Қарулы Күштер – ел қорғаны
Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың парызы мен міндеті болып табылады. «Қазақстан Республикасының қорғанысы мен Қарулы Күштері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 5-тарау, 18-тармағы бойынша Қарулы Күштер агрессияға тойтарыс беруге, Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен егемендігін қару-жарақпен қорғауға, мемлекеттік және әскери объектілерді күзетуге және қорғауға, әуе кеңістігін күзетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттерді орындауға арналады.
Осы орайда Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаев Алматы қаласында орналасқан 42 жылдық тарихы бар Райымбек атындағы арнайы мақсаттағы десанттық шабуылшылар бригадасында болып қайтты. Бұл іссапардың мақсаты – Шу ауданынан барған мерзімді әскери қызметтегі Отан қорғаушыларының тыныс-тіршіліктерімен танысып қайту болды.
38-ші десанттық шабуылдау бригадасының тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары Дәурен Төлебаев арнайы келген қонақтарды әскери қызметшілердің бір күндік тынысымен таныстырды. Дәурен Әмірханұлының сөзіне сүйенсек, әуе-десант дайындығы парашютпен түсуге және қарсылас тылында жауынгерлік міндетті орындауға үйрету. Оған парашютпен түсу, әуе-десант техникасы мен әскери-көліктік ұшақтардың, теориялық негіздерін оқу, парашютті жинау, десант түсіру үшін әскери техника мен материалдық құралдарды дайындау, оларды ұшақтарға тасу және жерге қонудан кейін әзірлікке келтіру, жеке құрамды ұшақтарға отырғызу тәртібі мен секіруге үйрету қамтылады дейді.
Бұл «ҚР азаматтарын 2025 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» 2025 жылғы 13 ақпандағы №782 Жарлығына, Шу ауданы әкімдігінің қаулысына сәйкес жүргізілуде. Бұл ретте Шу ауданы қорғаныс істер жөніндегі бөлімі мерзімді қызмет өткеру үшін 150 адамды әскерге шақыруды жоспарлап отыр. Ал, өткен жылдың деректеріне сүйенсек, тапсырыс 144 жасақ болса, ауданнан 148 бала жіберіліп, 103 пайызға орындалған.
Ал, нақты деректерге сүйенсек, Аэроұтқыр әскерлеріне тапсырыс бойынша 21 адамды әскерге шақыруды жоспарласа, 18 адам Отандық борышын өтеуде, яғни 86 пайызды орындап отыр.
Сөз түйінінде әскер қатарындағы сарбаздардың күнделікті тамақтануымен қатар тыныс-тіршілігінің барысын көріп қайтқан атқамінер азамат осы істің лайықты түрде орындалуына атсалысқанын жеткізді.
Аяжан Жұмахан,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
ІІ-ші курс студенті.
Сурет автордікі.