«Мақсат-міндеттердің жүйелі жүзеге асуында халықтың ықыласы маңызды»
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жыл өткен сайын алға жылжып, тыныс-тіршілігі тың бастамалармен толығып келеді. Бұған біз жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және жергілікті билік өкілдерінің жыл сайынғы есепті баяндамасы арқылы да көз жеткізіп келеміз. Әлбетте, бұл аудан дамуының шекті межесі еместігі белгілі. Мыңдаған халқы бар Шу өңірі әр жылды баянды бастама, жаңа мақсаттармен жалғай беретіні сөзсіз. Оған бірінші кезекте жергілікті билік өкілдерінің ықпалы зор. Осы орайда, аудан өмірінің бірқатар салаларының жұмысын үйлестіруге жауапты аудан әкімінің орынбасары Найман Кенжеханұлы Сұлтанбаевқа жолығып, әр салада атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспар жайында өзара сұхбат жасаған едік. Соны оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
-Найман Кенжеханұлы, бүгінгі таңда жастар арасында бұзақылық пен түрлі деңгейдегі қылмыстық істер белең алып отырғандығынан әр саналы азамат хабардар деп білеміз. Бұл қазіргі қоғамда өзекті мәселеге айналып отыр. Жастар тәрбиесіне қатысты олқылықтардың орын алмауы бағытында қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?
-Ауданымызда мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі бірқатар маңызды істердің жүзеге асырылуына ұйытқы болып келеді. Жалпы, статистикалық мәлімет бойынша, ауданда жалпы тұрғындар саны 106227 болса, оның 31167-сі 14 пен 35 жас аралығындағы жастарды құрайды немесе 29,3 пайыз. Оның ішінде ауыл жастарының саны – 18099, қала жастарының саны – 13068.
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен білім саласы бағытында 32 іс-шара өткізіліп, оған 552 жас қамтылған. Мемлекеттік қызметте аудан бойынша барлығы 198 адам қызмет атқарса, оның 75-і жастарды құрайды. Осындай құрамдағы жастар арасында құқықбұзушылықты болдырмау, оның алдын алу мақсатында бірқатар тиісті іс-шаралар да атқарылып келеді. Атап айтқанда, Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, 87 іс-шара өткізіліп, оған 1724 жас қамтылды.
Өкінішке қарай, жастар арасында қылмыстық істер мүлдем орын алмады деп айта алмаймыз. Аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметі бойынша 2025 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 20 қылмыс тіркелген. Бұл бағыт тыңғылықты жұмыс жасауды қажет етіп отырғаны жасырын емес.
Ал, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі төңірегінде айтар болсақ, ағымдағы жыл басынан бері 564 жас (1,80 пайыз) жұмыссыз ретінде тіркеліп, 493 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Оның ішінде, ваканттық бос жұмыс орындарына 235 жас, «Жастар тәжірибесіне» 77 жас, әлеуметтік жұмыс орындарына 21 жас, ақылы қоғамдық жұмысқа 121 жас, алғашқы жұмыс орны жобасымен 1 жас жұмыспен қамтылып, «Бастау-Бизнес» бағдарламасы аясында 38 жас кәсіптік оқытуға жіберілді. Ал, конкурстық негізде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге қол жеткізген жастар саны 25-ті құрайды.
Әскери патриоттық тәрбие орталық назарынан тыс қалған емес. Бұл бағытта 37 іс-шара өткізіліп, оған 927 жас қамтылды. Сондай-ақ, аудан көлемінде спорт нысандарына кіру тегін, арнайы кесте бекітіліп, жастардың спортпен шұғылдануына барынша жағдай жасалған. Бұл бағытта 55 іс-шара өткізіліп, оған 2309 жас қамтылды.
Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік мәртебесі белгісіз 532 жас анықталып отыр. «Отбасы цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде тіркелмеген жұмыссыздарды Мансап орталығына жұмыссыз ретінде тіркеп, жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына салығын төлету, зейнетақы қорына тиісті аударымдарды аударту жұмыстары ауылдық округтердің жастар ісі жөніндегі мамандарының адрестік жұмыстар жүргізуімен жүзеге асырылуда. Аталған бағытта тиісті жұмыстарды жүзеге асыру арқылы 46 жастың мәртебесі анықталып, облыстық Жастар ресурстық орталығына жолданды. Уақытша бос жүрген жастарға жалпы 32 адрестік жұмыс жүргізілді.
Жастар арасында жан жадырататын жағымды істер де жоқ емес. Бүгінгі таңда ауданымыздағы 483 ерікті жас игілікті істердің қасынан табылуда. Жыл басынан волонтерлардың қатысуымен «Қамқор», «Саулық», «Білім», «Асыл мұра», «Үміт», «Сабақтастық» жобалары аясында 240 іс-шара өткізіліп, оған 4482 адам қамтылған. Рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 548 іс-шара өтіп, оған 13413 адам қатыстырылды. Алдағы уақытта мерекелік даталарға орай және өзге де тақырыптарда бірқатар іс-шаралардың жоспары бар. Мұның барлығы жастардың санасын серпілтуге, олардың жақсы қырынан танылып, бұзақылыққа жол бермеуіне септігін тигізеді деген сенімдемін.
-Соңғы жылдары өңірімізде спорттық нысандардың саны артып, оған келушілердің де қарасы молайып келеді. Мұндай орындар жалпы аудан тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына, әсіресе жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына зор ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан спорт пен дене шынықтыру аудан өмірінің маңызды құрамдас бөлігі десек, қателеспейміз. Бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны қандай?
– Бұл тұста аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің рөлі ерекше. Аталмыш бөлімнің басшылығымен бұл салада да айтарлықтай ілкімді істер тындырылуда. Бүгінгі күнге ауданда 4 спорт мектебі болса, онда 2616 спортшы тұрақты түрде спорттық секцияларға қатысып, олармен 68 жаттықтырушы жұмыс атқарып келеді.
Ауданда жалпы 299 спорт нысаны бар. Оның ішінде стадион – 2, спорт кешені – 5, спорт залдары – 73, футбол алаңы – 71, спорт алаңшалары – 148. Бүгінгі күнде спорт саласында белгіленген 4 индикатор бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, І-ші индикатор – есепті кезеңге дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтардың саны 43872 адам немесе жалпы халықтың (106227) 41,3 пайыз. ІІ-ші индикатор – есепті кезеңге халықтың 1000 адамға арналған спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі жоспар бойынша 45 пайыз болса, бүгінгі күнге 60,2 пайыз. ІІІ-ші индикатор – жастарды (14-18 жастағы) спортпен қамту жоспары 7034 жас болса, 2025 жылдың төрт айында 6047 жасты құрады. IV-ші индикатор – дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын, дене шынықтырумен және спортпен айналысуға қарсы көрсетілімдері жоқ мүмкіндігі шектеулі адамдар қатарындағы ерекше қажеттіліктері бар халықтың жалпы үлесі 1325 адам, 2025 жылдың төрт айында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатыны 315 адам немесе 23,8 пайыз.
Соңғы жылдары ауданымызда спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымның жергілікті тұрғындарға барынша қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында спорт алаңдарын (футбол, волейбол, баскетбол, street workout) салу бойынша «Қолжетімді спорт» жобасын жүзеге асыру жүргізілуде. Осыған сәйкес, өткен жылы «Қазақ мыс Корпорациясы» ЖШС-мен Шоқпар, Бірлікүстем, Бірлік, Д.Қонаев ауылдарында демеушілік қаражат есебінен тұрғындарға арналған стритворкаут, кіші футбол, волейбол және баскетбол алаңдарының құрылысы жүргізіліп, жергілікті тұғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Сонымен қатар, Балуан Шолақ ауылында жергілікті кәсіпкер, аталған ауылдың тумасы Айтжан Әшімханов өз қаражаты есебінен 40х22 м ангарлық типтегі, құны 200 млн теңгені құрайтын, заманауи әмбебап дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінің құрылысын аяқтап, Балуан Шолақ Баймырзаұлының 160 жылдығы қарсаңында яғни, өткен жылдың 15 қарашасында ауыл тұрғындарының игілігіне пайдалануға берілді. Осылайша, ауыл жастары күрес, бокс, кіші футбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерімен осы кешенде жаттығуға мүмкіндік алды.
Алдағы жоспар туралы айтар болсақ, «Қазақмыс» корпорациясы тарапынан көрсетілген демеушілік есебінен Шу қаласында бір, Бірлік ауылдық округінде бір және Көкқайнар ауылдық округінде бір ангарлы типтегі спорт залдарын салу жоспарлануда. Бүгінгі күнге құрылыс жұмыстары басталып, темір конструкциялары орналастырылуда. Бұл жобалардың аяқталуы 2025 жылдың І жартыжылдығына жоспарланған. Сондай-ақ, 2025 жылға Шу ауданында 2 денешынықтыру-сауықтыру спорт кешендерінің құрылысы (Жаңа жол ауылынан 1, құны 441 млн 245 мың, екіншісі Шоқпар ауылынан, құны 501 млн 478 мың) жоспарлануда. Заманауи үлгідегі стритворакут алаңшасы мен кіші футбол алаңдарының орнатылуы да ағымдағы жылдың жоспарында. Яғни, 8 жоба (Шу қаласы – 4, жобалар құны – 111,5 млн, Төле би ауылы – 1, жоба құны – 17,5 млн, Ақсу ауылы-1, жоба құны – 4,7 млн, Оразалы батыр ауылы -1, жоба құны – 4,7 млн, Балуан Шолақ ауылы – 1, жоба құны 17,0 млн).
Осындай ілкімді істерге орай, жергілікті спортшылардың да жетістіктері молайып, бірқатар жерлестеріміз түрлі деңгейдегі спорттық сайыстарда биік белестерді бағындырып келеді. Мысалы, өткен жылы Шу ауданының спортшылары түрлі спорттық сайыстардың нәтижесінде 448 жүлделі орынды иеленген (І орын – 89, ІІ орын – 154, ІІІ орын – 205). Оның ішінде, облыстық деңгейде 376 жүлде (І орын – 66, ІІ орын – 131, ІІІ орын – 179). Республикалық деңгейде 70 жүлде (І орын – 21, ІІ орын – 23, ІІІ орын – 26). Халықаралық деңгейде -2 (І орын-2).
Ал, ағымдағы жылдың 4 айында 147 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 9239 адам қамтылған. Атап айтар болсақ, ұлттық спорт түрлерінен – 41, бұқаралық спорттан 103 іс-шара, кешенді спорттық іс-шаралар бағытында 3 іс-шара өткізілген. Сондай-ақ, аудан спортшылары республикалық, облыстық және аудандық жарыстарда барлығы 168 медальға ие болды (38 алтын, 61 күміс, 69 қола).
Олардың арасынан жуырда Тараз қаласында өткен көкпар сайысында Балуан Шолақ ауылының құрама командасы топ жарып, облыс чемпионы атанғанын ерекше атап өткен жөн.
-Соңғы кездері жастардың әскерге барудан жалтаруы белең алып барады. Оған ғаламтор, түрлі әлеуметтік желілер арқылы таралып жатқан әскердегі жағымсыз оқиғалар да өзіндік әсерін тигізіп отырса керек. Алайда, бес саусақтың бірдей еместігі секілді, әскери азаматтық борышын лайықты өтеп, ортамызға абыроймен оралып жатқандар да баршылық. Бұған бірінші кезекте әр өңірдегі әскери-патриоттық тәрбиенің ықпалы зор деп білеміз. Бұл мәселе төңірегінде жергілікті қорғаныс істері жөніндегі бөліммен қандай жұмыстар атқарылуда?
-Аудандық қорғаныс істер жөніндегі бөлімнің әскерге шақыру және әскерден тыс жұмыс бөлімшесімен атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беруге болады. Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына, Қазақстан Республикасы Президентінің «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2025 жылдың наурыз-маусымы мен қыркүйек-желтоқсанында кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы» 2024 жылғы 13 ақпанындағы №782 Жарлығына, Шу ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 24 ақпанындағы «2025 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру туралы» №84 қаулысына сәйкес Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің шақыру учаскесінде ағымдағы жылы да мерзімді әскери қызметке шақыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Кезекті мерзімді әскери қызметке шақыруды сапалы жүргізу мақсатында әскерге шақыру кезінде жүргізілетін іс-шаралар жоспары бекітіліп, сол жоспарға сай жұмыстар атқарылуда.
Берілген тапсырыс және әскер қатарына жөнелтілгендердің сандық көрсеткіші жөнінде айтар болсақ, биылғы көктемде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі әскерлері құрамына 20 тапсырыс беріліп, 23 бала әскер құрамына алынды. ҚР мемлекеттік күзет қызметіне тапсырыс бойынша екі адам, орындалуы да жүз пайызды құрады. ҚР Қорғаныс Министрлігі әскерлері құрамына тапсырыс 78 болса, бұл жаққа 85 сарбаз барып, жоспар артығымен орындалды. Ал, ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің әскерлері (тапсырыс-3, орындалғаны-1) мен ҚР Ұлттық Ұлан әскерлері (тапсырыс-39, орындалғаны-4) құрамына тапсырыстың орындалуы төменірек болып тұр. Сондықтан, қазіргі кезде бұл бағыт бойынша тиісті шаралар қолға алынғанымен, алдағы уақытта жүйелі жұмыс жасау қажеттігі туындап отыр. Бүгінгі күнге ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі, ҚР Қорғаныс Министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінің әскерлерін жасақтау аяқталды. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскерлерін жасақтау жалғасуда.
Мерзімді әскери қызметпен қатар Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру және азаматтарды келісімшарт бойынша қабылдау жүргізеді. 2025 жылы 4 запастағы офицерді әскери қызметке шақыруға тапсырыс беріліп, 2 офицер әскери қызметке шақырылды, 1 офицер келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданды.
Қарулы Күштердің қажеттілігіне сәйкес әскери-техникалық мамандықтар бойынша даярлау Тараз қаласында орналасқан әскери-техникалық мектепте өтеусіз негізде және оқуға арналған шығыстарды толық немесе ішінара өтеумен жүргізіледі. 2025 жылы өтеусіз негізде 2 әскерге шақырылушы даярлықтан өтіп, алған жүргізуші мамандықтары бойынша әскер қатарына шақырылды. Өтеулі негізде 7 әскерге шақырылушы даярлықтан өтті.
Сондай-ақ, қазіргі уақытта Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінде жоғарғы әскери оқу орындары – Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына, Радиоэлектроника және байланыс әскери институтына, Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтына және Щучинск қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжге кандидаттар іріктеу жүргізілуде. Әскери институттар білікті офицерлер дайындаса, Әскери колледж кәсіби сержанттарды дайындайды. Бүгінгі күнге Алматы қаласындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтына-5, Радиоэлектроника және байланыс әскери институтына-2, Ақтөбе қаласындағы Т.Бигельдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері әскери институтына-2, Ш.Уәлиханов атындағы Әскери колледжге-1 кандидат іріктеліп, құжаттары толық рәсімделіп, оқу орнынан шақырту күтіп отыр.
Биылғы жылы 2008 жылы туған ер азаматтарды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Нақты айтқанда, «SmartDataUkimet» ақпараттық-талдау жүйесін пайдалану арқылы жасы 17-ге толған 418 ер азамат проактивті форматта Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөліміне әскери есепке тіркелді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әскер мен жастар арасындағы байланысты нығайту және жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Шу қаласында және әр ауылдық округте сол округтен әскер қатарына шақырылған азаматтардың суреттері баннерге орналастырылды. Ағымдағы жылдың 11 сәуірінде аудандағы Мәдениет үйінде әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімі ұйымдастырылып, оларға бағалы сыйлықтар тапсырылды. Аудан көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде аталған тақырыпқа арналған плакаттар орналастырылған. Сондай-ақ, Шу ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әлеуметтік желідегі сайтында бөлімнің тыныс-тіршілігі туралы ақпараттар тұрақты түрде жарияланып тұрады.
Тағы бір айта кететін жайт, жуырда өзім Алматы қаласындағы 42 жылдық тарихы бар Райымбек атындағы арнайы мақсаттағы десанттық шабуылшылар бригадасында болып қайттым. Мұндағы мақсат – Шу ауданынан барған мерзімді әскери қызметтегі Отан қорғаушылардың тыныс-тіршілігін өз көзімізбен көріп, жан-жақты танысу болатын. Отыз сегізінші десанттық шабуылдау бригадасының тәрбие және идеология жұмыстары жөніндегі орынбасары Дәурен Төлебаев арнайы келген қонақтарды әскери қызметшілердің бір күндік тынысымен таныстырды. Оның айтуынша, әуе-десант дайындығы парашютпен түсуге және қарсылас тылында жауынгерлік міндетті орындауға үйретуге бағытталған. Жас сарбаздар осы бағыттағы өзге де әдіс-тәсілдерді үйреніп, жан-жақты шыңдалады. Райымбек атындағы арнайы мақсаттағы десанттық шабуылшылар бригадасының жалпы тыныс-тіршілігіне көңіліміз толып қайттық.
Енді, осы айда аудандық Жастар ресурстық орталығы мекемесімен бірлесіп, әр ауылдық округтен екі-үш жасты сол орынға апарып, жұмысымен таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Өйткені, қазір кейбір жұртшылық өкілдерінің санасында әскер туралы жағымсыз пікірлер қалыптасқан. Біздің мақсат жастарды олардың ұстанымына кері әсер ететін алып-қашпа сөздерден алшақ ұстау. Мұның барлығы жастарды әскери-патриоттық тәрбиеге баулу жолындағы жұмыстар болып табылады. Сол себептен, аудан жастарын өздерінің азаматтық әскери борышын өз уақытында өтеп, ел патриоты болуға шақырамын.
-Мәдениет пен өнер – халықтың айнасы деп жатамыз. Өз тума талантымен есімі елімізге, қала берді өзге елдерге танылып жатқан жерлестеріміздің мұндай биік белестерден көрінуі аталмыш салаға қолдау болғанда ғана көрініс беретіні анық. Сондай-ақ, аудан өміріндегі түрлі мерекелік, өзге де мәдени, әдеби шаралар жергілікті мәдениет бөлімінің жұмысымен тікелей байланысты. Аталмыш саланың бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігі жайында не айтасыз?
-Ауданымыздың 35 елді мекенінде 46 мәдени ошақ халыққа қызмет етуде. Олардың 21-і мәдениет үйлері мен клубтар, 25-і кітапхана. Халық саны 1000-ға жетпегендіктен, 14 елді мекен ҚР Мәдениет және спорт министрінің 2019 жылғы 22 сәуірдегі №113 бұйрығымен бекітілген «Елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесі» талаптарына сәйкес келмегендіктен, мәдениет нысанымен қамтылмаған. Аталмыш салаға ағымдағы жылы да тиісті қаражат бөлініп, ол өзіндік мақсаттарға бағытталып отыр. Мысалы, сала бойынша 2025 жылға 1152 млн 389 мың теңге (мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі – 33 млн 759 мың теңге, мәдени-демалыс жұмысын қолдау бағдарламасы – аудандық мәдениет үйі – 791 млн 689 мың теңге, кітапхана – 326 млн 941 мың теңге, оның ішінде кітап қорын толықтыруға 2 млн теңге, активтер-ноутбуктар сатып алуға 10 млн теңге) бөлінді. Шу ауданындағы 21 мәдениет үйі мен ауылдық клубтардың 13-і типтік ғимаратта орналасқан. Ауданда жеке ғимараты жоқ ауылдық клубтардың бары да жасырын емес. Олардың саны – 7 (Мойынқұм, Ақтөбе, Алға, Белбасар, Жаңа жол, Далақайнар, Баласағұн). Ал, Тасөткел ауылдық клубы 2023 жылғы 1 қарашадан ашылып, қаулыға сәйкес бір штат берілді. 2022 жылы қолға алынған Белбасар ауылдық мәдениет үйінің құрылысының аяқталуы 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленген.
2024-2030 жылдарға арналған Жамбыл облысы бойынша мәдениет саласының перспективалық жобасының тізіміне сәйкес, 2025-2026 жылдарға Жаңа жол, 2026-2027 жылдарға Ақсу және Далақайнар, 2027-2028 жылдарға Ақтөбе, Алға және Мойынқұм ауылдық мәдениет үйлерінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында 241 іс-шара өткізіліп, оған 32890 көрермен қамтылды. Оның ішінде 226 іс-шара «Фейсбук», «Инстаграм» әлеуметтік желілеріне жүктеліп, 353624 қаралым жинады.
Аудандағы 25 кітапхананың 3-і типтік ғимаратта, 12-і мәдениет үйлері мен ауылдық клубтарда, 8-і округ әкімдерінің ғимаратында, 1-і білім бөліміне қарасты Оқушылар сарайында, 1-і жалдамалы ғимаратта орналасқан. 25 кітапхананың барлығы компьютермен қамтамасыз етіліп, РАБИС (Республикалық автоматтандырылған кітапханалық–ақпараттық жүйе бағдарламасы) бағдарламасы орнатылған.
Аудан бойынша Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіштер саны 32, қазіргі уақытта ескерткіштердің жағдайы жақсы, жыл ішінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп тұрады. 2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс боздақтарына арналған ескерткіштерге күрделі жөндеу (қажет болған жағдайда) және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге ауылдық округтер бойынша 2025 жылға ЖСҚ дайындалып, бюджетке өтінім берілді. Ал, өткен жылы Мойынқұм ауылында орналасқан «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40 жылдығына арналған ескерткіш», «Халықтар достығы» мемориалдық монументі және Шу-Мойынқұм автожол бойындағы мұсылмандар зиратында орналасқан Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіровтың ескерткішіне жер пайдалану құқығы беріліп, заңдастырылды. Сонымен қатар, Бірлікүстем ауылында орналасқан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне және Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлерге арналған ескерткіштерге жер пайдалану құқығын беру туралы өтініш аудандық жер комиссиясында қаралып, оң шешімін тапты. Құжаттары заңдастырылып, жер пайдалану құқығы берілді. Ақтөбе ауылындағы орталық саябақта орналасқан ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткіштің құжаттары да рәсімделіп, жер пайдалану құқығы беріліп, заңдастырылды.
Мектептердің атауын өзгерту, көшелерге атау беру, мән-мағынасы ескірген көшелерді қайта атау жұмыстары да тиісті деңгейде жүзеге асырылуда. Аудандағы атау берілмеген 13 білім нысанына, 1 аудандық кітапханаға атау беру мақсатында құжаттар жинақталды. Шу ауданы әкімдігі жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы тобының 2025 жылға арналған жұмыс жоспары құрылып, бекітілді.
Алдағы жоспар жөнінде айтар болсақ, Бірлік, Көкқайнар, Сауытбек және аудандық орталық кітапхана ғимаратын көгілдір отынға қосу, Шу қалалық №2 кітапхананың жылу жүйесіне күрделі жөндеу жүргізу, ауылдық клубтардың аппаратураларын жаңарту, ұлттық аспаптармен қамтамасыз ету – негізгі мақсаттардың бірі болып отыр.
-Соңғы кездері мәдениет саласына қатысты тың бастамалар қолға алынып, ол елді мекендерде жүзеге асырылып, өз жемісін беріп жатқандығын аңғарып жүрміз. Осы бағытта қоғамда орын алған оң өзгерістер жайында айтып өтсеңіз.
-Бұл тұста ауданымызда енді ғана қолға алынып, кейбір орталарда қалыптасып келе жатқан той мәдениеті туралы айтар едім. Бұл тақырыпта біз тиісті тұлғалардың қатысуымен үлкен жиын өткізіп, сол жиынның барысында ас беру кезінде қазалы үй иесінің аста-төк дастархан жасауының орынсыздығы яғни, ысырапшылдық, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің түнгі уақытта тойханаларда қызмет етуі, тойдың ерте басталып, ерте аяқталуы, бишілер қауымының көпшілік ортада ұлттық билерді насихаттауының маңыздылығы, тойды жүргізу тәртібі, яғни асабалардың мәдениеттілігі, фотографтардың да өз жұмысына қырағы болуы сынды көптеген өзекті мәселелерді көтерген болатынбыз. Осы жиында қозғалған мәселені айтылған жерде қалдырмай, біртіндеп қолданысқа енгізу жолында жұмыс жасай беретін боламыз. Оған бірінші кезекте халықтың ықыласы жоғары болуы маңызды.
Сонымен қатар, біраз уақыт бұрын ауданымызда «Ішімдіксіз ауыл» жобасының қолға алынғаны белгілі. Бастама жаман емес. Бүгінгі таңда Бөлтірік, Тасөткел, Жиенбет ауылдары той-жиындарында ішімдік қоюдан бас тартып, жобаның жүзеге асуына ұйытқы болып отыр. Бұл өзге ауылдарда да лайықты жалғасады деп сенемін. Өйткені, бұл жобаны ауданға қарасты барлық ауылдық округтер және алғаш болып біздің ауданымызда қолға алынған осы игі бастаманы облыс қолдауда. Аталған тың бастама ауданымызда жаппай жүзеге асырылып жатса, нұр үстіне нұр.
-Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Динара Батырхаирова.