Қазақ күресі – ұлт рухының айнасы
Қазақ күресі – халқымыздың ұлттық спорт өнері, тарихы тереңде жатқан асыл мұраларының бірі. Бұл спорт түрі ғасырлар бойы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылық. Бүгінде қазақ күресі елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде де кеңінен танылып, үлкен сұранысқа ие болып отыр.
1938 жылдан бастап қазақ күресі республикалық жарыстар бағдарламасына енгізілсе, 2016 жылы ЮНЕСКО оны толеранттылық, ізгі ниет және қауымдастық қағидаттарына негізделген мәдени құндылық ретінде бағалап, адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізді.
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің оқушылары, 2011 жылдың 26 наурызында дүниеге келген егіздер – Сейсен Нұрсұлтан Ерболұлы мен Сейсен Ерсұлтан Ерболұлы қазақ күресімен 2019 жылдан бері айналысып келеді. Ол кезде болашағынан зор үміт күттіретін қос спортшы небәрі жеті жаста еді.
Балаларының жазғы демалысын тиімді ұйымдастыруды мақсат еткен ата-аналары – Ербол Сейсенұлы Елубаев пен Әсем Әбдібекқызы Тәттімбетова ұлдарын №36 балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне алып келеді. Сол жерде Ерсұлтан мен Нұрсұлтан қазақ күресіне ерекше қызығушылық танытып, бұл спорт түрін жан-тәнімен сүйіп кетеді.
Жас спортшылардың алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар беріп, олардың спорттағы жетістіктерінің негізін қалаған жаттықтырушысы – Қосшығұл Ерболат ағай. Оның жетекшілігімен жүйелі түрде жаттығып, түрлі жарыстарға қатысқан егіздер аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі додаларда жүлделі І, ІІ және ІІІ орындарды иеленіп келеді. 2025 жылы Нұрсұлтан мен Ерсұлтан Жамбыл облысы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының шешімімен «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат» (КМС) атағына ие болды.
Ал 2026 жылдың 20–22 мамыр күндері Қызылорда қаласында өткен қазақ күресінен кіші жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасы чемпионатында Сейсен Нұрсұлтан Ерболұлы 70 келі салмақ дәрежесінде белдесіп, жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды.
Алдағы уақытта да спорттағы жетістіктерін еселей түсіп, «Қазақстан Республикасының спорт шебері» атағын иеленеді деген сенім мол.
Бүгінде 9-сыныпты тәмамдап отырған жас спортшылардың осындай биік дәрежеге жетуі – табандылық пен еңбекқорлықтың, мақсатқа деген ұмтылыстың жарқын көрінісі. Келешекте олар қазақ елінің абыройын асқақтатып, көк туымызды халықаралық ареналарда желбірететін намысты азаматтар болады деп сенеміз.
Сейсен Нұрсұлтан Ерболұлы мен Сейсен Ерсұлтан Ерболұлына зор денсаулық, қажымас қайрат, толағай табыс және жаңа спорттық жеңістер тілейміз!
Ляйля Оспанова,
С.Сейфуллин атындағы орта мектептің мұғалімі.