Ақпараттық портал

Мектептің беделі артқан күн

Ел басқарған елбасы да, қоғамға еңбегі сіңген қайраткер де, халық қамын ойлаған депутат та, тіпті профессор, академик, бәрі-бәрі мектеп атты киелі
шаңыраққа бас иетіні ақиқат. Білім ордасының алтын ұя деп аталуы да бекер емес. Өйткені, мектеп жалпы адамзаттың екінші үйіне баланғанына неше жыл, неше ғасыр?! Біздің қасиетті Шу өңірінде жағалай орын тепкен 45 жалпы білім беру ұйымы бар. Солардың қатарында небір атпал азаматтарды түлеткен, ғасырға жуық тарихы бар білім ошақтары да жоқ емес. Сондай-ақ, ел егемендігін алған күннен бастап мемлекетпен қатар өркендеп, талай қарлығаштарды ұшырып, еліміздің білім сапасын арттыруға сүбелі үлес қосып келе жатқан мектептер де жоқ емес.

Сондай мектептердің бірі – ғасырдан астам тарихы бар, Қонаев ауылындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы орта мектебі. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, Қонаев ауыылында «Төртінші» пошта бекетінде 1904 жылы алғаш мектеп ашылған екен. Міне, бұл Д.Қонаев мектебінің шежірелі Шу өлкесінде балаларды ағартуға жол салған алғашқы мектеп екендігінің айқын дәлелі. 1904 жылы ашылған мектептің алғашқы мұғалімдері Ларгин Иван Дмитриевич және Верзун Яков Петрович есімді азаматтар болған. Аталған мектеп 1955 жылы В.И.Ленин есімін, 1992 жылы Төле би бабамыздың есімін иеленген, ал 2022 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев атауын алды. Тарихы тереңнен тамыр тартқан мектепте небір атпал азаматтармен қатар «ҚазақКСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісінің иегерлері атанған Мұқатаев Жаңбырбай, Айтжанов Бәкіш, Сафаров Мүфтилер басшылық қызмет атқарғанын атап өтпеске болмайды. 2005 жылы мектептің жүз жылдық мерейтойын Бақтиярова Ақлима Амантайқызы жоғары деңгейде өткізгені тағы бар. Өткенге көз жүгіртуге сеп болған ұлағатты ұстаз Гүлжаһан Кәрібайқызының «Ұлағат иірімдері» кітабынан осы деректерге қанық болдық. Осы деректерді келтіре отырып, биылғы атаулы жылдар легінде Д.Қонаев мектебінің 120 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуге болатындығын тілге тиек еткеніміз де жөн болар.
Осы тұста аты дардай тұлғаның атын алған маңдайалды мектептің өткен тарихына көз жүгірту арқылы 2024-2025 оқу жылының аяқталуына орай өткізілген шараның маңызы туралы сөз қозғамақпын. Өткеннің өткелдеріне бойлауды байлам еткен мен үшін аға буын өкілдерінің әр сөзі маңызды. Мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты шараның бел ортасынан табылуға себепші болған ауданымыздың үлгі тұтар ардагер ұстазы Шолпан Масатбаева екендігін айтпай кетуге болмас. Шолпан Жақақызы бірер күн бұрын қоңырау шалып, биыл мектеп бітіргендеріне 55 жыл толып отырғанын әрі қазіргі Д.Қонаев атындағы орта мектептің 1985 жылғы түлектері екендігін алға тартып, мектеп бітіру кешінің салтанатты жиынына қатысуымды қолқалаған болатын. Жасы үлкен кісінің сөзін жерге қалдырмауға тырысып, 24-мамыр күні Д.Қонаев мектебінің салтанатты жиынына қатысып, әсерлі сәттің куәсі болып қайттым. Мектептің табалдырығын аттағаннан-ақ, ақ шағаладай болып, кілең аппақ киінген, білім ордасының 1955 жылғы түлектерін көзім шалды. Жандарына аяңдап барған едім, барлығы өткенге көз жүгіртіп, мектеп қабырғасындағы ерекше сәттерді еске алып, тебіреніп отыр екен. Белгіленген уақытта мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шара «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбымен бастау алды.
Жоғарыда Бақтиярова Ақлима Амантайқызын тектен текке тілге тиек еткен жоқпын. Салтанатты жиынның басында аталған мектептің көшін алға сүйреп, талай тарихи сәттердің куәсі болып, мектептің білім сапасын көтеруге, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге үлес қосқан Бақтиярова Ақлима Амантайқызы мен Мейрманова Шолпан Сагинбайқызының зейнеткерлік демалысқа шығуына орай, есімі аталған екі жанға үлкен сый-құрмет көрсетілді. Қазіргі күні осындай алдыңғы толқынның ұйымдастырушылық қабілетін көріп, тәжірибесі толыққан мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мамбетова Роза Алпысқызы мен құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Джуаспаева Ажар Досанқызының мектеп бітірушілерге арналған салтанатты іс-шараның өтуінде еңбегі зор. Бұл тұста «Мектебім, саған мың алғыс!» атты мектеп бітіруші түлектерге арналған салтанатты іс-шараның шымылдығын түрген мектеп директоры Оспанова Ұлжан Абдильдақызының көрегендігін де атап өткен жөн болар. Мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарға, қонақтарға, 55 жылдық, 20 жылдық түлектерге ізгі лебізін арнаған мектеп басшысы мектеп ұжымы атынан қос зейнеткерге қазақи дәстүрмен иықтарына бешпент жауып, ақ орамал сыйға тартып, демалысқа жолдама берді.
2024-2025 оқу жылында Дінмұхамед Қонаев атындаға орта мектебінде 97 түлек 11 сыныпты тәмамдаса, оның 2-і «Алтын белгіге» үміткер, яғни Фариза Дуйсембай, Қарақат Айтбай есімді түлектер. Мерекелік іс-шарада республикалық «Құнды құжат» байқауынан ІІ орынды иеленген Сағындық Ерасылға, облыстық 5-6 сынып оқушыларының арасында өткен пән олимпиадасынан І дәрежелі диплом алған Егемберді Аяулымға марапаттары табысталып, арнайы сыйлықтар берілді. Мұнан кейін іс-шараға қонақ болып келген мектептің 55 жылдық, 20 жылдық түлектері кезек- кезегімен құттықтауларын жаудырды.
Тағы бір атап өтерлігі, мектептің 55 жылдық түлектері Д.Қонаев мектебіне Бауыржан Момышұлының 30 томдық кітаптар жинағы мен Д.Қонаевтың портретін табыстады. Осындай игілікті істердің куәсі болғаннан кейін, Алаштың арда азаматы Халел Досмұхамедұлының «Білім оңайлықпен қолға түспейді. Білім алуға көп еңбек керек. Аса сабыр керек. Білім мысқылдап кіреді. Білімді болу үшін көп сарғаю керек…
Білім алудың жолы көп, жолдың ішіндегі ең төтесі – жақсы мектеп, білімді мұғалім, мұнан қалса, ел ішінде көпке түсінікті болып жазылған білім кітаптары» деген сөзі ойға оралып отыр. Осы сөздің үдесінен шығуға бекінген, өрелі істерге құлаш сермеген білім ошағының алар асуы, бағындырар белесі молынан болғай демекпіз!

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.