Ақпараттық портал

Абай әлеміне бойлатқан кеш

Бүгінгі күні Абай шығармашылығы несімен өзекті? Өміршең, өтімді, өсімді деген пікірлер көптің көкейінде сайрап тұрғаны айтпаса да ақиқат. Ақын өмір сүргеннен бері екі ғасырға жуық уақыт өтсе де рухани шөліркеген әрбір азамат Абайды оқып, жаңа қарқын, сенім мен серпін, шалқар шабыт, ойға өзгеше орам алады. Еліміздің білім ошақтарында кеңінен жүзеге асырылып жатқан “Біртұтас тәрбие” бағдарламасында атап көрсеткен ең негізгі басымдық – “Толық адам” ілімі даналықтың дарабозы болған Абайдың мұрасымен иірімдес келеді. Абайдың қара сөздерінде ұлттық болмысқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты тағлымдық ой-пікірлердің молдығы баршамызға аян.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында “Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет” – деген болатын.
Шын мәнінде қазіргі кезеңде бізге ең керегі білім мен ғылымды игеру, сол арқылы дамыған елдердің көшіне ілесу. Осы тұрғыда Абайдың даналығына ден қоятын ең алдымен мұғалімдер. Мұғалімдер Абайды түсінбейінше ол туралы өскелең ұрпақ санасына сіңіре қоймасы анық. Осыған орай, Өнер мектебінде Абай әлеміне бойлатқан дөңгелек үстел өтті. Оған Шу ауданының Құрметті азаматы, ауылшаруашылық саласының үздік ардагері, қоғам жанашыры Оспанов Жұмахан Зәукетайұлы қатысты.
Дөңгелек үстел отырысының шымылдығын түрген Өнер мектебінің директоры Айаужан Ақжолова Абайды танытуда еңбек сіңіріп жүрген Жұмахан Зәукетайұлының тұлғалық қасиетін сан қырынан айтып, аға буынның өнеге-өсиетін өскелең ұрпақтың санасына қондыру қажеттігін алға тартты. Дөңгелек үстел отырысында Өнер мектебінің оқушылары Хакім Абайдың табиғат лирикасын және қара сөздерін мәнерлеп айтты. Мұнан кейін қосымша білім беру педагогтары Абай мен Тоғжанның арасындағы сырлы сезімді сахналады.
Терең ойға батырған мазмұнды көріністен кейін дөңгелек үстел отырысына Өнер мектебінің педагогтары жиналып, Абай турасында ой-толғамдарын ортаға салды. Хакім Абай “Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады” деген нақыл сөзін әр адам ұстаным етуге тиістігін атап өткен Жұмахан Зәукетайұлы Абайдың шығармашылығына махаббатпен көңіл бөлуді басшылыққа алуды айтып өтті. Сондай-ақ, “Мал жұтайды, өнер жұтамайды” деп дана Абай айтпақшы, сонау қат-қат тарихымыздан бізге мирас болып жеткені-рухани құндылықтарымызды дәріптеп жүрген Өнер мектебінің ұжымына еңбектеніп, шәкірттердің таланты мен талабын ұштастыруды тапсырды.
Өнер мектебінің мұғалімдері Абайды тану арқылы өз болмысын бағамдап, болашағын бағдарлап, санасын саралап, хакім көксеген «толық адам» болып қалыптасуға барынша бой түзейтінін жеткізді. Қазақ қазақ болып тұрғанда қай заман болмасын Абай мұралары жақұттай жарқырап, саф алтындай сән құрып, көзі қарақты көпшіліктің көкірек көздеріне нұр берері сөзсіз.

Айғаным Асқарбек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.