Ақпараттық портал

Тұлғаның тұғыры бекзат болмысында

Шу ауданы – тарихы талай жылғы өмірдің өзегіне айналған шежірелі аудан. Шу даласы кешегі мен бүгінгінің арасын жалғап, «өткеніңді ұмытпа» дегендей, кейінгі күндердің іздерін өшірмей сақтап жатқан дастан дала.
Осы Шу бойының Қорағаты өзенінің жағасында орналасқан әлеуетті Масақ ауылының тумасы, кейін атауы бірнеше мәрте ауысқан (Коммунизм) қазіргі Ақтөбе елді мекенінде туып-өскен Молдахан Абдраев ( лақап аты Дүйсехан Кәріпбайұлы) туған жерінің табиғаты мен дархан жүректі ауылдастарының қажырлы мінездері, еңбек ардагерлері мен іскер шеберлердің қайраткерлігі, елге, ауыл тұрмысын көтеруге бір кісідей басшылық еткен жандардың тұлғалық қасиеттері туралы шеберлікпен әңгімелейді. Олар туралы жас күнінде аудандық «Шу өңірі» газетіне көптеп жазғаны жөнінде қызығушылықпен айтып отырады.
«Сол кезде әдебиет пәнінің мұғалімі Майра ұстазымыз менің газетке шыққан ақпарат, мақала, эсселерімді жинап, пән кабинетіне қабырға газеті ретінде іліп қоятын. Сынып жетекшіміз Гүлсара апай екеуі мені мақтап, өзгелерге үлгі тұтарлықтай жылы сөздерін айтушы еді. Мінездері жайсаң, үлкен жүректі, кішіпейіл сол ұстаздарымды бүгін есіме алсам, олардың талабы қаталдық та емес, қатыгездік те емес, бар болғаны «балалар оқыңдар» деген талап екен ғой. Заманында мектепте оқып жүргенімде мақалалармен қатар арагідік эссе, өлең де жазатынмын. «Озат шопан», «Майталман механизатор», «Боранмен бетпе-бет», «Мал төлдету науқаны», «Қой қырқу науқаны», «Таң сыры», «Сенің бейнең» сынды өзге де ақпарат, мақала, новеллаларым жарық көргенде арманыма қанат бітіп, мақсатыма жеткендей әжептәуір «аспандап» жүретінмін. Сөйтсем, ол ұстаздарымның, ауылдастарымның, қатар құрбыларымның, аға буын өкілдерінің ақ пейілі мен тағдырлас асқақ тілектерінің жемісі екен. Сондай-ақ, совхоз директоры, бірде парторг өз көліктерімен малды ауылды, егістіктерді, шабындық алқаптарын аралатып, шаруашылық жайлы мақала жазуыма, тақырыптар ойластыруыма түрткі болып жүретін.
«Шу өңірі» газетінің бас редакторы Рахметілдә Құдабаев, журналистер Ахметжан Қосақов, Жахан Қожағұлов, Тұрсынбай Нұрғалиев, Умеліс Шоқалақов, фототілші Петр Норкин сынды кәсіби қаламгерлер жазу өнеріме қолдау көрсетіп, шығармашылық қабілетімнің өрістеуіне тікелей бағыт көрсетті. Менің жазғандарыма қаламдарын батырмай, сол қалпында, кешіктірмей, нөмір сайын жариялап отырды. Осылайша, мен аға буын өкілдерінің алғашқы мектебінен шыққандардың бірі болдым әрі олардың сенімдерін ақтадым деп ойлаймын.
Сол сенім мен серпіннің қуатымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, газет, журналдарда, облыстық, республикалық мерзімді баспасөз басылымдарында, телеарналарда қызмет атқардым. Кейінгі жылдары ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген өзімнің шәкіртім Байжан Емберді, Уәлихан Жайлау, сонымен қатар өзге де шәкірттерім сол ақпарат саласында қызмет етіп жүр. Мәселен, қазіргі таңда ақпарат айдынынан алыстамаған Гүлдана Исаева республикаға танымал ақын.
Студент кезімде, Шерхан Мұртазаның бас редакторлығы тұсында «Егеменді Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») республикалық газетінде жұмыс жасап жүріп, сол ауыл мектебінің тәжірибесінің рәтін көрдім. Білгенге ауыл мектебі үлкен академия екен. Әбіш Кекілбаевтың бас редакторлығы кезінде «Егеменді Қазақстан» – «Егемен Қазақстан» болып өзгергендігін де айта кеткен жөн. Сөйтіп, аталмыш газетті Шерхан Мұртаза тізгіндеген тұста «Шерхан Мұртазаның редакторлық шеберлігі» тақырыбында диплом қорғап, бірінші болып оны ғылыми айналымға енгізсем, одан кейінгі бас редактор Әбіш Кекілбаевқа байланысты «Әбіш Кекілбаевтың көсемсөзгерлік шеберлігі» тақырыбында диссертациямды қорғадым. Содан мені әріптестерім, ғылыми жетекшілерім жоғары оқу орнындағы ұстаздарым «Әбіштанушы» деп атап кетті.
Адам өмірінде өзгерістер мен қызықты дүниелер көп қой. Сол «Егеменді Қазақстан» газетінде қызмет етіп жүргенімде досым, журналист, жазушы, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп: «Бұл жұма күні Молдахан, қалған күндері Дүйсехан», – деп әзілдейтін. Себебі, мені ауылдағылар Дүйсехан деп атайтын және мектепте оқып жүргенімде, аудандық газетке мақалалар жазғанда аты-жөнім Дүйсехан деп жазылып жүретін».
Сол өзі айтқандайын, Молдахан (Дүйсехан) ұстазымыз бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жиырма бес жылдай қызмет атқарып, жүздеген шәкірттер тәрбиелеп, түлетіп келеді. Бүгінде Абдраев Молдахан (Дүйсехан) Кәріпбайұлының ғылыми мектебі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Бакалавриат, магистратура, докторантураны бітірген шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде, шетелдерде жемісті қызмет атқарып жүр.
Молдахан Кәріпбайұлы 1991 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2000 жылдан бері қызмет атқарады. Молдахан Кәріпбайұлы 1960 жылы 20-қазанда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1978-1982 жылдар аралығында туған ауылы Ақтөбеде (Коммунизм) ауыл шаруашылығының барлық саласына араласып, еңбек етті. Мал бағып, трактор айдап, «Майталман механизатор» атанды. Мектеп қабырғасынан бастап аудандық «Шу өңірі» газетінде ауыл тұрмысы мен совхоз шаруашылығы туралы ақпараттар мен айтулы еңбеккерлер туралы ірі мақалалары жарияланып тұрды.
1982-1984 жылдары әскери қызметін өтеді. 1985 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дайындық бөлімінде оқыды. 1986 жылы журналистика факультетіне түсті. 1988-1991 жылдар аралығында университетте оқып жүріп, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етті. 1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде қызмет атқарды. 1994-997 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық телеарнасында редакторлық қызмет атқарып, танымал тележурналист атанды. Шығармашылық ізденісінің нәтижесінде 1998-2000 жылдар аралығында республикалық «Қазақстан» телерадио корпорациясында редакторлық қызмет атқарып жүрген кезінде қоғамдық саяси редакцияның «Өндіріс өзімізде, кілті кімде» тақырыбындағы сериялы хабарлары көпшілік көрерменге ой салып, әлеуметтік тұрмыс тұрғысынан талқыланып та жатты.
Ал, 2000-2013 жылдар аралығында тәжірибелі, машықтанған маман ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне шақырылып, М.К.Барманқұлов атындағы телерадио кешенінің директоры болды. 2000 жылдан 2025 жыл, яғни бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде доцент, филология ғылымдарының кандидаты ретінде ұстаздық қызмет атқарып келеді.
Бакалавр, магистратура, пейджи докторларын дайындауда үздіксіз жетекшілік жасап келе жатқандығын да атап өткен жөн. Жүздеген шәкірттері Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде және шетелдерде түрлі жауапты қызметтер атқарып жүр. Өзінің ұстаздық жолында шәкірт тәрбиелеу ел үшін, ұлт үшін аса жауапкершілікті міндет екенін сезінген Молдахан Кәріпбайұлы теориялық тұрғыда ғана емес, методикалық әдіс-тәсілдерді қолдану барысында да өзіндік шеберлік қырын таныта білді. Түрлі тақырыптағы мақалалары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдары мен «Жалын» журналында үздіксіз шығып тұрады.
Кәсіби ғылыми ізденісінде 1991 жылы «Шерхан Мұртазаның редакторлық шеберлігі» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғады. Оқу мен білім ғылымның сабақтастығында талмай ізденіс жолына түскенде ғана нәтижелі жетістіктерге, биік белестерге жететінін жете сезінген ұстаз, 2010 жылы «Әбіш Кекілбаевтың публицистік шеберлігі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Қалам тартқан еңбектері қатарында Өскеменде 1992 жылы шыққан «Нәубетке ұшыраған әулет» атты кітабы бар. Одан бөлек, 2013 жылы шыққан «Кестелі сөз кемеңгері» атты ғылыми монографиясы, 2014 жылы «Телехабар жасау технологиясы», 2020 жылы «Тележурналистиканың интеллектуалды құрылымы» атты ғылыми оқу құралы жарық көрді.
2024 жылы ҚазҰУ-дің 90 жылдық мерейтойына орай, «Масс медиа алаңындағы ақпараттық негіз» атты сараптамалық талдау оқу құралдары Қазақ ұлттық университеті баспасында басылып шықты. Сондай-ақ еңбек, өмір жолында «Екі Кенен тумайды», «Білім кеңістігі», «Ғалымның жарқын бейнесі», «ҚазҰУ – ғылымның шалқар биігі», «Білім мен ғылым ордасы» атты деректі фильмдерінің редактор-авторы және оператор- режиссері болды. Осы орайда, «Ғасырдың жүгін арқалап» атты деректі телехабарының редактор-авторы, оператор-режиссері қызметін атқарды. «Ұлт санасының зергері» атты («Қазақ» газетінің 100 жылдығына және Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 140 жыл толуына орай) деректі фильмнің редактор-авторы және оператор режиссері. «Ешкімге ұқсамайтын елес бейне» атты телефильмінің автор редакторы, оператор-режиссері ретінде шығармашылық қабілетінің жоғары кәсіби деңгейін таныта білді.
Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің және Л.Гумилев атындағы университеттің сериялы журналдарында оның елуге тарта ғылыми мақалалары жарық көрген. Ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі біліктілігі танылып, Молдахан Кәріпбайұлы 2020 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдық медалімен марапатталды.
2024 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Ұлт зиялыларының ұясы» атты 90 жылдық кітабына енген. Жамбыл облысы, Шу ауданының 90 жылдық төсбелгісімен марапатталып, ауданның 90 жылдық энциклопедиясына «Біздің ауданымыздың мақтанышы» ретінде енгізілген. ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Қанат ӘУЕСБАЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.