Ақпараттық портал

Мылтықсыз майданның майталмандары

Биыл екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыстың Жеңіспен аяқталғанына 80 жыл. Фашизмнің отын өшірген ата-әжелеріміз жандарымен һәм қандарымен жеңісті жақындатып, бізге бүгінгідей бейбіт күнді сыйлауға себеп болды. Бір өкініштісі, елімізде ҰОС ардагерлері күннен күнге азайып барады. Сондай-ақ, жеңіске жәрдемдескен тыл ардагерлерінің де қатары сиреп барады.
Жыл басындағы есеп бойынша Қазақстанда 85 203 ардагер ғұмыр кешуде. Олардың ішінде тыл еңбеккерлерінің үлесі 41 594. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы ардагерлерге әлеуметтік қолдау ретінде жалпы сомасы 17 млрд теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төлеуді көздеп отыр.
Шындықтың алдаспаны Шер-ағаң айтқандай қуғын-сүргін, ашаршылық пен соғыс көрген буын жесір ғасырдың жетім ұрпағы. Сол кезеңді көзбен көрген, соғыс кезіндегі көзге көрінбейтін еңбек майданында тер төккен жерлестеріміз де жетерлік. Мұндай ата-әжелеріміздің өзі тоқсанның төріне қарай шығып отыр. Балалық шағы бейнетпен бедерленген тыл еңбеккерлерінің бір парасына аудандық басылымның осы санында тоқталғымыз келеді.
Қазіргі таңда Шу ауданында да тыл ардагерлері тірлік кешіп жүр. Олар ғұмыр бойы жұмыс істеп, ұлағатты ұрпақ өсіріп, бүгінде солардың құрметіне бөленген бақытты жандар. Әрі өскелең ұрпаққа өнеге етерлік тірі аңыздар. Солардың қатарында Ұлболсын Құралбаева бар. 89 жастағы кейуана 1936 жылы қазіргі Бәйдібек ауылында дүниеге келген. Соғыс оты өршіген жылдары небәрі 8 жастағы қыз қолына орақ алып, тары орған. Бидайды шөптен тазартып, бейнет еткен. Бойжеткен шағында тағдырын Жамбыл ұжымшарының өрені Байбағыс атамен қосып, екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірген. Отағасы аталған ауылда механизатор, тракторшы болып тер төккен. Сондай-ақ Ұлболсын әже де 31 жыл бойы осы ұжымшардың шаруасын тіктеуге атсалысқан екен.
Көктөбе ауылының қариялары Совет ата мен Мензипа әже де 1937 жылы туған, тыл сапында жұмыс істеген жандар. Көпті көрген көнекөздер майдан уақытында мал бағып, арба айдап, үлкендерге болысқан көрінеді.
-6 жасымнан бастап шаруаға араластым. Соғыс кезінде мал шаруашылығына көмектесіп, қозы-лақ бағып, өсе келе арба айдап, еңбек еттім. Теректі ауылында әке-шешемнің диірмені болған, сол жерде мал бақтым. 18 жасымда әскерге шақырылып, Украинада Станислав қаласында Отан алдындағы борышымды 3 жыл өтеп келдім. Әскерден келгеннен кейін ауылда трактор айдап, зейнетке шықтым,-дейді С.Ильясов. Совет ата өмірлік жары Мензипамен 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, олардан 32 немере, 62 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отыр. 10 жасынан бастап ата-анасына қолғабыс еткен әжей бұзау бағып, сиыр сауған. Теректіде мал баққан екен. Кейінірек 1967 жылы ұжымшарда қызылшашы болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан.
Осы ауылдағы тағы бір кейіпкеріміз – Тарақ Қырықбаев. Ауылдың сыйлы қариясы 1937 жылы Шоқпар станциясында дүниеге келген. Ол Шоқпардағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, 1954 жылы Алматы қаласындағы №22 қазақ орта мектебін бітіреді. Ал 1960 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының агрономия факультетінде «Ғалым–агроном» мамандығы бойынша білім алып, сонымен қатар институттың әскери кафедрасынан офицер шенін алады.
Еңбек және тыл ардагері «Еңбек ардагері», «Ұлы отан соғысы жеңісінің 70, 75 жылдығы» медальдарінің, «Шу ауданына – 80 жыл, Шу қаласына – 50 жыл» төсбелгісінің иегері зайыбы Пернекүлмен бірге 2 ұл, 5 қыз өсірген. Бүгінде 20 шақты немере, 5 шөбере сүйіп отырған қариялар елдің амандығын тілеуді еншісіне тиген үлес деп санайды.
88 жастағы Күмісай Қапалбаева 1937 жылы Ленин ауылында туған. Жанұяда әкесі Бітебай, анасы Сақып және өзі болған. Әжейдің айтуынша, 1944 жылы Ұлы Отан соғысы кезінде анасымен қосылып, жауынгерлерге шұлық тоқып жіберіп отырған. Сонымен қатар қамба сыпырып тазалаған екен.
-1956 жылы 18 жасымда Жамбыл атындағы совхоздың азаматы Тұрғынға тұрмысқа шықтым. Қазіргі таңда 2 ұл, 3 қыздың анасымын. 16 немере, 26 шөберенің әжесімін. Жамбыл ұжымшарында 37 жыл еңбек еттім,-дейді кейуана.
Байқап отырсақ, тыл еңбеккерлерінің барлығының тағдыры ұқсас, заманы ортақ. Олар жүрген жол оңай соқпақ емес. Сондықтан жас ұрпақ араларында жүрген ата-әжелерін ардақтап өткені абзал. Тағы бір айта кетерлігі, биыл “Ардагерлер туралы” Қазақстан Республикасының Заңында көзделген өзге де тұлғаларға (тыл еңбеккерлері, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы ардагерінің жұбайы) 15 АЕК (58 980 теңге) мөлшерінде көмек берілмек.

Байжан Емберді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.