Саяси қуғын-сүргін – тарихтың қаралы беттері
Тарих парақтарында ұлт үшін аса ауыр кезеңдер аз болмаған. Соның ішіндегі ең қасіретті де қаралы беттердің бірі – Кеңес дәуіріндегі саяси қуғын-сүргін жылдары. Бұл зұлмат саясат миллиондаған жазықсыз адамның өмірін жалмаған, сансыз отбасының тағдырын тас-талқан еткен, ұлт рухын езген зұлмат болды.
Саяси қуғын-сүргіннің ең ауыр кезеңі 1937-1938 жылдары орын алды. Бұл жылдар – халық тағдырының тас-талқан болған, үміт пен арманның үнсіз жылаған, жүрекке сызат түскен кезең еді. Кеңестік жүйе «халық жауы» деген жалған ұранмен ұлттың ар-ожданы болған азаматтарды жаппай қуғынға ұшыратты. Алаштың арыстары, ақын-жазушылар, ұстаздар, молдалар, шенеуніктер, зиялы қауым өкілдері бір түнде ұсталып, түрмеге жабылды. Көпшілігіне айып дәлелсіз тағылып, қысқа тергеуден соң ату жазасына кесілді. Біреуінің артында жылаған жар қалды, біреуінің артында аңыраған бала қалды. Ал ең сұмдығы – олардың артында үнсіздік қалды.
Қуғын-сүргін құрбандарының ең үлкен “айыбы” – елін сүйіп, халқына адал қызмет ету еді. Олардың арманы – тәуелсіз, еркін Қазақстан болатын. Алайда сталиндік жүйе үшін бұл қауіпті ой болды. Олардың жазықсыз жазаға тартылуы – биліктің халықты қорқыту, еркін ойды тұншықтыру әрекеті болатын. Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қуғын-сүргіннің шындығы ашылып, жазықсыз жапа шеккендер ақтала бастады. 1993 жылы арнайы заң қабылданып, 1997 жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып белгіленді. Бұл – құрбандардың есімін жаңғырту, әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам. Саяси қуғын-сүргін – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең. Ал, оның құрбандары ешқашан ұмытылуға тиісті емес. Себебі олар жазықсыз жазаға ұшыраған, бірақ рухы биік, елі үшін жанын қиған арыстар. Біз олардың аманатына адал болып, есімдерін ұмытпай, жадымызда сақтауға міндеттіміз. Бұл – өткенге тағзым, болашаққа сабақ.
Алина Тұрсын,
аудандық музейдің экскурсоводы.