Ұлағатты ұстаздарды еске алуға арналды
Дана бабаларымыздың “Өлі разы болмай, тірі байымайды” деген өсиетін күйбең өмірде жиі қолдансақ та, мәнін жете түсіне бермейміз-ау?! Алыстаған сайын абыройы асқақтай түсетін еңбегі елеулі азаматтарымызды ойға алғанда солардың еңбегінің жемісі саналатын игілікті істерін дәріптеуді жолға қоятын іс-шараларды өткізу-кейінгі ұрпаққа парыз. Жүйріктей жүйіткіген асау өмірден талай-талай шоқтығы биік азаматтар лек-легімен өткен. Өлсе дағы артында өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын іс қалдырған өр рухты қайраткерлеріміздің өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. Ертеде бір данышпан “Ақыл-ой еңбегінің ең маңыздысы және пайдалысы – өткен оқиғаларды еске алу” деген екен.
Осыған орай, аудандық білім бөлімі және Білім қызметкерлері кәсіподағы Шу аудандық комитетінің ұйымдастыруымен, өз заманында аудандық білім бөліміне қарасты білім ошақтарында басшылық қызметтерді абыроймен атқарған Мухатаев Жетібай Қалмашұлын және Алтаев Ермек Иванұлын еске алуға арналған білім беру мекемелері басшыларының арасында воллейболдан облыстық ашық турнир өтті. Есімдері аталған марқұмдардың туып-өскен жері Алға ауылындағы Амангелді атындағы орта мектебінде өткен тартысты турнирге облысымыздың Талас, Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов, Қордай, Шу аудандарынан және Тараз қаласынан командалар қатысты.
Мухатаев Жетібай Қалмашұлы 1956 жылы 13 маусымда Алға ауылында дүниеге келген. 1973 жылы мектепті бітіріп, алғашқы еңбек жолын осы ауылда қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1974-1978 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ педагогикалық институтынан жоғары білім алады. 1978-1986 жылдары Амангелді орта мектебінде физика пәні мұғалімі болып қызмет атқарады. 1986-1995 жылдары С.Мұқанов атындағы бастауыш мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді, араға екі жыл салып, дәл осы қызметті 1997-2001 жылдары қайта атқарады. Ал, 1995-1997 жылдары С.Естемесов атындағы орта мектебінде мұғалім болады. 2001-2006 жылдары Еспе станциясындағы Еспе бастауыш мектебін ашып, директорлық тізгінін ұстайды. Жылдар бойғы жемісті еңбектері еленіп, білім саласына сіңірген еңбектері үшін облыстық дәрежедегі Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2006 жылдың сәуір айынан білім бөлімінде бас маман болып еңбек етіп жүріп, осы жылы жол апатынан көз жұмады.
Ал, Алтаев Ермек Иванұлы 1962 жылы Шу ауданы, Алға ауылында дүниеге келген. Алматы қаласындағы Абай атындағы ҚазПИ-ың физика–математика факультетін бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Алға мектебінде физика-математика пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1987-1998 жылдары Алға мектебінде, Амангелді, М.Ғабдуллин атындағы орта мектептерде директорлық қызмет етті. 1993 жылы «ҚР білім беру ісінің озық қызметкері» атанған. 2000-2006 жылдары Шу аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы, физика пәнінің әдіскері болып қызмет атқарса, 2006 жылы Шу қаласының әкімі қызметінде болғанда жол апатына түсіп, мезгілсіз қаза болды.
Өкініштісі, бір салада қызмет етіп, ауданның абыройын ту етіп жүрген үзеңгілес қос азамат бір жылда, бір күнде мезгілсіз өмірден өтеді. «Ат тұяғын тай басар» демекші, жоғарыда аталған қос азаматтың көзін көріп, өнегелі үлгісін алған білім саласындағы азаматтардың жасаған игі ісі айтуға тұрарлық.
Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Сұлтанбаев Найман Кенжеханұлы, марқұмдардың отбасы мүшелері, ардагер ұстаздар, Алға ауылының ақсақалдар алқасының мүшелері, аудандық білім бөлімі мен Білім қызметкерлері кәсіподағы Шу аудандық комитетінің қызметкерлері, білім мекемелерінің басшылары қатысты.
Турнир барысында Алға ауылы мешітінің асханасында марқұмдардың әруағына құран бағышталып, ас берілді. Ал, тартысты ойын нәтижесінде үздік шабуылшыға, үздік қорғаушыға, үздік үйлестірушіге және ардагер ойыншыларға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Жүлделі І-орынды Талас ауданының командасы иеленіп, 70 мың теңге сертификатпен, кубок, диплом және медальдармен марапатталды. Ал, ІІ-орынды Т.Рысқұлов ауданының командасы иеленіп, 50 мың теңгенің сертификаты, кубок, диплом, медальдар еншіледі. Сондай-ақ ІІІ-орынды Шу және Тараз қаласының командалары өзара бөлісіп, оларға да 30 мың теңгенің сертификаты, кубок, диплом, медальдар табысталды.
Шу аудандық білім саласы қызметкерлерінің ауызбіршілігін айқындаған облыстық турнирден көршілес аудандар мен Тараз қаласынан келген қатысушылар жақсы әсермен қайтты.
Айғаным Асқарбек.