Туған жерге табындырған айтулы сәт
Ұлттың ұлы мұратын көксеген, халқын ағарту ісінде аянбай еңбек еткен Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов «Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам баласы қазынаға жарымайды» деп дөп басып айтқан. Алпауыт елдер аузын айға білеп, технологияның түр-түрін ойлап тауып жатса да ақыл-ой мен қолдың еңбегін дәлме-дәл алмастыратын ешқандай құрылғы ойлап таба алмай жатқаны, әрине жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі болмақ. Әр жанның көкірек көзін ашып, санасын сілкіп, сезімдерін селт еткізетін құрал болса, ол – кітап.
Кітап оқу ісі қай дәуірден келе жатқаны белгісіз, әйтеуір қатпарлы тарихтың арғы-бергісіне көз жүгіртсеңіз де, кейінгіге көз тастасаңыз да барлығы кітап оқуға үндейді. Ел болып еңсе тіктегелі кітап оқуды ұран еткен түрлі игі шаралар қолға алынып, мұқым елдің мұратын бір арнаға тоғыстыру жолында айтулы істер тындырылып жүр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын.
Көпшілікке белгілі, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 2025 жылды-«Әулиеата-кітап оқитын өңір» деп жариялағалы жақсы істерге куә болудамыз. Кітап оқуға құштарлығыңды оятатын түрлі зияткерлік ойындар өтіп, жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары дәріптеліп, түрлі кітап көрмелері ұйымдастырылып келеді.
Күні кеше ғана аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен жерлесіміз, Абай ауылының тумасы, Қазақстандағы құсбегілік өнерінің көрнекті өкілі, этнограф, эколог, зерттеуші-натуралист және қоғам қайраткері Жапар Сатылғановтың «Өз шаңырағыңа табын» кітабының тұсаукесері өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев, зиялы қауым өкілдері, кітапхана қызметкерлері, Абай ауылының тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
«Ұлтарақтай болса да туып-өскен ел қымбат, ат төбеліндей болса да ата қоныс жер қымбат» демекші, кім-кімге болса да өзінің кіндік қаны тамған туған жері қымбат. Туған жерден жыраққа ұшып, ел-елді, жер-жерді желіп жүрсең де түбі туған жеріңе қайта ораласың. Туған жерге ту тігу-әр жанның азаматтық парызы. Осы үдеден шыға білген Жапар Сатылғанов «Өз шаңырағыңа табын» атты кітабында Шу өлкесінің табиғатын, аң-құсын, әр адыр-жырасын, сай-саласын тереңінен толғап, туған ауылындағы ағайындардың ерекше қасиеттерін көркем суреттеген. Кітаптың тұсауы кесілмей жатып-ақ, абайлықтар қолдан-қолға тарата оқығандығы байқалды, әрі кездесуде алған әсерлерін жарыса айтты.
Қазіргі таңда экологиялық ахуал жаһан елдерін алаңдатып отырғаны баршаға мәлім. Сол секілді елімізде де табиғатты аялауға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған түрлі игі істер тындырылып жүр. Бұл істе ұлттың болашағына алаңдап жүрген жекелеген азаматтардың да үлесі зор. Солардың қатарында Жапар Тілеужанұлы да бар екендігін атап өткіміз келеді. Жапар Тілеужанұлы өмірінің қырық жылға жуық уақытын «Андасай» мемлекеттік экологиялық қорғалымына арнап, «Қауырсын-құсбегілер» клубын құрып, осы еңбегінің арқасында есімі Қазақстанның кеңестер кітабына енді. Ол АҚШ-тың «Ханкинг» саятшылар клубының мүшесі екендігін, 2013 жылы Ақмола облысы, Аршалы ауданында өткен халықаралық «Бүркітшілер» фестивалінің бас төрешісі болғанын да атап өткен жөн. Сондай-ақ, Жамбыл облысында табиғат-экологиялық мәселелерді ұдайы көтергені үшін «Алтын медаль» төсбелгісімен марапатталған.
Басты байлығымыз-кітаптармен әсем безендірілген Абай ауылдық мәдениет үйінің акт залында аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы мен Жапар Тілеужанұлы «Өз шаңырағыңа табын» кітабының қызыл лентасын қиды. Көпшіліктің көңілінен шыққан келелі кездесуді ұйымдастыруда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бағдагүл Алжанбаева бастаған ұжымның үлесі зор екендігі іс-шара барысында тілге тиек етілді. Мұнан кейін рухани қайнарға бас қойған кездесуде Жапар Сатылғановтың тұлғалық қасиеті, азаматтық болмысы туралы лебіздер айтылып, іс-шараның мән-мазмұны айшықтала түсті. Жігітке жеті өнерді аз деп білетін текті халқымызда азаматтың жомарттығы, мәрттігі, серілігі өз алдына бір бөлек болса, саятшылық, құсбегілік, мергендік секілді қырлары да аталмай өтпейді. Осы тұста ауданға белгілі журналист Несіпхан Қоңырбаев Жапар Тілеужанұлының тау бүркітінен гөрі құм бүркітін баптап-баулу, аңға салу екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігін, дәл осы құм бүркітін өз ырқына көндіре білген Жапар атамыздың ерлігін айту арқылы азаматтың бағасын арттырды.
«Жігітте де жігіт бар азаматы бір бөлек, тұлпарда да тұлпар бар қазанаты бір бөлек» демекші, бойына тектілік қасиетін дарытқан, нағыз қазақылық болмысын сақтап жүрген Жапар Сатылғановтың жазған кітаптарынан ой-өресі биік жан екендігі аңғарылады. «Өз шаңырағыңа табын» кітабы жазушының 11-ші кітабы екендігін ескерсек, бұдан әрі осы игілікті істің жалғасатындығына көз жеткізген кездесуден жақсы әсермен тарқастық.
Айғаным Асқарбек.