Ақпараттық портал

Білімнің сапасы емтихан тапсырумен ғана өлшенбейді

Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінде оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру – маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Еліміздің «Қазақстан–2050» стратегиясында және ҚР Оқу ағарту министрлігінің жаңа білім беру стандарттарында функционалдық сауаттылық басты басымдық ретінде белгіленген. Бұл ұғым тек пәндік білім ғана емес, оқушының сол білімді нақты өмірде қолдана алу қабілетін қамтиды.

ХХІ ғасыр дағдыларына бейімделу үшін қазіргі қоғамда тек пәндік білім жеткіліксіз. Оқушы ақпаратты түсініп, саралап, қолдана алуы керек. Бұл өмірлік маңызды дағдылар. PISA, TIMSS секілді халықаралық зерттеулер осы дағдыларды талап етеді. Қазақстан оқушылары бұл зерттеулерде әлі де төмен нәтижелер көрсетіп жүр. Себебі олар нақты өмірмен байланысы бар, логикалық ойлау мен шешім қабылдауға негізделген. Сондықтан мектеп бағдарламасы да осы бағытқа бейімделуі тиіс.
Бүгінгі білім беру жүйесінде басты мақсат – оқушыны өмірге бейімдеу, алған білімін күнделікті өмірде тиімді пайдалана алатын тұлға ретінде қалыптастыру. Бұл ретте функционалдық сауаттылық ұғымы білім беру саласында аса маңызды орын алады. Әсіресе жаратылыстану-математика бағытында оқытылатын пәндер арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту – оқушылардың болашақта табысты, саналы азамат болып қалыптасуына тікелей ықпал етеді.
Функционалдық сауаттылық дегеніміз – адамның нақты өмірлік жағдаяттарда өз білімін қолдана білу қабілеті. Бұл ұғым тек оқулықтағы ақпаратты жаттау немесе емтиханды жақсы тапсырумен шектелмейді. Ол – оқушының алған білімін талдай алуы, сол білімді күнделікті өмірде қолдана алуы, логикалық ойлау мен сын тұрғысынан пайымдау дағдыларының қалыптасуы.
Мысалы, физикада энергия тұтынуды есептеу, математикада пайыздарды қолдану арқылы несие мөлшерін есептеу, биологияда денсаулыққа әсер ететін экологиялық факторларды түсіну – мұның барлығы функционалдық сауаттылықтың көріністері. Жаратылыстану, математикалық пәндер өмірмен тығыз байланысты ғылым салаларына жатады. Сондықтан бұл пәндерді оқытуда тек формула мен анықтамаларды жаттатумен шектелмей, оқушылардың практикалық дағдыларын дамыту маңызды.
Бүгінгі оқушы тек есеп шығарумен ғана шектелмей, не себепті сол есепті шығаратынын, оны қай салада, қандай жағдайда қолдана алатынын түсінуі қажет. Бұл бағытта жобалық жұмыстар, зерттеу әдістері, өмірлік жағдаяттарды модельдеу сияқты белсенді оқыту әдістерін қолдану тиімді. Мәселен, география сабағында климаттың адам өміріне әсерін талқылау арқылы оқушы өз елінің табиғи ерекшеліктерін жақсы түсінеді.
Химияда күнделікті қолданатын тұрмыстық заттардың құрамын зерттеу арқылы денсаулыққа зиянын немесе пайдасын біледі. Математикада отбасылық бюджет құру, сатып алу-сату процестерін есептеу арқылы оқушылар шынайы өмірге қадам басады. Қазақстанда соңғы жылдары функционалдық сауаттылықты дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде.
2012 жылдан бастап «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық жоспар» қабылданып, білім мазмұнын жаңарту қолға алынды. Оған қоса, халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулері де оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалайтын маңызды құрал ретінде қызмет етеді. Бұл зерттеулерге қатысу арқылы еліміздегі білім сапасының деңгейін бағалап, кемшіліктер мен жетістіктерді саралау мүмкіндігі туады.
Білім беру процесінде мұғалімнің де рөлі ерекше. Пән мұғалімі тек білім беруші емес, оқушыны ойландырушы, бағыттаушы тұлға ретінде әрекет етуі керек. Ол оқушыға дайын жауап бермей, сол жауапты өз бетімен табуға жетелесе – міне, сол кезде білім шынымен де өмірлік мәнге ие болады. Қорыта айтқанда, функционалдық сауаттылық – ХХІ ғасыр адамының негізгі қабілеттерінің жиынтығы.
Жаратылыстану математика бағытындағы пәндер арқылы функционалдық сауаттылықты дамыту – оқушылардың тек білімін емес, тұлғалық, әлеуметтік және шығармашылық қабілеттерін де дамытудың тиімді жолы. Бұл болашақ ұрпақтың саналы, жауапкершілікті, бәсекеге қабілетті азамат болып өсуіне берік негіз қалайды. Мұндай білім уақыт сынынан өтетін, өмірде қажет болатын нағыз құндылық.

Гүлнар ДЖАПСАРБАЕВА,
Жамбыл атындағы орта мектептің физика пәнінің мұғалімі.
Көктөбе ауылы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.