Құрбан айт құтты болсын!
Құрметті Шу ауданының тұрғындары!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы асыға күткен қасиетті, ұлық мереке – Құрбан айт мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, жұмыстарыңызға береке тілеймін!
Бәрімізді ұлық болған Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!
Ислам діні сан ғасырдан бері еліміздің рухани тірегі болып келеді. Халқымыз асыл дініміздегі Жаратушы Иеміз белгілеп берген екі мейрамның ұлығы, айтулы мереке – Құрбан айтқа айрықша дайындалып, көпшілікпен ерекше атап өтеді. Берекеге бастаған бұл мереке бірлік пен игілікке, мейірім мен кешірімге үндейді.
Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге шақыратын ұлық мейрам. Бұл күндері барша мұсылман құрбан шалумен ғана емес, Жаратқанға ұнамды әрбір ізгі амалы арқылы Раббысының разылығына, рақымына жақындай түседі. Өйткені, араб тіліндегі «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымдарды білдіреді.
Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің)» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған.
Айт күндері қажылық парызын өтеп жатқан мұсылмандар да Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады. Қасиетті Мекке қаласында еліміздің амандығы, халқымыздың бірлігі мен берекесін тілеп жатқан отандастарымыздың да дұғасы, қажылығы қабыл болғай!
Қаржылық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу – міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүмкіндігі шектеулі және науқас жандарға таратылады.
Құрбан айт күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, айт намазына қатысу – пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.
Қадірлі ағайын!
5 маусым – Арапа күні.
6-7-8 маусым күндері – Құрбан айт мерекесі.
Жамбыл облысының барлық мешіттерінде Құрбан айт намазының оқылуы 6 маусым күні сағат 5:30-да.
Алла Тағала дұға-тілектеріміз бен сауапты істерімізді және шалған құрбандықтарымызды қабыл еткей! Әмин!
Талғат Кәрібайұлы,
аудандық Төле би мешітінің бас имамы.