Жұмыссыздар жаңа кәсіп меңгеруде
Бүгінде екі қолға бір күрек сұраған жанға мемлекет тарапынан мүмкіндік молынан беріліп жатыр. Иә, жұмыс беру жәрмеңкесі арқылы талай жұмыссыз өзі қалаған жұмысқа таңдап жүріп орналасса, кәсіп ашамын дейтін азаматтар грант ұтып қолдан келген кәсібін дөңгелетуде.
Сонымен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие техникалық және кәсіптік сала мамандарының тапшылығы байқалғандықтан осы бағытта азаматтарға білім беріп, олардың игерген білімдеріне қарай жұмыспен қамтылуына да жағдай жасалып отыр. Халықты жұмыспен қамтумен қатар, отандық өндірісті дамытуға үлкен қолдау ретінде жыл сайын қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ұйымдастырылуда.
Аудандық «Мансап орталығы» мамандарының мәлімдеуінше, кәсіптік оқыту екі бағытта жүргізіледі. Оның бірінде жұмыс берушілердің сұрауы бойынша оқу ұйымдарында, екіншісі жұмыс берушілердің жұмыс орнында оқытылады. Бұл оқудың тағы бір артықшылығы, тек жастар оқу керек деген қағида жоқ, яғни 18 жастан бастап зейнет жасына дейінгі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, Шу ауданында тұрақты тіркеуде тұрған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Ал егер оқуға үміткердің мүгедектігі болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) жұмысқа қабілеттігіне дәрігердің рұқсаты болуы тиіс. Жұмыс берушілердің өтініші бойынша білім беру ұйымдарында жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру процестері «Enbek» электронды еңбек биржасында қолжетімді болады. Яғни, оқуға тіркелу, өтініш, сұраныс жіберу жұмыстарының барлығы электронды еңбек биржасындағы жеке кабинет арқылы жасалады. Курсты таңдағаннан кейін өтінішке электронды цифрлық қолтаңбамен қол қойылады, содан кейін ол «Мансап орталығына» жіберіледі. Білім алатын азаматтар үш айлық оқу барысында шәкіртақымен не жалақымен, сондай-ақ жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі.
Оқуды аяқтағаннан кейін және біліктілік емтиханын тапсырған-нан кейін жұмыссыздардың жеке кабинетінде жаңа кәсіптік дағдыларды меңгергені туралы сертификат орналастырылады.
– Жаңа мамандықтар мен кәсіптер алу және біліктілікті арттыру мақсатында жүргізілетін оқыту бағдарламасына ел азаматтары мен қандастарымыз екі жыл ішінде бір рет қатыса алады. Жалпы аудан бойынша 125 адамды кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету жоспарланған, бүгінгі күнге жұмыс берушіде жұмыс орнында кәсіптік оқыту аясында 35 адам автослесарь, тігінші мамандықтары бойынша 3 ай мерзімге кәсіптік оқуға жолданды. Оқудың тиімді тұсы қатысушыларға 20 АЕК мөлшерінде яғни, 78 640 теңге көлемінде жалақы төленеді. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін жұмыс беруші әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмыссыздарды кемінде 12 ай мерзімге жұмысқа орналастырады, – дейді аудандық «Мансап орталығы» филиалы директорының орынбасары Ақжол Құрманғазыұлы.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды онлайн форматта қолдағы смартфон арқылы да оқуға болады. Бұл бағытта 90 адамды оқыту жоспарланып, ауылшарушылығы тракторисі, аспазшы, көкөніс өсіруші мамандықтары бойынша 33 жұмыс берушіден өтінімдер бекітіліп, бүгінгі күнмен 90 адам 3 ай мерзімге оқуға жолданған екен. Бұл ретте тыңдаушыларға 43 574 теңге мөлшерінде шәкіртақы және бір реттік медициналық тексеруден өтуге 7864 теңге төленеді.
– Ең алғаш бұл оқумен «Мансап орталығының» мамандары жүргізген ақпараттық-түсіндіру жұмысы барысында таныстым. Бірден орталыққа барып құжаттарымды тапсырып, оқуға қабылдандым. Мені Төле би ауылында орналасқан сұлулық салонына жолдады. Білікті мамандардың оқытуымен тырнақ әрлеу кәсібін меңгеріп, үш ай бойы аптасына бес күн дәріс алып жүріп өзіме қажетті білімді игеріп шықтым. Үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп, ай сайын шәкіртақы да алып отырдым, – дейді Шу қаласының тұрғыны Ақерке Ережепқызы (суретте).
Иә, оқудың шарапатын көріп, алғысын жеткізіп отырғандар аз емес. Бір сөзбен айтқанда, кәсіптік оқыту жұмыссыз азаматтарға еңбек нарығының талаптарына жедел бейімделуге және жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік беретін тиімді құралдардың бірі болып отыр.
Балнұр Жексенбекқызы.