Ақпараттық портал

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құрылысшылар

Көпшілікке белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі» деген болатын. Иә, рас, шын мәнінде қоғамда ел экономикасын ілгерілетуге үлес қосып жүрген нағыз адал еңбек иелері бар. Олардың бірі әрі бірегейі құрылысшы маман иелері деуге болады.

Құрылыс деген ауқымы кең сөз, ал сол салада маңдайының терін төгіп, қолында бейнеттің қолтаңбасы қалған құрылысшы деген атқа лайық жандар қашанда құрметке лайықты. Жер бетінде түрлі мамандықтар пайда болмай тұрғанда, тіпті жер бетінде адамзат пайда болуымен қатар жасап келе жатқан құрылысшы деген мамандықтың жүгі ауыр. Ғимараттың яки үйдің іргесін қалыпқа салып берік қылып бекітуден бастап, әр кірпішін асқан ыждаһаттылықпен қалап, одан шатырын жауып, ішкі-сыртқы сылақ жұмыстарымен айналысу деген сырт қараған адамға оңай болып көрінгенмен, оның барлығына қолдың ұсталығы, ептілігі, табандылық пен төзімділік, ең бастысы физикалық күш қажет. Біз көбіне үй, ғимарат салар болсақ, өзбек ағайындарға жүгініп жатамыз. Әйтсе де арамызда тепсе темір үзер, шаруаға қыры бар, қолынан іс келетін бесаспап қазақ азаматтары баршылық. Бүгін – Құрылысшылар күні қарсаңында сол кісілер турасында аз-кем айтуды жөн санадық.
Олар құрылысқа машықтанып, ең алғаш үйдің іргетасын арнайы қалыппен қалаудан бастап, табан аудармай 15 жыл еңбек етіп келе жатқан Абай ауылының азаматтары Есболғанов Ахан, Оңғарбаев Тілек, Карбозов Мадияр, Ақылбеков Аманжол, Алиев Төрехан, Бекмолдаев Шерхан, Сатылғанов Беркин. Бұл жігіт ағалары ордабұзар отыз жасында құрылыс жұмысын бастаса, бұл күні ердің жасы елудің төңірегінде.
Осы азаматтардың бірігуімен арнайы жасақ (бригада) құрылғалы бері Шу ауданының бірнеше ауылында Абай, Төле би, Белбасар ауылдары мен Шу қаласында 60 шақты үй құрылысын жүргізген. Ауылда «Асар» жобасы аясында үйдің іргетасы, кірпіші және шатырына құрылыс жүргізіп, көмек көрсеткен. Одан басқа, ауылдағы әлеуметтік нысандарға қол ұшын ұдайы тигізіп отырды.
“Түйір нан – тамшы тер” демекші, кез келген жанға адал термен нан табудың өзі үлкен абырой қазіргі таңда. Қазір көп жастарымыз шеге қағуды білмейтін, қолына күрек ұстап көрмеген, бір іске мойны жар бермейтін болып барады. Ынта, талап, жігер – бар ырыстың бастауы. Қолында кәсіптік білім алғанын растайтын дипломы болғанымен, жұмыссыз жүргендер көп. Сол үшін де өзіңнің ептілігіңді бағамдап, ауыр жұмыс болса да маңдай теріңді ағызып жүріп істейтін жұмысың болғаны жақсы.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» қарсаңында осындай азаматтардың адал еңбектерін көпке үлгі етсек, үлгі алар жастардың қарасы көбейер.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.