа белестерді бағындыруға талпынады.

Қазіргі кезеңде қосымша білім беру жүйесінің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Себебі бұл сала баланың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, оның тұлғалық қалыптасуына, азаматтық көзқарасының орнығуына және кәсіби бағдар алуына ықпал етеді. Домбыраның қос ішегінен ұлттық рухты сезінген, қылқаламмен қиялын сөйлеткен, шахмат тақтасында ой-өрісін кеңейткен немесе сахна төрінде өнерін шыңдаған әрбір тәрбиеленушінің жетістігі осы жүйенің жемісті еңбегі.
Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан білім ордаларының бірі – аудандық білім бөлімінің Оқушылар сарайы мекемесі. Мұнда мыңға жуық бала түрлі бағыттағы үйірмелерге қатысып, шығармашылық қабілеттерін дамытып, республикалық және халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр. Білім мен тәрбиені ұштастырған ұжым үшін 2025-2026 оқу жылы нәтижелі жұмыстар мен жарқын жетістіктерге толы кезең болды. Педагогтердің кәсіби ізденісі, тәрбиеленушілердің талпынысы мен ата-аналардың қолдауы өз жемісін беріп, мекеме тағы бір оқу жылын табысты қорытындылады.
Біз осы ретте Оқушылар сарайында өткен бір оқу жылының тыныс-тіршілігіне, атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген жетістіктерге тоқталғанды жөн көрдік.
2025-2026 оқу жылында Оқушылар сарайының ұжымы «Қосымша білім беру педагогтерінің қалыптасқан педагогикалық жүйедегі білімі мен біліктілігін арттыра отырып, тәрбиеленушілерге заманауи трендке бағытталған білім беру» тақырыбын негізгі өзекті мәселе ретінде айқындады. Осы бағытта педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру арқылы тәрбиеленушілерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру, олардың шығармашылық әлеуетін дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді.
Мекеме жұмысы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Білім туралы» Заңына, білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық құжаттарға және қосымша білім беру ұйымдарының қызметін ұйымдастыру тәртібіне сәйкес жүзеге асырылды. Жыл бойы оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыру, педагог мамандармен жұмыс, әдістемелік қызметті жетілдіру, ата-аналармен байланыс орнату, психологиялық қолдау көрсету, материалдық-техникалық базаны нығайту, бұқаралық және безендіру жұмыстарын жүйелеу бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Оқу-тәрбие жұмысының басты мақсаты – тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қабілеттерін ескере отырып, олардың интеллектуалдық, адамгершілік, эстетикалық және шығармашылық дамуына жағдай жасау болса, осы мақсатта сурет салу, ән айту, музыкалық аспаптарда ойнау, шахмат, қолөнер, шебер қолдар, фотосурет өнері және басқа да бағыттар бойынша үйірмелер тұрақты жұмыс атқарып келеді.
2025-2026 оқу жылының басында Оқушылар сарайында жалпы саны 18 үйірме жұмыс жасаған.
Қазіргі таңда шығармашыл, ізденімпаз әрі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын 26 педагог еңбек етуде. Педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жыл бойы түрлі семинарлар, әдістемелік кеңестер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылды. Заманауи білім беру технологияларын меңгеру, шығармашылық ізденістерді қолдау және инновациялық тәжірибелерді енгізу бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде.
– Бүгінгі күні қоғамның дамуы білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр. Сондықтан біз тек дәстүрлі оқыту әдістерімен шектелмей, заманауи технологияларды, инновациялық тәсілдерді және шығармашылық жобаларды оқу-тәрбие процесіне енгізуге ерекше көңіл бөлудеміз. Педагогтердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, әдістемелік жұмыстарды жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Оқу жылы барысында ұжымымыз бір мақсатқа жұмылған ұйымшылдық пен кәсібиліктің жарқын үлгісін көрсетті. Педагогтер ғана емес, техникалық қызметкерлер мен барлық жұмысшылар мекеменің қалыпты жұмысын қамтамасыз етуге өз үлестерін қосты. Ортақ еңбектің нәтижесінде тәрбиеленушілер үшін қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасы қалыптастырылды. Біздің басты байлығымыз – балалар. Олардың жетістігі біз үшін ең үлкен марапат. Әрбір тәрбиеленушінің жарқын болашағы, шығармашылық ізденісі мен азаматтық қалыптасуы – күнделікті еңбегіміздің негізгі өлшемі болып қала береді. Сондықтан алдағы уақытта да білім сапасын арттыру, үйірме жұмыстарын жетілдіру, жаңа бағыттарды енгізу және дарынды балаларды қолдау жұмыстарын жалғастыра береміз. Осы ретте оқу жылы бойы белсенді еңбек еткен барлық педагогтерге, мекеме қызметкерлеріне, тәрбиеленушілерімізге және бізге сенім білдіріп, қолдау көрсеткен ата-аналар қауымына шынайы алғысымды білдіремін. Бірлесе атқарған еңбектің арқасында көптеген табыстарға қол жеткіздік. Алдағы оқу жылында да жаңа белестерді бағындырып, шығармашылық пен білімнің шамшырағын биік ұстаймыз деп сенемін. Себебі біздің мақсатымыз – ел болашағы болатын жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың арманына қанат бітіру, – дейді Оқушылар сарайы директорының міндетін уақытша атқарушы Шолпан Бейсебайқызы.
Оқу жылының қорытындысы ретінде Оқушылар сарайында «Дарынды, талантты, өнерлі ұрпақ» атты салтанатты есеп беру концерті ұйымдастырылды. Іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшылығы, ата-аналар, ұстаздар, оқушылар және қонақтар қатысты. Салтанатты жиында оқу жылы барысында түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен дарынды оқушылар мен белсенді ата-аналар арнайы дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Концерттік бағдарлама барысында аталған білім беру ұйымындағы үйірмелердің жыл бойы атқарған жұмыстары шығармашылық қойылымдар арқылы көрермен назарына ұсынылды. Ән мен жыр, күй мен би үндескен мерекелік кеш барысында тәрбиеленушілер өздерінің шығармашылық жетістіктерін паш етіп, бір жылдық еңбектің нәтижесін көпшілікке ұсынды. Концерттің соңында барлық үйірме қатысушылары сахна төріне шығып, ортақ ән орындап, мерекелік кештің шымылдығын әсерлі түрде жапты.
Оқушылар сарайының басты жетістігі – тәрбиеленушілердің түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстардағы табыстары. Биылғы оқу жылында тәрбиеленушілер халықаралық деңгейде 25, республикалық деңгейде 55, облыстық деңгейде 13 және аудандық деңгейде 35 жүлделі орын иеленіп, мекеме абыройын асқақтатты.
Аудандағы Оқушылар сарайы – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, олардың өмірлік мақсаттарын айқындауға жол ашатын ерекше білім ордасы. Алдағы уақытта да бұл шаңырақтан талай дарынды жас түлеп ұшып, ел мерейін үстем етері сөзсіз.

Балнұр Жексенбекқызы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.