Ақпараттық портал

Жедел-профилактикалық іс-шара өтті

Жуырда облыс аумағында “Қарасора-2025” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы ресми түрде басталды. Осыған орай, өткен сейсенбіде ауданымызда жастардың, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдерінің және есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі Кеңес мүшелерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті.

Аудан орталығы – Төле би ауылының орталық алаңында өткен шара барысында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров сөз сөйлеп, нашақорлықтың алдын алуда бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтіп, ұйымдастырылған іс-шараның айтарлықтай нәтиже беретініне сенім білдіретінін жеткізді.
Ал, облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Малыбаев ел Президентінің Жолдауында айтылған басым міндеттердің бірі – есірткіге қарсы күрес екендігін назарға салып, есірткі қылмысының алдын алу шаралары мен осы бағытта атқарылған өзге де жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, есірткі тасымалдау арналарын анықтау мен жоюды, есірткіні елдің оңтүстік өңірлерінде дайындап, әкетуге қарсы іс-қимылды күшейтуді, сондай-ақ тыйым салынған заттарды, оның ішінде олардың жаңа түрлерін таратуға арнайы маманданған ұйымдасқан қылмыстық топтар әрекетінің жолын кесуді тапсырды.
Мұнан кейін, облыстық полиция департаментінің кинология орталығы қызметкерлерінің қызметтік көріністері, қызметтік иттермен жұмыс, есірткі қылмысына қарсы күресте қолданылатын техникалар көрсетілімі назарға ұсынылып, орталық алаңда өткен шара соңында күннің ыстығында ашық аспан астында тұрып, шараға қатысқан жұртшылық өкілдеріне ұйымдастырушылар тарапынан балмұздақ таратылды.
“Қарасора-2025” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тауып, облысқа қарасты бірнеше аудандардағы аудандық полиция бөлімдері бастықтарының қатысуымен өткен кеңесте бірінші кезекте Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабековтің және аудан прокуроры Қайыржан Қуатбековтың, «Жаңажол холдинг» ЖШС басшысы Ким Александровичтің баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ, кеңес барысында облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы ауқымды баяндама жасады.
Жалпы, кеңес барысында Н.Календеров есірткі қылмысының алдын алуда профилактикалық жұмыстарға баса назар аудару қажеттігін айтып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, шараны ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сүйенсек, өткен жылы Жамбыл облысында “Қарасора-2024” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу шеңберінде есірткі құқықбұзушылығының 203 дерегі анықталып, оның ішінде 76 есірткі қылмысы және 127 қылмыстық теріс қылық дерегі тіркелген. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық түрлі есірткі құралдары, оның ішінде 2 келіден астам синтетикалық есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, есірткі өсімдігін шабу және өртеу жолымен 1000 тоннадан астам жабайы қарасора жойылған. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 780 тоннаға артық.

Динара Батырхаирова.

Leave A Reply

Your email address will not be published.