Рухани таным мен тарихи тағылым тоғысқан сапар
Адам баласының бір-біріне жасаған жақсылығы мен қамқорлығынан асқан байлық жоқ шығар. Қай заманда да елдің ынтымағы мен бірлігі, үлкенге құрметі мен кішіге ізеті осындай игі істер арқылы көрініс тауып келеді. Жақында Ақсу ауылының азаматтары осындай ізгілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісіне куә болды.
Ақсу ауылының кәсіпкер азаматы Айтқожаев Асхат Бауыржанұлы ауылдың бірқатар ақсақалдарына қасиетті Түркістан өңіріне тағылымды сапар ұйымдастырды. Сапарға ауылдың бас ардагері, Ақсу ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Іңкәрбеков Әуесхан, Әлханұлы Төреқұл, Қырбасов Жұмахан, Шәмізов Әсет, Бірімқұлов Шәріп және басқа да ауыл ақсақалдары қатысты. Таңғы сағат жетілер шамасында кәсіпкер бауырымыздың ақ дастарханынан дәм татып, ақ жол тілеген ауылдастардың батасын алып жолға шықтық. Алғашқы аялдамамыз қазақ халқының тарихында өзіндік орны бар бабамыз Дулаттың қасиетті зираты болды. Құлан даласындағы баба басына барып, құран бағыштап, тағзым еттік.
Одан әрі жолымыз Тараз қаласының маңындағы тарихи Айша бибі кесенесіне жалғасты. Ғасырлар қойнауынан сыр шертетін бұл киелі орын әрбір жанның жүрегіне ерекше әсер сыйлайды. Ата-бабалар рухына тағзым жасап, тарихымыздың тереңдігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Сапар барысында Сайрам өңіріндегі Ботбай баба басына бара жатқанымызда ауылымыздың тумасы, кәсіпкер Тілеужанов Болат Бақытжанұлы арнайы күтіп алып, ақсақалдарға мол дастархан жайып, үлкен құрмет көрсетті. Қазақтың дархан көңілі мен қонақжайлығының үлгісін көрсеткен азаматқа ризашылығымызды білдіріп, ақ батамызды бердік.
Болат бауырымыз бізді Шымкент қаласынан, ары қарай қасиетті Арыстанбаб кесенесіне дейін шығарып салды. Сол күні Арыстанбаб бабамыздың басына зиярат жасап, құран бағыштадық. Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің мәңгілік мекеніне барып, рухына тағзым еттік. Қасиетті мекенде түнеп шыққан соң, қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шаханов пен сатирик-жазушы Көпен Әмірбековтің басына барып, құран оқып, еске алдық.
Келесі күні жаңа жолмен Түркістан қаласына бет алдық. Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістан бізді ерекше әсермен қарсы алды. Түркі мемлекеттері басшыларының саммиті өткен бұл қала күн сайын көркейіп, жаңарып келеді. Көз тартар сәулетті ғимараттары, кең көшелері мен әсем келбеті қалаға келген әрбір жанды тәнті етеді. Ең алдымен ас ішіп, тынығып алған соң, күллі түркі жұртының мақтанышы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне барып, зиярат жасадық. Баба рухына құран бағыштап, елдің амандығы мен жұрттың тыныштығын тіледік.
Одан кейін арнайы көлікпен қаланың көрікті жерлерін аралап, Түркістанның бүгінгі даму қарқынына куә болдық. Қаланың сәулеті мен тазалығы, заманауи келбеті бәріміздің көңілімізден шықты. Шығыс моншасына түсіп, сергіп алған соң, Түркістан облысындағы тағы бір қасиетті орын – Укаша ата кесенесіне барып, зиярат жасадық.
Бұл сапар рухани жаңғыру мен өткенге тағзым, тарихымызды тану жолындағы тағылымды сапар болды. Осындай игілікті істің жүзеге асуына демеушілік жасап, қолдау көрсеткен азаматтарға деген алғысымыз шексіз. Атап айтқанда, Айтқожаев Асхат Бауыржанұлы, Тілеужанов Болат Бақытжанұлы, Молдабаев Сәтберген, Тоқтағұл Нұргелді, Ерназардың ұлы Бексұлтан бауырларымызға және жол бойы аман-есен жеткізіп, қызмет көрсеткен жүргізуші Өркенбаев Нұржан Намазұлына ақсақалдар атынан зор ризашылығымызды білдіреміз. Жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын! Кәсіптеріңіз өркендеп, отбастарыңыз аман, дендеріңіз сау болсын! Елдің алғысы мен ақсақалдардың батасы әрдайым серік болып, армандаған мақсаттарыңызға жете беріңіздер!
Осы сапардан алған әсерімді төмендегі шумақтармен түйіндегім келеді:
Адамгершілік – адамның асыл арманы,
Қайырымдылық – жақсы жандардың иманы.
Ниеттерің қабыл болсын, бауырлар,
Ғажайып сапарды біздерге сыйлады.
Армандарың асқақ болсын, бауырлар,
Сендерге тілекші үлкен қауым бар.
Жақсылықты жасаңдар, жараңдар,
Қолдайтын, қорғайтын адамдар!
Төреқұл Әлханұлы,
ардагер ұстаз.
Ақсу ауылы.